Қоғам

Таңдауымыз – бірлік пен өркендеу жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында: «Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болады. Мен мұны жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда атап өттім. Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр» – деп, бір палаталы Парламент құру туралы бастамасын көтерді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатқанын сөз етті. Негізінде ел Президентінің бастамасымен қолға алынған ауқымды конституциялық реформа мемлекетті басқару жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталғанын көріп отырмыз. Өткен аптада ұсынылған Конституцияның жобасы қоғамның барлық өкілдерінің қатысуымен, азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен мыңдаған ұсыныстарды жан-жақты талдау нәтижесінде әзірленді. Жобада Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне мән берілген. Сондай-ақ аталған жобада жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау – мемлекет қызметінің негізін құраушы қағидаттары ретінде көрсетілген. Жобада адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты екені атап көрсетілген.

Азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау нормасы да бекітілмек. Отбасы мәселесіне қатысты енгізілген норма да ерекше назар аудартады.

Жалпы алғанда, жаңа Констиуция жобасы ел дамуының жаңа сапалы кезеңіне жол ашып отыр. Соңғы шешімді ел азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды. Бұл – Мемлекет басшысының ұстанымы. Ел бірлігі мен өркендеуі жолындағы батыл қадамдарды бәріміз қолдауымыз қажет.

Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,

облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі