Әлеуметтік дүкендердің саны артуда
Қазіргідей нарық заманында күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасы тұрақты болуы ауадай қажет. Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік дүкендердің басқа сауда орындарына қарағанда маңызы айрықша. Мұндай дүкендер халыққа ең қажетті тауарларды қолжетімді бағада ұсынады.
Жалпы әлеуметтік дүкендер арқылы бағаны ұстап тұрумен қатар, нарықта бір жерден арзан бағада тауар алып, оны келесі бір жерге қымбатқа сату арқылы пайда табатын алыпсатарлықтың жолын кесуге болады. Себебі мұндай сауда орындары бар кезде бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді. Нәтижесінде жалпы нарықта белгілі бір тепе-теңдік сақталады. Осы бағытта, яғни бағаны тұрақтандыру үшін өңірімізде тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің бірлесуі арқылы облыс аумағында әлеуметтік дүкендердің ашылуы, кейбір сауда орындарында арнайы сөрелердің пайда болуы. Мұндай сауда орнына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері тұрақты түрде жеткізіліп, баға бақылауда ұсталуда.

Мәселен, бұған дейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы мен «Феникс-24» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында келісімшарт жасалған болатын. Келісімшарт аясында «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда павильондарын орнату» жобасы жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның бірін сөз етсек, жақында аталған жоба бойынша Тараз қаласы, «Құмшағал» алқабындағы Ордабасы көшесі №2 мекенжайында осындай бір әлеуметтік дүкен ашылды.
Ашылу салтанатына «Тараз» ӘКК» АҚ-ның басқарушы директорлары мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының өкілдері қатысты. Олар жобаның маңыздылығына тоқталып, әлеуметтік дүкендердің халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетудегі рөлін атап өтті.
Сонымен қатар алдағы уақытта «Мыңбұлақ» ықшамауданында және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында тағы екі сауда павильонын ашу жоспарланып отыр.
Н.БОЛАТҰЛЫ