Радикалды идеологияның алдын алу – ортақ міндет
Адамзаттың дінсіз тарихы да, мәдениеті де болмаған. Тарихта дін қоғам өмірімен әрдайым астасып отырған. Кез келген халықтың тұрмыс салты, өмір сүру дағдысы, тәлім тәрбиесі мен дүниетанымы діни түсініктермен тығыз байланыста қалыптасқан. Дін адамдардың мінез құлқына ықпал етіп, ізгілік пен жауапкершілік ұғымдарын орнықтыруға қызмет етті. Сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени құндылықтар мен рухани мұра сақталып, дамып отырды.
Діннің адамзат баласының тарихында алатын орны да ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен қатар дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әртүрлі болып келген. Сол үшін сан алуан діндердің өткені мен бүгінгі жағдайы, олардың өзіндік ерекшеліктері, діннің адамзат тарихы мен мәдениетіндегі маңызын танып-білу әрбір адамзатқа рухани қажеттілік.
Ұлтымыздың жандүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін Ислам діні болды. Қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болатын.
Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және зайырлы құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін берсе, дін жолындағы ізденістердің әртүрлі мүдделі күштер ықпалымен радикалды және теріс пиғылды идеологияға арбалуы түпкі нәтижесінде тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарға соқтырады. Заманауи жаһандық діни ахуал «экстремизм феминизациясы» феноменінің қалыптасуына негіз қалауда. Жаһандық деңгейде бұл феномен төмендегі сипаттарда көрініс тауып отыр. Олар – радикалды топ мүшелері арасында әйелдер санының көбеюі және әйелдердің ғаламтордағы, әсіресе әлеуметтік желілердегі экстремистік бағыттағы ақпараттық-насихат жұмыстарына белсенді түрде араласуы.
Қазіргі Қазақстан қоғамында дәстүрлі емес діни көзқарастағы ағым өкілдері арасында оқшауланған әйел жамағаттары белгілі бір дәрежеде қалыптасып үлгерді. Олар негізінен дәстүрлі емес көзқарастағы ағым өкілдерінің отбасы мүшелері. Қазақстан жағдайында экстремизм фенимизация құбылысы өзіндік ерекшеліктерге ие. Жергілікті менталитет пен нақты өмір жағдайларына сәйкес дәстүрлі емес діни көзқарастағы әйел жамағаттары мүшелерінің бірінші кезекте отбасында көрініс табады. Ерінің нұсқауларына бағына отырып, кәмелет жасына толмаған балаларды дәстүрлі емес көзқараста тәрбие құқықтары мен бостандықтарына белгілі бір дәрежеде шектеу қоятын төмендегі әрекеттерді жүзеге асыруда. Мектеп жасындағы қыз балаларға хиджаб кигізу, балаларды «Өзін-өзі тану», «Биология» («Анатомия және физиология»), «Бейнелеу», дене тәрбиесіне, би өнеріне қатыстырмау, мектеп бағдарламасындағы жекелеген пәндер мазмұны мен зайырлы білім жүйесіне қарсы сыни көзқарас қалыптастыруда. Мұсылмандық тұрмыс салты мен ислами тәрбиені идеалдау, оны қатаң ұстана отырып, зайырлы өмір салты мен зайырлы негіздегі тәрбиені терістеу. Осы ерекшеліктерде радикалды идеялардың таралуына мүдделі күштер өз мақсаттарына пайдалана отырып, экстремизм фенимизациясын күшейте түсуде.
Мемлекеттік мекемелердегі қыздар мен әйелдер аудиториясымен жүргізілетін алдын алу шараларының негізгі мақсаты олардың зайырлы көзқарасын нығайту және мемлекеттік конфессиялық қатынастар туралы түсінік қалыптастыру. Сонымен қатар қазіргі діни ахуал туралы ақпарат беріліп, конфессияаралық бірліктің маңызы түсіндіріледі. Теріс діни және радикалды ағымдардың іс әрекеті мен зардабы жайлы мәлімет ұсынылып, олардан сақтану жолдары таныстырылады. Осы бағыттағы жұмыстар дәстүрлі рухани мәдениет жөніндегі білімді тереңдетуге, ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыруға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сіңіруге ықпал етеді.
Бұл міндеттер сырттай қарағанда діни санамен тікелей ұштаспайтындай көрінеді. Алайда олар өзара сабақтаса отырып, тұлғаның рухани сұраныстарын қажетті деңгейде қанағаттандыра алады. Себебі кез келген адам дінді жеке сенім ретінде ғана емес, рухани құндылықтарымен, жеке ұстанымдарымен және өмір сүру салтымен тұтас қабылдайды. Осындай жұмыстарды кешенді түрде жүзеге асыру рухани деңгейі жоғары, зайырлы көзқарасы қалыптасқан, толыққанды тұлғалардың жетілуіне жол ашады. Мұндай ортада қалыптасқан аудиторияның дүниетанымы жан жақты дамып, теріс пиғылды ағымдарға қарсы ішкі беріктігі күшейеді, психологиялық ықпалға оңай берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті нығайған тұлғалар қалыптасады.
Сәуле АРҒЫНБАЕВА,
Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығының
Діни істері бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы-теолог