Әмбебап құтқарушылар әрдайым байланыста
Дәл қазіргі уақытта ойламаған жерден еліміздің бір өңірінде апатты жағдай болып жатуы мүмкін. Осындай сын сағаттарда халыққа бірінші болып төтенше жағдай қызметкерлері, полиция мен жедел жәрдем мамандары жетеді. Қауіптің ортасында жүріп, адам өмірін сақтауға атсалысатын тағы бір ерекше топ бар. Олар – Апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары.
Бұл мамандарды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Дегенмен олардың еңбегі орасан. Орталық мамандары қажетті уақытта дәрігер де, құтқарушы да, психолог та бола алады. Әмбебап дайындықтан өткен бұл жандар апат аймағында тәулік бойы қызмет көрсетіп, адам өмірін сақтауды басты мақсат етеді.
Апаттар медицинасы орталығы еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Мұндай маңызды мекеме біздің облыста да халыққа қызмет көрсетіп келеді. Орталық мамандары кез келген төтенше жағдайға дайын тұрып, жедел әрекет етуге машықтанған. Қазіргі уақытта облыс бойынша Апаттар медицинасы орталығына дәрігер Бақытжан Мақұлбеков жетекшілік етеді. Ол бұл қызметке 2024 жылдың сәуір айында тағайындалып, содан бері ұжым жұмысын жаңа бағытта үйлестіріп келеді.

Бүгінде орталық құрамында 23 қызметкер еңбек етеді. Одан бөлек төтенше медициналық көмек көрсету бөлімшелерінде тағы 30 маман қызмет атқарады. Әр бригада құрамында дәрігер мен фельдшерден бөлек, фельдшер диспетчер, психолог, жүргізуші санитар және құтқарушы санитар секілді сирек кездесетін мамандық иелері бар. Осындай көпсалалы құрамның арқасында науқастарға алғашқы көмек жан-жақты көрсетіліп, төтенше жағдай орын алған сәттен бастап үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік туады. Орталық мамандары кәсіби шеберлікті үнемі шыңдап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірлесе еңбек етіп келеді.
Орталық басшысының айтуынша, елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезінде мекеме мамандары талай сын сағатта адам өміріне араша түсті. Соның бір дәлелі ретінде 2024 жылғы көктемгі су тасқынын айтуға болады. Табиғат тосын мінез танытқан шақта бригада құрамындағы Алмас Шыншер мен Тимур Сансызбаев Ақмола облысына арнайы көмек көрсетуге жіберіліпті.

Жан жылытатын осындай ерлікке толы оқиғалар орталық мамандарының күнделікті қызметі кәсіби міндетпен шектелмейтінін көрсетеді. Олар қауіп пен үміт қатар тұрған сәттерде сабыр сақтап, адам тағдырына жауапкершілікпен қарай білетін жандар екенін дәлелдеп келеді.
Бақытжан Пернебайұлы Апаттар медицинасы орталығы мамандарының кәсіби дайындығы халықаралық талаптарға сай болуы үшін оқу-жаттығулар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын айтып өтті. Бригадалар Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруімен ұлттық және өңірлік оқу базаларында, орталықтың республикалық оқу орталықтарында, облыстық филиалдар алаңында және арнайы симуляциялық орталықтарда тәжірибеден өтеді. Мұндай жаттығуларда жарақат алған науқастарға көмек көрсету, жаппай зақымдану жағдайында сұрыптау жүргізу, күрделі сценарийлерге жедел әрекет ету секілді дағдылар пысықталады. Сонымен қатар халықаралық оқу миссиялары аясында далалық жағдайдағы практикалық жаттығулар да жиі өткізіледі. Жер сілкінісі мен су тасқыны, техногендік апаттар сияқты түрлі жағдайлар үлгі ретінде алынып, көшпелі госпиталь орналастыру, аэромедициналық эвакуация жүргізу тәсілдері жан-жақты сыналады.
Ұжым ішінде кәсібилігімен көпке үлгі болған азаматтар аз емес. Соның ішінде жоғары санаттағы шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің дәрігері Нұралы Сүлейменов пен фельдшер Азиза Шарипованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Нұралы Юлчибекович күрделі жағдайларда сабыр сақтап, науқасқа дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білетін тәжірибелі маман ретінде әріптестерінің құрметіне ие. Ал Азиза Рустамжанқызы орталық құрылған 2014 жылдан бері филиалда адал қызмет атқарып, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және кәсіби біліктілігімен ұжымның ұйытқысына айналған жан. Осындай өз ісіне берілген мамандардың арқасында орталықтың абыройы артып, халыққа көрсетілетін көмек сапасы жылдан жылға нығайып келеді.
Айта кету керек, өткен жылы орталық мамандары түрлі төтенше жағдайларда 312 адамның өмірін сақтап қалуға атсалысып, 105 азаматты қауіпсіз аймаққа көшіруге көмектесті. Сондай-ақ 241 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліпті. Авариялық құтқару және шұғыл кезек күттірмейтін жұмыстар аясында 503 рет шығу ұйымдастырылып, әрбір шақыртуда мамандар жедел әрекет етіп, кәсіби шеберліктерін танытқан.
Мекеменің материалдық-техникалық базасы талапқа сай жасақталған. Орталық қазіргі уақытта заман талабына сай санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілген. Әр көлік ішінде қажетті медициналық құрал-жабдықтар, алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектер және құтқару жұмыстарына арналған арнайы жабдықтар бар. Қолданыстағы техника күнделікті қызметке жеткілікті болғанымен, төтенше жағдайлардың күрделене түсуіне байланысты кейбір жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту қажеттілігі де байқалады. Әсіресе заманауи байланыс құралдары мен далалық жағдайда ұзақ жұмыс істеуге арналған қосымша техникаларды жетілдіру өзекті бағыттардың бірі саналады.
Бүгінде орталық Тараз қаласы «Қаратау» ықшамауданы №42 мекенжайда орналасқан өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында қызмет атқарады. Төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бір ғимаратта орналасу мамандардың жедел әрі үйлесімді әрекет етуіне мүмкіндік беріп, тұрғындарға уақытылы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасайды. Алайда халықтың ақ батасын алып, ел құрметіне бөленіп жүрген құтқарушыларды алаңдататын жайттар да жоқ емес. Мекеме жетекшісі Бақытжан Пернебайұлының айтуынша, қызметкерлерді алаңдататын мәселелердің қатарында құқықтық мәртебе мен әлеуметтік кепілдіктер бар.
Төтенше жағдайлар кезінде Апаттар медицинасы орталығы үшін өзге құрылымдармен өзара үйлесімді байланыс ерекше мәнге ие. Себебі апат аймағында әрбір шешімнің жедел әрі нақты қабылдануы адам өміріне тікелей әсер етеді. Осы мақсатта орталық жергілікті штабтар құрамында полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру бөлімдерімен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Ерекше оқиғалар орын алған сәтте мамандар тактикалық операциялық жиналыстарға қатысып, қажетті ақпаратты нақты уақытта бөліседі. Полиция қызметкерлерімен бірге зардап шеккендерді құтқару бағыттары айқындалып, көлік қозғалысы реттеледі, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал жедел жәрдем қызметімен медициналық эвакуацияны үйлестіру, далалық госпиталь мен стационар арасындағы пациенттерді тасымалдау және қосымша медициналық күштерді жұмылдыру жұмыстары қатар атқарылады. Өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерімен қирандылар арасынан адамдарды шығару, су басқан аумақтарда әрекет ету және медициналық топтардың оқиға орнына кедергісіз жетуіне жағдай жасау бағытында тығыз байланыс орнаған. Орталық ұжымы кәсіби еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болып келеді. Жоспарлы және жоспардан тыс оқу-жаттығуларға белсенді қатысқан қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталған. 2024 жылы республика аумағындағы су тасқыны салдарын жою жұмыстарына белсене атсалысқаны үшін облыстық Апаттар медицинасы орталығы Төтенше жағдайлар министрлігінің грамотасына ие болыпты. Ал 2025 жылдың 28-31 наурызы аралығында Меркі ауданында орын алған жер сілкінісі кезінде көрсеткен медициналық көмегі үшін орталық қызметкерлері облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Байқағанымыздай, орталықта жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Дегенмен оны жетілдіре түсу үшін алға қойылған міндеттер де аз емес. Басшының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыру жоспарланып отыр екен. Мамандар төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын қысқартып, жаппай зақымдану жағдайларында «triage» жүйесінің тиімділігін жетілдіруге күш салмақ. Далалық жағдайда көрсетілетін медициналық көмекті халықаралық талаптарға барынша жақындату, материалдық-техникалық базаны нығайту және санитарлық автокөліктер мен жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту да басты назарда тұр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ