Бүгін Қытайда Димаштың халықаралық жобасының тұсаукесері өтеді
Қытай уақытымен сағат 22:00-де (Астана уақытымен 19:00) Hunan TV телеарнасында әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің бастамасымен жүзеге асқан Voice Beyond Horizon халықаралық жобасының ресми тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Бағдарлама Қазақстанда 14 ақпанда Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.
Жоба Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесіп әзірленген. Түсірілім жұмыстары толықтай Қазақстан аумағында жүргізіліп, алты өңірді қамтыды. Атап айтқанда, Түркістан мен Маңғыстау облыстары, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында түсірілген.
Халықаралық жобаға Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген талантты орындаушылар қатысқан.
Voice Beyond Horizon жобасы Қазақстанның табиғи байлығы мен туристік әлеуетін кең ауқымды халықаралық аудиторияға танытуды мақсат етеді. Бағдарлама барысында көрермендер көне Түркістанды, Бозжыра шатқалын, Каспий теңізі жағалауын, Қайыңды және Көбейтұз көлдерін, Саты туристік ауылын, Қапшағай су қоймасын, сондай-ақ Щучинск–Бурабай курорттық аймағын тамашалай алады.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтің айтуынша, халықаралық медиа-жобалар Қазақстан туризмін ілгерілетудің тиімді тетігіне айналып отыр. Ол Voice Beyond Horizon жобасы арқылы елдің туристік нысандары миллиардтаған көрерменге жол тартатынын атап өтті.
Айта кетейік, Hunan TV телеарнасының аудиториясы 1,9 миллиардтан асады. Жоба сондай-ақ Mango TV цифрлық платформасында да көрсетіледі.
Voice Beyond Horizon халықаралық жобасына Kazakh Tourism ҰК АҚ, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана мен Алматы қалаларының және Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері қолдау білдірді. Жобаның демеушілері – Qarmet, «Қазақмыс», «АлтынАлмас» компаниялары және Нұрлан Смағұлов қоры.