Жамбыл облысында әйел екі баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберген
Жамбыл облысында 36 жастағы әйел өз үйінде бесінші қабаттың терезесінен 4 жастағы қызы мен 2 жастағы ұлын лақтырып жіберген, деп хабарлайды arainfo.kz
Алдын ала деректерге сәйкес, оқиға алдында ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Күйеуі пәтерден шығып кеткеннен кейін әйел балаларын бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен кезек-кезек лақтырып жіберген. Кейін өзі де секірмек болғанымен, райынан қайтқан.
Абырой болғанда, екі бала да тірі қалған. Алайда олардың жағдайы ауыр. Дәрігерлер бүлдіршіндерге политравма диагнозын қойды. Қазіргі уақытта олар Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Аталған дерек бойынша екі жас баланы өлтіруге оқталу фактісімен Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.