Әлеумет

Шәкірттер атымен емес, нәтижесімен қуантады

Еліміздің дамуында жоғары білім беру жүйесі мен ғылымның орны айрықша. Университеттерде жүзеге асып жатқан өзгерістер, оқытушы мен студент арасындағы сабақтастық, жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселелері бүгінде өзекті. Осы тақырыптар төңірегінде біз М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі Бақытжан Мақашевпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында ол жоғары оқу орындарының міндеті, білім сапасын арттыру жолдары, ғылым мен тәрбиенің өзара байланысы жөнінде келелі ой қозғады.

– Бақытжан Мақанұлы, білім саласында мектеп пен университеттің рөлі қандай? Жалпы жоғары оқу орындарында студенттердің сыни ойлау қабілетін дамыту үшін қандай әдістерді қолданған тиімді деп санайсыз?

– Мектеп пен университет ұлт ұрпағына білім берумен қатар адамның ойлау мәдениетін, моральдық бағдарын қалыптастырумен де айналысады. Мәселен, мектеп адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды енгізетін алғашқы орта болса, университет студентті сыни ойлауға, зерттеуге, пікірталас жүргізуге үйретеді. Сондықтан жоғары оқу орындары студентке тек білім беріп қана қоймай, әділдік пен адалдық мәдениетін күнделікті іс-қимылмен көрсетуі керек.

Сыни ойлау қабілетін дамыту үшін ең тиімді әдіс – пікірталас, дебат, зерттеу жобалары, кейс-стади, проблемалық сабақтар және қоғамдық бақылау тәжірибесі. Студент өз шешімін дәлелдеп, ақпаратты талдай білуі тиіс. Егер университеттер бұл бағытқа белсенді назар аудармаса, студенттер тек білім алады да ойлау мәдениеті мен моральдық бағдардан қалыс қалады.

– Жыл сайын көптеген журналистерді дайындап шығаруға атсалысасыз. Қазіргі журналистика мен медиа саласында басты өзгерістер қандай? Студенттер осы өзгерістерге қалай бейімделуі керек?

– Қазіргі журналистика мен медиа саласы бұрынғыдан мүлде өзгеше. Ақпарат енді тек газет бетінде немесе телеэкранда ғана емес, елге әлеуметтік желілер, онлайн-платформалар, блогтар мен видеохостингтер арқылы тарайды. Бұл журналистиканы жылдам, мультимедиялық, интерактивті етеді. Бірақ сол арқылы жаңа сын-қатерлерді де әкелді. Ең алдымен ақпараттың шынайылығын тексеру қиындады. Атап айтсақ, фейк жаңалықтар, манипуляциялар, жарнама мен PR-дың араласуы оқырманның сенімін шайқайды. Сонымен қатар аудиторияның назары қысқара түсті, бәсеке өткен күнге қарағанда қатайды, ал журналистердің кәсіби этикасы мен жауапкершілігі бұрынғыдан да маңызды. Қандайда бір қателік бір сәтте бүкіл аудиторияға таралып кетуі мүмкін.

Студенттер бұл жаңа жағдайға бейімделуі үшін бірнеше маңызды қабілеттерді дамытуы керек. Біріншіден, цифрлық сауаттылық – әлеуметтік желілерді, мультимедиялық құралдарды, онлайн платформаларды тиімді пайдалана білу. Екіншіден, сыни ойлау – ақпаратты тексеру, фейктер мен манипуляцияларды анықтау қабілеті, деректерді талдау және өз қорытындысын дәлелдей білу. Үшіншіден, көпформатты журналистика – мәтін, видео, подкаст, инфографика сияқты әртүрлі форматта ақпаратты жеткізе білу. Төртіншіден, жылдам бейімделу және жаңашылдыққа икемділік – технологиялар мен аудитория талғамы өте жылдам өзгеретіндіктен, студент жаңа құрал мен әдісті тез меңгеруі тиіс. Яғни, қазіргі медиа студент үшін ақпарат тарататын орын және шығармашылық, зерттеу және аналитика жүргізетін алаң болып отыр. Студент тек техниканы меңгеріп қана қоймай, этика мен жауапкершілікті ұмытпай, ақпаратты сыни тұрғыдан талдай білуі қажет. Егер бұл қабілеттер жетіспесе, журналист тек ақпарат жеткізушіге айналып қана қоймай, қоғамдағы манипуляция мен жалған жаңалықтың таралуына ықпал ететін құралға айналуы мүмкін.

Жастар тәрбиесінде бізге не жетіспей жатыр? «Отбасы, мектеп, қоғам, әлеуметтік желі» деп алсақ, жастар үшін осының қайсысының әсері күшті болып тұр? Ұлттық құндылықтарды жастардың бойына қалай сіңірсек болады?

– Жастар тәрбиесінде біз әлі де көп нәрседен қалып барамыз. Қазіргі қоғамда ақпарат ағымы тым жылдам, технология мен әлеуметтік желінің әсері орасан зор. Ал отбасы, мектеп, университет секілді дәстүрлі тәрбие институттары біршама артта қалып бара жатқандай. Егер «отбасы, мектеп, қоғам, әлеуметтік желі» деген арақатынасты алып қарасақ, бүгінгі күні жастарға ең үлкен ықпал әлеуметтік желі тарапынан болып жатыр. Олар күн сайын шексіз ақпаратты қабылдайды, көбіне оны сыни тұрғыдан талдамайды, фейк немесе шетелдік мәдени үлгілерді бойларына шектеусіз сіңіреді. Сол себепті ұлттық құндылықтардың әсері әлсірейді, кейде мүлде ығыстырылып шығады.

Отбасының рөлі қоғам үшін әлі де маңызды, бірақ қазіргі жағдайда ата-аналар көбіне жұмысбастылық немесе технологиялық сауатсыздыққа байланысты балалардың онлайн белсенділігін толық бақылауда ұстай алмайды. Мектеп пен университет тек ақпараттық-танымдық білім береді, бірақ рухани, мәдени, этикалық құндылықтарды жеткізуде әлсіз. Қоғамдық орта да кейде ұлттық мәдениетті насихаттамайды, коммерциялық мәдениет, сән мен тренд жастарға ерекше ықпал етуде.

Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін нақты, жүйелі шаралар қажет. Біріншіден, отбасыдағы тәрбие белсенді болуы тиіс, ата-ана, ата-әже секілді жасы үлкендер балаға қамқорлық көрсетумен қатар күнделікті өмірде ұлттық мәдениеттің не екенін, дәстүр, әдеп, адалдық сияқты құндылықтарды ұғындырып отыруы керек. Екіншіден, мектеп пен университет бағдарламаларына рухани-мәдени компонент енгізудің маңызы айрықша. Себебі ұлттық өнер, әдебиет, тарих, тәжірибелік сабақтар арқылы жастарды тәрбиелеудің жөні бөлек. Үшіншіден, қоғам мен медиа ресурстарын дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Мысалы, телевизия, радио, онлайн платформалар, әлеуметтік желілер жастарға тек шетелдік трендтерді ұсынып қана қоймай, ұлттық құндылықты да жеткізумен айналысуы тиіс. Төртіншіден, интерактивті тәжірибелерді енгізу арқылы жастар мерекелерге, мәдени жобаларға, тарихи экскурсияларға қатысып, тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушы болу керек. Бесіншіден, сыни ойлау мен ақпараттық сауаттылықты дамыту да айрықша мәнге ие. Жастар әлеуметтік желідегі контентті тексеріп, ұлттық құндылыққа қарсы бағытталған ықпалдарды анықтай алуы шарт.

Жастар тәрбиесінде жетіспей тұрған негізгі нәрсе – жүйелілік пен үйлесім. Егер отбасы, мектеп, университет және әлеуметтік желі бір-бірімен үйлесіп, ұлттық мәдениет пен құндылықтарды өмірдің барлық саласына интеграциялай білсе, жас ұрпақ әділдік, патриотизм, жауапкершілік және ұлттық сана сезімі қалыптасқан толық адамға айналады. Ал егер бұл орындалмаса, жастар тек ақпарат тұтынушыға айналып, өз мәдениетінен алыстап, шетелдік мәдени ықпалға бой алдыруы мүмкін.

– Халық даналығында «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» деген сөз бар. Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз, табиғаты қандай, туған жеріңізде қандай мәдени-тарихи мұралар бар, оларды көзбен көруді қанша жастан бастап бастан өткердіңіз? Ұлттық құрылтайда Президент «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құруды көтерген еді. Бұл бастама қоғамға қандай пайда әкелуі мүмкін?

Мен Талас ауданының Тамды ауылында, қарт Қаратау мен бұйра толқынды Билікөлдің ортасындағы өңірде дүниеге келіп, сол жерде ержеттім. Туған жерімдегі таулардың әр қойнауы мен даласының әр сайында тарих тұнып жатыр десем артық айтқандық емес. Сақ, үйсін дәуірлерінің обалары бар, қалмақ шапқыншылығының іздері сақталған, тағы басқа көптеген тарихи және мәдени мұралар кездеседі. Балалық шағымнан бастап осы мұраларды өз көзіммен көріп, зерттеп, тарихы мен құпия-сырын білуге тырыстым. Кейбір тарихи орындар мен археологиялық ескерткіштер туралы өзімше зерттеу жүргізіп, мақалалар да жаздым. Әлі күнге халық арасынан, жазба мұралардан ел тарихын іздеп, оларды қолдан келгенше жарыққа шығарумен айналысамын.

Президенттің Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтқан «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру туралы бастамасын қолдаймын. Бұл бастама қоғамға үлкен пайда әкелетініне сенемін. Өйткені бұл заман талабына сай тарихи, мәдени және рухани мұраны тек қағаз жүзінде емес, цифрлық форматта сақтап, кез келген адамға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Енді жастар мен зерттеушілер өз өңірінің тарихын, мәдениетін және ұлттық ерекшелігін цифрлық орта арқылы танып, зерттей алады. Бұл бастама ұлттық сана мен патриотизмді, мәдени құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды іс деп ойлаймын.

Туған жердегі тарихи ескерткіштерді өз көзіммен көріп, зерттеу барысында ғылымның не екенін түсіндік, сонымен бірге рухани тәжірибе жинадық. Сондықтан «Ұлттық цифрлық мұра» арқылы бұл тәжірибе көптеген адамдарға, әсіресе жастарға қолжетімді болады деген сенімім бар. Осы арқылы ұлттық құндылық бағытында ізденіп жүрген жастар өз мәдениетін, тарихи мұрасын қадірлей білетін, саналы қоғам қалыптастыра алатын тұлғаға айналатыны сөзсіз.

Жас кезіңізде айтыс ақыны ретінде талай додаға қатыстыңыз, өнер жолы сіздің өмірлік жолыңызды таңдауға әсер етті ме?

Жас күнімізде, бозбала шағымызда айтыспен айналысуын айналыстық қой. Ауданнан, облыстан жоғары жүлде алып, тіпті республикалық айтысқа ұсынылған сәттер де болды. Ашығын айтсам, отбасылық жағдайға да байланысты айтыстан ерте қол үзіп кеттім. Ол бір-екі кезең аралығындағы қиын жылдар еді. Сенің сұрағыңа орай, бұл өнер менің болашақ өмірлік жолыма әсер етті деп айта алмаймын. Бәлкім, ел алдында еркін сөйлеуге, өткір пікір айтуға аздап дағды қалыптастырған шығар, бірақ мен жағдайға байланысты басқа саланы таңдап, білім беру бағытымен кеттім. Әлі күнге осы жолда келемін, бұған өкінген емеспін. Жаратушының маңдайға жазған тағдыры, бұйыртқан ризық-несібесі осылай болса, несіне өкінемін?! Сондықтан бұл өнер менің кейінгі өмірлік бағытымды түбегейлі айқындады деп айта алмаймын. Айтыс маған атақ та, даңқ та әкелмеді. Бірақ ел алдында ойды бүкпесіз жеткізуге, сөзге жауапкершілікпен қарауға аз да болса ықпал етті деп ойлаймын. Тағдыр мені басқа арнаға бұрды. Әр адамның өз соқпағы, өз жазмышы бар. Бұйырған несібе осылай болса, оған өкпе арту да, өкіну де артық. Қабылдау бар, шүкіршілік бар, ең  бастысы – ішкі тыныштық бар.

Ұстаз болғаннан кейін талай оқушы мектепте де, жоғары оқу орнында да алдыңызды көрді, кімдермен мақтана аласыз, үмітіңізді қайсысы, қалай ақтады?

Ұзақ жылғы еңбек жолымызда алдымыздан кімдер өтпеді?! Ұстаздық жол – бір күндік еңбек емес, бір ғұмырға татитын тағдыр. Осы жолда мектеп табалдырығынан бастап, жоғары оқу орнына дейін талай шәкірт көз алдымнан өтті. Олардың әрқайсысы – бір үміт, бір арман, бір тағдыр. Бірі жасқаншақ күйде келіп, уақыт өте өз ойын еркін айтатын деңгейге жетті, бірі алғашқы қадамын сенімсіз басса да, кейін өз саласында орны бар азаматқа айналды.

Мен мақтана алатын шәкірттер міндетті түрде атағы шыққандар емес. Мақтануға тұрарлық шәкірт алған білімін адал еңбегімен ұштастыра білген, адамдық қасиетін жоғалтпаған, өз жолын таба алған жан. Бірі ғылымға бет бұрды, бірі ұстаздықты таңдады, енді бірі қоғамда белсенді азамат болып қалыптасты. Олар менің үмітімді нақты жетістікпен емес, ішкі жауапкершілігімен, көзқарасымен, өмірге деген байыпты қарым-қатынасымен ақтады. Алдымыздан түлеп ұшқан жастардың біразы облыстық, республикалық БАҚ-да өздеріңмен әріптес болып, қызмет атқарып жүр. Олардың біразын өзің де білесің.

Кей шәкірттің жетістігін бірден көрмейсің. Ол жылдар өткен соң ғана байқалады. Кеше ғана аудиторияда отырған студенттің бүгін өз ісіне адал, сөзіне берік, әділетті азаматқа айналғанын естігенде, ұстаздық еңбектің зая кетпегенін сезесің. Сол сәтте баға да, марапат та маңызды болмай қалады.

Ұстаз үшін ең үлкен сый – шәкіртінің өз жолын адаспай табуы. Ал ең үлкен үміт – сол жолда адам болып қалуы. Менің үмітімді ақтағандар дәл осындай жандар. Олар мені атымен емес, нәтижесімен қуантады.

– Бір сәт әңгіме ауанын саяси тақырыпқа ойыстарсақ, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ҚР Парламенті Құрылтай сөзімен аталса деген ұсыныс білдірді. Парламенттің жаңа атауына қатысты сіздің ойыңыз қандай?

– Бұл өзі біз күтпеген ұсыныс болды. Негізінде «Парламент» сөзі де халықаралық деңгейде түсінікті, яғни заң шығарушы билік немесе Мәжіліс пен Сенат деген сияқты ресми, әрі формалды мәнге ие еді. Ал «Құрылтай» сөзі көне заманнан аса маңызды мемлекеттік істерді ақылдасу үшін шақырылатын тарихи, саяси жиын ретінде қалыптасқан.

Түркі қағандары мен Шыңғыс хан дәуіріндегі, одан кейінгі 1269 жылы Талас бойында, осы өзіміздің Тараз төңірегінде Үгедейдің немересі Қайду хан өткізген құрылтай, сондай-ақ, 1726 жылы Бадамдағы Ордабасы құрылтайы бәрімізге белгілі. Кейінгі жылдары елімізде осы атаумен жиын өткізу үрдіске айналды. Әрине, тілдік қолданыс, ұлттық реңк жағынан бұл сөз көпке ұнайды. Дегенмен өз басым ғасырлар бойы халық жадында аса маңызды мемлекеттік істерде ғана өткізілетін ұлы жиынның атауын, бүгінгі Мәжілістің баламасы ретінде қабылдай алмайтын сияқтымын. Себебі Мәжіліс – белгілі бір топтың жыл он екі ай тұрақты жұмыс істейтін қызметтік орны ғана. Бұрынғы құрылтайларда тарихи тұрғыда маңызды мәселелер қабылданса, қазіргі Парламентте ондай құзырет жоқ, тек заң қабылдап, оны Президентке ұсынумен шектеледі.

Өткен дәуір құрылтайлары атақты хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың басқаруымен өтсе, қазіргі Мәжіліс тек халық сайлаған депутаттардың қатысуымен өтеді. Осыларды екшей келе, екеуінің арасындағы едәуір ерекшелікті байқаймын. Дегенмен уақыт ауанына қарай өзгермей жатқан не бар? Ел басшысы осындай атау беріп, кейінгі жылдарда беделі төмендеп кеткен Мәжілістің статусын көтергісі келген шығар?! Бәлкім, бұған да алда құлағымыз үйреніп, көзіміз көндігер, оны енді уақыт көрсетеді.

– Саяси реформалар мен парламенттік жүйе аясында елімізде сайлау әділдігі қалай қамтамасыз етіледі деп ойлайсыз? Назарбаев кезеңімен салыстырғанда қазіргі жүйенің ерекшеліктері қандай, өзгешелік бар ма? Жалпы әділетті қоғам қалыптастыруда қандай жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет?

– Қазақстандағы сайлау әділдігі әлі толық қамтамасыз етілген жоқ. Қағаз жүзінде бәрі халықаралық стандартқа сай көрінеді, кандидаттар тіркеледі, дауыс санау рәсімі бар, орталық сайлау комиссиясы бақылауда. Бірақ шынайы саяси бәсеке шектеулі, халықтың ықпалы әлі аз.

Назарбаев кезеңінде билік басым, Парламенттің рөлі формалды ғана еді. Қазіргі кезеңде кей реформалар ашықтықты арттырды, көппартиялы жүйеге қадам жасалып, бақылау мүмкіндігі көбейді. Алайда тәуелсіз кандидаттар мен оппозиция әлі шектеулі, жергілікті билік ықпалы сезіледі.

Әділетті қоғам үшін тек қағаз жүзіндегі реформалар жеткіліксіз. Сайлау ашық, партиялық плюрализм шынайы болуы керек. Тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғам белсенділігін қолдау, сыбайлас жемқорлықпен күресу – басты шарт. Халық енді тек көрермен емес, нақты бақылаушы болуы қажет. Шынайы демократия – бұл тек заңда емес, халықтың белсенді қатысуы мен қоғамдағы шынайы бақылауда көрінеді. Егер біз тек рәсімдермен шектелсек, әділеттілік тек қағазда ғана қалады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес деп қалдыңыз, жемқорлық қоғамның барлық саласына тамыр жайғаны екінің біріне мәлім. Оны түпкілікті тоқтату үшін не істеуіміз керек?

– Жемқорлық Қазақстан қоғамының барлық саласына тамыр жайғаны жасырын емес, бұл ащы шындық. Білімнен бастап денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу мен кәсіпкерлікке дейін әр салада өз «құдайы ережесі» бар сияқты. Қоғамдық өмірдің әр саласына дендеп енген бұл ауруды тоқтату үшін тек сөз емес, нақты іс-қимыл қажет.

Біріншіден, саяси ерік пен жауапкершілік болуы керек. Жоғарыдан төменге дейін әрбір шенеунік заң алдында тең болуы шарт. Тек формалды жазалау немесе қағаз жүзінде бақылау жеткіліксіз – жемқорлықты көргендердің бәрі қауіпсіз және әділ жазаланатынына сенуі керек.

Екіншіден, қоғамдық бақылау мен ашықтық қажет. Барлық мемлекеттік шығындар, сатып алулар, жобалар халыққа қолжетімді болуы тиіс. Қоғамдық мониторинг пен тәуелсіз БАҚ қатаң бақылаушы рөлін атқаруы керек.

Үшіншіден, институционалдық реформалар мен цифрландырудың маңызы зор. Мемлекеттік қызметтер мен сатып алуларға цифрлық жүйелер енгізу арқылы да адамның ықпалын азайтуға болады. Әр шешім автоматтандырылған, ашық және есеп беретін болу керек.

Төртіншіден, қоғамдық сана мен тәрбиені өзгерткен жөн. Жемқорлыққа жол бермеу тек заңмен шектелмейді. Халықтың құқықтық сауаттылығы, адалдық пен жауапкершілік мәдениеті артпайынша, жемқорлық әрдайым қайта өрши береді. Жемқорлықпен күресті тек бір мекеме арқылы жүргіземіз десек немесе бұл бір ғана реформа арқылы шешіледі десек қателесеміз. Ол шындап келгенде қоғамда әділеттілікті, ашықтықты және қоғамдық белсенділікті барынша арттыру арқылы ғана нәтижеге жететін күрес түрі. Егер біз тек «тексереді, жазады, қатаң қадағалайды» деп отырсақ, жемқорлық әлі де гүлдене береді.

Қазақстанның тұрақты дамуы үшін ең алдымен не қажет? Ұлттық өндірісті дамытудағы басты кедергілерге не себеп?

– Қазақстанның тұрақты дамуы үшін ең бастысы – тәуелсіздік пен ұлттық өндірісті шынымен нығайту қажет. Қазір біз әлі күнге дейін өзгенің өнімдеріне тәуелдіміз. Тіпті стратегиялық салада да импортқа сүйеніп отырмыз. Бұл – экономикалық қауіпсіздікке тікелей қатер, халықтың әл-ауқаты мен елдің тұрақтылығына үлкен қауіп.  Қазіргі уақытта ұлттық өндірісті дамыту жолындағы кедергілер жүйелі. Мысалы, инвестициялық орта әлсіз, жаңа өндіріс ашудың шығыны көп, жеңілдетілген несие аз, әкімдік кедергілер мен бюрократия әлі де күшті. Саяси және экономикалық шешімдер тұрақсыз. Мәселен, бір министрлік жаңа бағдарлама жасаса, келесі жылы оны өзгертіп жібере салады. Инфрақұрылым жеткіліксіз, шикізатты өндіру жеңіл, бірақ оны өңдеу мен технологияны енгізу артта қалып барады.

Сонымен бірге, адам капиталы мен инновацияға көңіл аз. Біз технологиялық тәуелсіздікке ұмтылмай, әлі күнге батыстың дайын шешімдеріне сүйеніп отырмыз. Бұл – ұзақ мерзімді даму үшін тікелей қауіп.

Егер Қазақстан тек шикізатқа сүйеніп, импорт тұтынушысына айналса, ұлттық өндіріс дамымайды, ал тәуелсіздік тек сөз жүзінде қалады. Елді шынымен дамыған, тәуелсіз мемлекетке айналдыру үшін нақты саяси ерік-жігер керек. Ұлттық өндірісті қорғау маңызды, технология мен білімге инвестиция салып, бюрократиялық тосқауылдарды жоюымыз қажет. Бұл әрекеттер болмаса, біздің дамуымыз баяу болып қала береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ