«Волонтерлік» ұғымын Конституцияда бекітуді ұсынылды
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда конституциялық деңгейде волонтерлікті ынталандыруды бекіту қажет деген бастама көтерді.
Вера Ким Мемлекет басшысының еріктілер қозғалысына тұрақты түрде қолдау көрсететінін еске салды. Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында ауқымды көлемде өткен Еріктілер форумы осының жарқын дәлелі болды.
Оның айтуынша, бұл бапта әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етудегі мемлекет ынталандыратын қоғамның қатысу нысандары келтірілген. Атап айтқанда, онда сақтандырумен қайырымдылық көрсетілген, бірақ басқа маңызды нысан – азаматтардың жеке өтеусіз еңбегі көрсетілмеген.
Депутат «волонтерлік» сөзі норманы логикалық түрде толықтыратынын, өйткені бұл жағдайда мемлекет тек ресурстар мен тетіктерді ғана емес, азаматтардың да қатысуын ынталандыратынын атап көрсетті.
Сондай-ақ Вера Ким сауалнамаларға сәйкес әрбір сегізінші қазақстандықтың волонтерлік тәжірибесі бар екендігін көрсететін деректерге тоқталды. Ресми мәліметтер бойынша, еріктілікке 300 мыңға жуық адам тартылған, 800-ден астам ұйым мен 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді.
Сонымен қатар ол қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы еріктілердіңерекше рөлін атап өтті.
Вера Кимнің айтуынша, олар өздерінің нақты әрекеттерімен табиғатқа және қоршаған ортаға деген жауапкершілікке ұқыпты қараудың үлгісін көрсетеді. Аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды сақтау және экологиялық білім беру бойынша еріктілер бастамалары арқылы табиғат құндылығы туралы практикалық түсінік қалыптасады.
Вера Ким жаңа Конституция жобасында жоғары экологиялық мәдениеттің мемлекеттің іргелі қағидаты ретінде орнығуы қоғамдық қозғалысқа жүйелі және ұзақ мерзімді сипат беретінін атап өтті.
Нәтижесінде қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік акцияға емес, білім беру, құқықтық реттеу және қоғамдық бастамалар арқылы қолдау көрсетілетін мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытына айналады.