2029 жылы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді
Қазақстан 18 жылдық үзілістен кейін 2029 жылы өтетін X қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, ауқымды халықаралық жарысты ұйымдастыру еліміздің спорттық әлеуетін және ірі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын сәтті өткізіп, халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болған. Сол кезеңде Астана мен Алматыда бірқатар заманауи спорт нысандары салынды. Бүгінде бұл инфрақұрылым спортшыларды даярлау, халықаралық жарыстар өткізу және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында белсенді пайдаланылып келеді.
Сонымен қатар еліміз 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы да жоғары деңгейде ұйымдастырған. Қазіргі таңда Қазақстанда қысқы спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар тұрақты түрде өтіп келеді, бұл елдің әлемдік деңгейдегі бәсекелерді қабылдауға дайын екенін көрсетеді.
Министрлік мәліметінше, 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын қолданыстағы инфрақұрылым негізінде өткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты жаңа ірі спорт нысандарын салу қажеттілігі жоқ. Бар спорт кешендері ойындар бағдарламасына енген барлық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда қысқы олимпиадалық 13 спорт түрі белсенді дамып келеді.