Нұрғанат – 139 балл иегері
Соңғы екі-үш күнде ақпарат көздері тараздық оқушы Нұрғанат Қанаттың ҰБТ-дан 139 балл жинағанын жарыса жазып жатыр. Мұндай жоғары нәтиже кездейсоқ келмейді, оның артында үлкен еңбек пен алға қойған айқын мақсат жатыр.
Нұрғанат Меркі ауданына қарасты Аспара ауылында дүниеге келген. 2021-2022 оқу жылынан бастап Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатында білім алып келеді.
Нұрғанаттың есімі білім бәйгелерін қадағалап жүрген жандарға жақсы таныс. Дарынды оқушы Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәндерінен өткен лицейішілік, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанып, шығармашылық бағытта жазба ақындар мүшәйрасында да топ жарған.
Білім жолы табандылықты талап етеді. Уақытты тиімді пайдалану, өзіңді тәртіпке үйрету, кей сәттерде құрдастардың қызықты отырыстарынан бас тарту оңай емес. Алайда Нұрғанат үшін алға қойған мақсаты бәрінен жоғары тұрды. Сондықтан ынта-шынтасын үздіксіз дайындыққа аударып, дамуға бағытталған жолдан таймауға тырысты.

Бұл жолда жетекшісінің қолдауы ерекше рөл атқарды. Тарих пәнінің мұғалімі оқушысының бойындағы қабілетті ерте байқап, қызығушылығын арттыра білді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен жүйелі жұмыс Нұрғанаттың талай жетістігінің негізіне айналды.
Өрелі өреннің жастарға айтар кеңесі өз өмір жолынан алынған. Айтуынша, олимпиада немесе кез келген сынақ өмірдің соңғы нүктесі емес. Жеңіліс адамды тоқтатпайды, қайта алға жетелейді. Ал жетістік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең маңыздысы – мақсатыңнан айнымау.
Нұрғанаттың алда тұрған маңызды сынақтарда да дәл осындай жарқын жетістіктерге жетуіне тілектеспіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ