Брифинг

Арнаулы салық режимдері түсіндірілді

Осы жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енуіне орай мемлекет арнаулы салық режимдерін қысқартты. Осыған байланысты енді үш-ақ режим қолданыста болады. Атап айтқанда, олар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа қожалықтары немесе фермерлерге қатысты арнаулы салық режимі. Сондықтан да бұрынғы патент, арнаулы мобильді қосымша, бөлшек салық, тіркелген шегерім, ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге қолданылатын арнаулы салық режимі күшін жойды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Анығын айтқанда, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов тақырыпты тарқата әңгімеледі. Оның айтуынша, қазір ел бойынша жүріп жатқан науқанның маңызы айрықша. Сол себепті бұрын арнаулы салық режимі қолданылған кәсіпкерлер биылдан бастап жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс істеу үшін қай режимге өтетінін уақыт оздырмай, өздері таңдауы керек.

– Оңайлатылған декларация негізіндегі режимге көшу туралы айтатын болсақ, 2025 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі, бөлшек салық және тіркелген шегерімдер арнаулы салық режимдерін қолданған салық төлеушілер егер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданған салық төлеушілерге қатысты. Егер олар 2026 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимін қолдануды жоспарласа, 1 наурызға дейін бұл туралы хабарлама ұсынуы қажет. Аталған хабарлама 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұсынылмаған жағдайда салық төлеушілер осы жылдың басынан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде көшіріледі. Хабарламаны бірнеше тәсілмен ұсынуға болады. Атап айтқанда, салық төлеуші хабарламаны салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы, яғни «ИСНА» ақпараттық жүйесіндегі «Құжаттарды ұсыну» – «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» бөлімі арқылы жолдай алады. Сонымен қатар хабарламаны «E-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымшасы арқылы «Сервис» – «Жеке кәсіпкердің салық режимін ауыстыру» бөлімімен жіберуге де мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, хабарламаны салық төлеуші өзінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы да ұсына алады. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 726-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған режим бойынша бір жылдағы шекті табыс мөлшері 600 000 айлық есептік көрсеткішті, яғни шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл режимде жалдамалы жұмысшылар санына шектеу қойылмайды. Жеке табыс салығы немесе корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 4 пайыз болып белгіленген, ал мәслихаттар бұл мөлшерлемені 50 пайызға дейін төмендетуге немесе арттыруға құқылы. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі бекітілген. Аталған тізбе Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 14 қарашадағы №970 қаулысына сәйкес 185 қызмет түрінен тұрады. Бұл қызмет түрлерінің басым бөлігі бұрыннан қолданыста болған тыйым салынған тізбелер, яғни жаңа қызмет түрлері енгізілмеген. Аталған режимді қолданатын салық төлеушілер қосылған құн салығын төлемейді. Салық есептілігі жарты жылда бір рет ұсынылады. Егер салық төлеушінің жылдық табысы 24 000 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 100 миллион теңгеден асатын болса, салық салынатын табыстан еңбекақы төлеу қорының сомасын шегеруге құқылы. Сонымен қатар егер салық төлеушінің табысы 135 000 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 550 миллион теңгеден аспаса, ол бухгалтерлік есеп жүргізу міндетінен босатылады. Ал жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын субъектілермен өзара есеп айырысу сомаларын шегеруге жол берілмейді, – дейді Ерлан Мирамбекұлы.

2026 жылғы 1 наурызда салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі арнаулы салық режимін немесе арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып АСР қолданған салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығаратын көрінеді. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептелген. Бұл ретте салық төлеушінің өз бетінше есептен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады екен. Бір ескерер жайт, егер салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынып, басқа режимді таңдаған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданудың басталу күні «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып саналады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін жеке кәсіпкер болып есептелмейтін жеке тұлғалар қолдана алады. Бұл режимде олардың жалдамалы жұмысшылары болмауы қажет Ал табыс мөлшері айына 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Осы режимді тек рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатындар ғана қолданады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы №994 қаулысына сәйкес тізбеге 40 қызмет түрі енгізілген екен. Мәселен, оған такси қызметі, шаштараз, сұлулық салондары, ветеринариялық қызмет, аяқ киім жөндеу, курьерлік қызмет және тағы басқа қызмет түрлері жатқызылған. Салық төлеушілер табыстың 4 пайызын әлеуметтік төлемдер ретінде төлейді және жеке табыс салығынан босатылады екен. Сонымен қатар бұл режимде салық есептілігі жүргізілмейді, барлық есеп айырысу ай сайын мобильді қосымшаның чектері арқылы жүзеге асады.

Спикердің сөзіне сүйенсек, шаруа қожалықтар немесе фермерлер үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және салық төлеушілерден хабарлама ұсынуды талап етпейді. Шаруа қожалықтары мен фермерлер үшін арнаулы салық режимінің тәртібі бұрынғыдай сақталады, бірақ салық жеке табыс салығы түрінде төленеді, ал бірыңғай жер салығы жойылады. Бұл режимде субъектілер тек ауылшаруашылығы қызметімен айналысып жүрген болуы шарт. Олар қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықты төлемейді, сондай-ақ ауылшаруашылығы қызметінде пайдаланылатын мүлік пен көлікке салынатын салықтардан да босатылады. Жеке табыс салығының ставкасы айналымға шаққанда 0,5 пайыз болып белгіленіпті. Бюджеттік жіктеме де өзгерген, яғни енді салықты 101202 коды бойынша төлейді. Жер учаскесінің болуы да міндетті. Салық есептілігі жылына бір рет жүргізіледі, бұрынғы 920.00 нысаны орнына 200.00 нысаны енгізілмек.

– 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап облыста бизнес субъектілеріне тегін кеңес беру арқылы қолдау көрсетуге бағытталған «Халық бухгалтері» акциясы жүргізіліп жатыр. Бастама бақылау моделінен салық төлеушілерді сервистік сүйемелдеуге (модельге) көшу шеңберінде іске асырылады. Науқан 2026 жылдың 5 қаңтарынан 30 маусымына дейін жалғасады. Жоба шеңберінде салық төлеушілер бухгалтерлік есеп, салық есептілігі, сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі жұмыс мәселелері бойынша ұғымды және практикалық түсініктемелер ала алады. Кеңес беру ісін кәсіби бухгалтерлер, бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді. Тараз қаласында кеңес беру Қойгелді батыр көшесі, 188 мекен-жайда орналасқан Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызмет көрсету орталығында өткізіледі. Бухгалтерлердің кеңес 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін беріледі. 2026 жылдың наурызынан бастап аптасына екі рет өткізіледі. Ал аудандарда қабылдау мемлекеттік кірістер басқармаларында ұйымдастырылады. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тарапынан бейнеконсультация, телефон байланысы, онлайн-консультация форматында өзара іс-қимыл ұйымдастыру қарастырылған. «Халық бухгалтері» акциясы кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыруға, уақтылы профилактикалық және кеңес беру арқылы бұзушылықтар санын азайтуға бағытталған, – дейді Е.Нұрмаханбетов.

 

Жалпы бұл жұмыс бойынша барлық мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеушілерді қабылдауға тәжірибелі қызметкерлер жұмылдырылып, сұрақ-жауап, брошюралар тарату шарасы қарастырылған екен. Тараз қаласында кәсіби бухгалтерлердің қатысуы қамтамасыз етілуде. Бүгінгі күнде аталған департаменттің басқармаларында 15 «Халық бухгалтері» акциясы өтіпті.

Облыстың мемлекеттік кірістер органдарына қоңырау шалуларды есепке алмағанда 1257 салық төлеуші жүгініп, барлық мәселелер бойынша түсіндірмелер берілген, іс-тәжірибелік көмек көрсетілген. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша 880 салық төлеуші, аудандардан 377 салық төлеуші қызмет алған. Сұрақтар негізінен арнаулы салық режиміне көшу және салық есептілігін ұсыну мәселелеріне қатысты болған. Департаменттің байланыс орталығына қоңыраулар арқылы 3080 өтініш түсіпті. Елге қажетті тиісті материалдар департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында орналастырылса, түрлі алаңдарда «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ