Жамбыл жаңалықтары

Конституциялық реформа қоғамды жаңғыртуға бастайды

Елімізде жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғам ішінде түрлі пікірлер айтылып, әсіресе әлеуметтік желіде алыпқашпа әңгімелердің көбейе түскені белгілі. Мұндайда халыққа шынайы, нақты әрі түсінікті ақпарат беруілуі керек. Өйткені Конституция мемлекеттің құқықтық негізі және еліміздің ертеңіне тікелей әсер ететін басты құжат болып саналады. Сондықтан ондағы өзгерістер мен толықтырулар әрбір қазақстандыққа дұрыс жеткізіліп, мәні ашық түсіндірілгені маңызды. Қоғамдық келісім мен сенім де дәл осы ашықтықтан басталады.

Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев біршама уақыттан бері конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша халықпен кездесу өткізіп жүргенінен жұртшылық хабардар деп ойлаймыз. Облыс әкімі бұған дейін Жамбыл, Байзақ аудандарында болса, кеше Меркі ауданына арнайы барып, ондағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Басқосуда Ербол Шырақпайұлы осы жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері секілді барлығы 130 адам кіргенін тілге тиек етті. Оның ішінде облысымыздан аталған комиссия құрамында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиевтің жұмыс істеп жатқанын, осы уақытқа дейін Конституциялық комиссияның бірнеше отырысы өткенін сөз етті. Облыс әкімінің сөзінше, бастапқыда жаңа түзетулер Ата Заңның 40 бабына енгізілуі қажет болғанымен, алайда бұл 77 бапты қамтып, 84 пайызды құраған. Жалпы, өзгерістер ауқымы кең болғандықтан құжат жаңа Конституция ретінде әзірленіп, қоғам талқысына ұсынылып отыр. Жаңа редакциядағы Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрады.

Жиында «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шырын Мамасерікова жаңа Конституция жобасы өзінің көңілінен шыққанын, бұл қоғамның сұранысы мен заман талабынан туындаған іргелі іс екенін айта келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтынын білдірді.

Өз сөзінде облыс әкімі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар желдей есіп жатқанын, оған жаңа Конституция жобасын оқымаған адам сеніп қалатынын сөз етіп, бұл ретте халыққа шынайы ақпаратты жеткізудің маңызы айрықша екенін атап өтті.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Ата Заңға өзгеріс тек қана референдум арқылы енгізілетінін айтып, халық бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен қарап, жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан жастарымен де кездесті. Басқосуда өңір басшысы елде жүріп жатқан саяси жаңғыру үдерістері мен Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерге кеңінен тоқталды. Ол аталған бастамалардың түпкі мақсаты мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін нығайту екенін атап өтті.

Басқосу барысында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров сөз алып, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерді толық қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, аталған бастамалар елдің дамуына оң ықпал етіп, қоғамдық жаңғыруға серпін береді. Ол өз сөзінде: «Қазіргі таңда жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Әр ауылдың жастары құжаттағы өзгерістерге қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, қызу қолдау білдіруде. Аудан жастары ел болашағына қатысты реформалар мен маңызды шешімдерге бейжай қарамай, әрдайым белсенді үн қосады», – деді.

Жиында сөз сөйлеген белсенді жас Ақбөпе Төленқызы кадр саясаты, ел бірлігі және Парламенттік реформаның маңызы жөнінде өз ой-пікірімен бөлісті.

Басқосуды облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қорытындылап, кездесуге қатысқан жастарға елде жүзеге асырылып жатқан жаңа саяси өзгерістерге қатысуда шет қалмай, белсенділік танытып жүргені үшін алғыс білдірді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ