Жаңалықтар

247 млн теңге және жалған ұтыс: Жанабыловтарға қатысты тергеу аяқталды

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды arainfo.kz

Олар заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру деректері бойынша күдікке алынған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар Instagram желісіндегі аудиториясын пайдаланып, 2025 жылы онлайн-курстар сату арқылы табыс тапқан. Алайда курстардың негізгі мазмұны ашық дереккөздерден алынған материалдар болған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл өнімдер заңсыз лотерея қызметін бүркемелеу үшін қолданылған.

Қымбат сыйлықтар ұтысы курстарды сатып алуға басты ынталандыру болған. Жүлде қоры қатысушылардың өздері төлеген қаражат есебінен жасақталған. Сонымен қатар электронды ұтыс жүйесінің параметрлері өзгертіліп, арзан сыйлықтарды ұту мүмкіндігі арттырылғаны, ал бағалы жүлделерді алу ықтималдығы төмендетілгені анықталған.

Күдіктілер әлеуметтік желіде 11-ші автокөлік табысталды деп жариялағанымен, тергеу барысында нақты жеңімпаз болмағаны және көлік берілмегені белгілі болды.

Іс материалдарына сәйкес, «Zhana Business» ЖШС есепшоттарына түскен қаражат көлемі 247,5 млн теңгені құраған. Оның 60 млн теңгесі депозитке салынған.

Сот санкциясымен 17 iPhone, сондай-ақ Lamborghini Urus пен Lexus LX 600-ді қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуда. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.