Қоғам

Қауіп қайдан демеңіз...

Облыс құтқарушылары тынымсыз рейдтер өткізіп, ел ішіндегі қауіптің алдын алу ісіне әр кез сақадай сай жүреді. Қысқы кезеңде табиғат тосын мінез танытып, тұрмыстық қауіп көбейетін шақта мамандардың жұмысы бұрынғыдан да қыза түседі. Әр ауданда ұйымдастырылған кездесулер мен тексерулер тұрғындардың алаңсыз тіршілігін сақтауға бағытталған жүйелі еңбектің көрінісіне айналды.

Жуалы ауданында төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ауылдық округ әкімдерімен бірлесе су басу қаупі бар аумақтарды аралап шықты. Қар жамылғысының қалыңдығы, жер бедерінің қатуы, өзендер мен каналдардың жай-күйі жіті қаралды. Су өткізу құрылыстары мен көпірлердің ахуалына назар аударылып, қар мол еріген тұста судың жолы бөгелмеуі үшін қажетті тұстар белгіленді. Осындай алдын ала бақылау жұмыстары көктемгі кезеңдегі қауіптің бетін қайтаруға сеп болады.

Байзақ ауданындағы Үлгілі ауылында құтқарушылар тұрғындармен жүздесіп, тұрмыстағы қарапайым сақтық шараларын кеңінен түсіндірді. Пеш жағу мәдениеті, улы газдан сақтану, балаларды қараусыз қалдырмау жайы сөз болды. Терезеден құлау оқиғаларының алдын алу, автокөліктегі қауіпсіздік пен жер сілкінісі кезіндегі әрекет тәртібі де жан жақты айтылды. Мұндай кездесулер ауыл тұрғындарының қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыра түседі.

Меркі ауданында да түсіндіру жұмыстары жалғасты. Сарымолдаев пен Жаңатоған ауылдық округтерінде өткен жүздесулерде тұрғындарға пеш пен электр жылытқыштарын ұқыпты пайдалану жолдары көрсетілді. Қысқы суықта жылу көздерін жиі қолдану өрт шығу қаупін күшейтетіні ескертіліп, тұрмыстағы ұсақ қателіктің үлкен қайғыға ұласуы мүмкін екені айтылды. Қауіпті жағдай туындаса, жедел қызметтердің 112 нөміріне дереу хабарласу керектігі де түсіндірілді.

Өңір құтқарушылары тек адамдардың ғана емес, тіршілік иелерінің де амандығына бейжай қарамайды. Темір қоршау мен үйдің бұрышы арасында қыстырылып қалған итті құтқару үшін жедел жеткен мамандар арнайы құралдардың көмегімен жануарды босатып, иелеріне тапсырды. Бұл оқиға олардың қызметінде ұсақ іс болмайтынын тағы бір мәрте көрсетті.

Қауіптің алдын алу үшін жасалып жатқан осындай жұмыстар ел ішіндегі тыныштықтың берік қалқанына айналып отыр. Қарапайым сақтық пен жауапкершілік әр шаңырақтың амандығын сақтайтынын құтқарушылар әр кездесуде еске салып келеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ