Жаңатаста қатты жел бірнеше тұрғын үйдің шатырын ұшырды
Бүгін Жаңатас қаласында екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен қатты жел салдарынан бірқатар нысанға зақым келді, деп хабарлайды arainfo.kz
Атап айтқанда, 1-шағын аудандағы №32, 33, 34, 35 үйлердің, 3-шағын аудандағы №6 үйдің, сондай-ақ 4-шағын аудандағы №15 және №15 «а» тұрғын үйлердің шатырлары жартылай ұшқан. Сонымен қатар Бейбітшілік көшесіндегі ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр жарығы уақытша сөндірілген.
Қазіргі таңда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, зерделеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында.