Қоғам

Қыз болмысы – алған тәлімінен

Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде «Даналық» мектебінің жоспарына сәйкес 8-10-сыныптың оқушы қыздарына арналған «Қыздар білуі тиіс тұрмыстық қажеттіліктер» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Ұлағатты іс-шараға ұлағатты ұстаздар, өмірден көп тәжірибе жинаған аналар, сондай-ақ отбасылық береке мен бірліктің ұйытқысы болып жүрген жас келіндер арнайы шақырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – қыз баланың бос уақытын тиімді пайдалануына бағыт беру, оларды ұқыптылық пен тиянақтылыққа, ептілік пен іскерлікке тәрбиелеу. Сонымен қатар тұрмыста қажет болатын қарапайым да маңызды дағдыларды меңгерту, қолөнер бұйымдарын жасай білуге қызығушылық ояту арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру көзделді.

Іс-шара барысында аналар өз өмір тәжірибелерімен бөлісіп, отбасыдағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, үй шаруасын дұрыс ұйымдастыру секілді мәселелерге тоқталды. Қыз балаға тән ибалылық пен сабырлылық, еңбекқорлық пен жауапкершілік жайлы тағылымды әңгімелер айтылып, нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Келіндер өздерінің отбасындағы рөлі, күнделікті тұрмысты үйлестіру, уақытты дұрыс жоспарлау туралы ойларымен бөлісіп, жас қыздарға пайдалы кеңестер ұсынды.

Жиында алғашқы сөз Бауыржан Момышұлы ауылының «Аналар» алқасының төрайымы Бақыт Қанаеваға берілді. Отбасында он жылға жуық екі келінді бір шаңырақ астында ынтымақ пен бірлікте ұстай білген, жас келіндерге аналық ақыл-кеңесін аямай айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келе жатқан өнегелі қария ретінде Бақыт Сыдықбекқызының жастарға айтары мол болды.

Келесі сөз кезегі жылдар бойы білім саласында жемісті еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесімен айналысып келе жатқан ұлағатты ұстаз Айнұр Жамалбековаға берілді. Ол өз келіні Ақбота Моматаймен бірге отбасындағы тұрмысқа қажетті ақыл-кеңестерімен бөлісіп, әулет ішіндегі сыйластық пен түсіністіктің маңызын ерекше атап өтті. Ана мен келін арасындағы жарасымды қарым-қатынас, бір-біріне деген құрмет пен сенім – отбасы берекесінің басты кепілі екенін нақты өмірлік мысалдар арқылы жеткізді.

Келіні Ақбота Моматай да мұғалімдік жолда еңбек етіп жүрген, шығармашыл жас ұстаз ретінде өз тәжірибесімен бөлісті. Ол отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүрудің өзіндік қыр-сырлары бар екенін айтып, уақытты тиімді жоспарлау, үй шаруасын дұрыс ұйымдастыру, ең бастысы, сабыр мен түсіністік сақтау арқылы барлық істі үйлестіруге болатынын түсіндірді. Жас келіннің шынайы әңгімесі оқушы қыздарға болашақта әрі маман, әрі үлгілі ана болуға болатынын көрсетіп, үлкен мотивация сыйлады.

«Даналық» мектебі жас ұрпақты білімділікке, парасаттылыққа, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге, отбасы құндылықтарын берік сақтауға жетелейді. Бұл мектептің басты мақсаты – жас буынның бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, өмірге саналы көзқарас қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді қадірлеуге үйрету. Мұнда берілген тағылым оқушылардың болашақта өз отбасына жауапкершілікпен қарайтын, қоғамда сыйлы, тәрбиелі азамат болып қалыптасуына негіз болады.

Эльмира СҮЙІНБАЙ,

Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің

қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Жуалы ауданы