Әлеумет

Болашағымыз үшін аса маңызды кезең

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиын барысында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасының мазмұны мен маңызына кеңінен тоқталып, ондағы негізгі жаңашылдықтар мен ерекшеліктерді атап өтті.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жаңа Конституцияның Преамбуласында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалған. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік негізі ретінде белгіленіп, Егемендік пен Тәуелсіздік, мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылған.

Сондай-ақ Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілгеніне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылғаны, Конституциялық комиссия жұмысының жалғасып жатқаны және азаматтардан ұсыныстар e-Otinish пен eGov порталдары арқылы қабылданып отырғаны айтылды.

Кездесуде әулиеаталық ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері жаңа Ата Заң жобасына қатысты өз ойларын ортаға салып, бірқатар салмақты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі