Әлеумет

Одақтың 6000-шы мүшесі – Жамбылдан

Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйінде» Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтіп, бірқатар журналист одаққа мүше болып қабылданды.

Облыстық филиалдың төрағасы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов одақ құрамына мүшелікке қабылданған 6 тілшіге куәлік пен арнайы төсбелгіні және естелік сый-сияпатты табыстады. Сондай-ақ, ардагер журналист жас тілшілерге бағыт-бағдар беріп, аталық акыл-кеңесін айтты.

Қызығы сол, республика бойынша одақтың 6000-шы мүшесі болып «Taraz24» телеарнасы директорының орынбасары Әйгерім Отарбаева қабылданды. Сондай-ақ, мүшелікке қабылданғандар қатарында жергілікті телеарна тілшілері – Сапаржамал Оразбекова, Қанат Күзберген, Нұрдәулет Мұса, Назерке Тазабаева және Кирилл Бердецкий да бар.

Ұлттық баспасөз күнімен тұспа-тұс келген іс-шараға қатысқан ардагер журналист Қуаныш Иембердиев, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева және «Taraz24» телеарнасының директоры Зарина Қуаттегі сөз алып, еңбегі еленген жас журналистерді құттықтап, толайым шығармашылық табыс тіледі.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ