Таразда Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-әуенді кеш өтті
Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай кітапханада «Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!..» атты әдеби-әуенді кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Әдеби кештің негізгі мақсаты – ақынның бай да мәңгілік рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, поэзияның құдіреті арқылы көрермен жүрегіне жол табу,
сондай-ақ Мұқағали жырларындағы махаббат, өмір, адамгершілік, отансүйгіштік тақырыптарының терең мағынасын таныту болды.
Кеш барысында ақынның жүректен шыққан сырлы өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Қатысушылар Мұқағали поэзиясындағы шынайы сезім, адам жанының тазалығы мен өмірге деген құштарлықты терең сезініп, рухани әсер алды. Әдеби-әуенді композициялар көрерменді ақынның сырлы әлеміне жетелеп, ұлт руханиятына деген сүйіспеншілікті арттырды.
Аталған шара жас ұрпақтың көркем әдебиетке, поэзияға деген қызығушылығын оятып, Мұқағали Мақатаев шығармашылығының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.