Жаңалықтар

Ғылымға бастар жолдың баспалдағы – мектеп

Дана халқымыз «Бір жылдығын ойлаған ел – егін егеді, жүз жылдығын ойлаған – ағаш отырғызады, ал мың жылдығын ойлаған – білімді ұрпақ тәрбиелейді» деп, адамзат баласы үшін білім-ғылымның маңызы зор екенін айқындап берген.

Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр – технологиялар ғасыры. Сондықтан цифрландыру білім саласының ажырамас бөлігіне айналды. Электрондық білім беру ресурстарын, онлайн-платформалар мен цифрлық құралдарды пайдалану оқыту мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, білім беру процесін икемді ете түсті. Цифрлық технологиялар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеруге, дербес білім беру траекторияларын құруға және тұрғылықты жеріне қарамастан оқу материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шалғайдағы және ауылдық елді мекендердің оқушылары үшін өте маңызды. Өйткені сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, білімдегі алшақтықты азайтуға жағдай жасайды.

Облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Алтынай Жайлышеваның мәліметінше, өңіріміздегі мектептердің 98 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған, 14 мыңнан аса компьютер жаңартылған. Барлық мектепте электронды журналдар мен күнделіктер қолданысқа енгізілген. 52 мектепте 3D-зертханалар мен виртуалды кабинеттер ашылған, «AI-teacher» және «Smart-mektep» жобалары оқу материалдарын оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай бейімдеуге ықпал етеді.

Осы бағытта өткен жылы 55 мыңнан астам оқушы қатысқан жүздеген пікірсайыс, тренингтер мен профилактикалық кездесулер ұйымдастырылған. Психологтар мен әлеуметтік педагогтар мыңдаған отбасымен жеке жұмыс жүргізіп, мамандардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылыпты. Мектептерде «KiVa», «ДосболLIKE», «WeGlobal» сияқты антибуллинг жобалары іске асырылып, сенім телефондары мен құқықтық клубтардың жұмысы жолға қойылған. Алдағы уақытта жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған жаңа жоба да енгізілмек.

– Сондай-ақ қосымша білім беруге де ерекше көңіл бөлінуде. Үйірмелер, спорт секциялары, шығармашылық орталар баланың қабілетін ашуға, өз қызығушылығын табуға көмектеседі. Бұл өз кезегінде оқушының болашақ мамандығын саналы таңдауға жол ашады.

Қазіргі білім беру жүйесінде кәсіби бағдар беру және оқушыларды болашақ өмір жолын саналы түрде таңдауға дайындау мәселесі айрықша орын алады. Мектеп оқушыға түрлі мамандықтар туралы түсінік беріп, өз мүмкіндігін тануға, болашаққа бағыт алуға көмектесуі тиіс. Колледждер мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс, практикалық танысу сабақтары оқушылардың таңдауын нақтылай түседі, – деген Алтынай Жайлышева мектеп инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Мектеп ғимараттарын жаңарту, кабинеттерді заманауи құралдармен жабдықтау, спорттық және шығармашылық инфрақұрылымды дамыту – білім беру сапасын арттырып, қолайлы білім ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды. Осы ретте өңірде жаңа мектептер салынып, «Келешек мектептері» жобасы аясында STEM-кабинеттер, цифрлық зертханалар, заманауи білім кеңістігі қалыптасуда.

Ғылымға бастайтын жол мектептен қаланады. Осы себепті білім беру саласына ерекше назар аударып, оқушылардың тың бастамаларын қолдау аса маңызды. Баланың ізденіске деген қызығушылығын дер кезінде байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру – болашақта саналы, ойлы әрі білімді тұлға қалыптастырудың берік негізі.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ