Ұлы бабалар ілімі – ұлт руханиятының ұстыны
Ұлттық құрылтайтың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізуді дәстүрге айналдыру керектігін айтты. Президент атап өткендей, Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр.
Бүгінгі күні мектептерден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру мазмұнына «Адал азамат» элементтері енгізіліп, оқу бағдарламаларында адамгершілік, патриотизм, әлеуметтік жауапкершілік бағыттары жүйелі түрде қарастырылған. Өскелең ұрпақтың бойына адалдық, еңбексүйгіштік, заңға бағынушылық сияқты құндылықтарға негізделген тәрбие арқылы жастар тәрбиесін күшейту аса маңызды.
«Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек. Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн. Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау», –деді Мемлекет басшысы.
Абайдың қара сөздері мен шығармаларын ұлттық сана мен адамгершілік тәрбиенің құралы ретінде қолданудың маңызы зор. «Абай ілімі» оқу пәнін дамыту, абайтану, оның этикалық-философиялық концепциясын оқыту – білім беру жүйесіндегі маңызды компонент. Абай ілімі жастардың өзін-өзі тануы, жауапкершілікті сезінуі және рухани дамуы үшін негіз болып табылады. «Адал азамат» тұжырымдамасы – теориялық түрде философиялық идея ғана емес, нақты қоғамдық мінез-құндылық жүйесі ретінде енгізіліп, тәрбие, білім, мәдениет салаларында жүзеге асырылады.
Абай ілімі «Адал азамат» тұжырымдамасын рухани-адамгершілік негізде толықтыратын концепция ретінде қарастырылып, ұлттық тәрбиенің басты бағыттарының бірі ретінде ұсынылуда. Ұлы ойшылдарымыздың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Жастар тәрбиесінде рухани, адами және интеллектуалдық дамудың негізі ретінде Абай шығармалары мен қара сөздерін кеңінен пайдалану, Әл-Фараби, Ясауи ілімдерін жүйелі түрде насихаттау өрлеу кезеңіне қадам басқан Қазақстан жастарының ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне тікелей ықпал етеді.
Мухамет-Умар Паншаев,
облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі