Цифрлық Қазақстан

«Ұлттық цифрлық мұрадан» ұтарымыз көп

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елімізде тарихи маңызы зор бастама көтерілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтты. Президенттің айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе. Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы былтырғы Ұлттық құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өткенін еске салды.

Ұлттық құрылтайда көтерілген бұл бастама аясында «Ұлттық цифрлық мұра» қоры жасақталмақ. Онда ұлт руханиятының алтын қазығына айналған ұлы тұлғалардың мол мұрасы жинақталады. Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» жаһан жұртына кеңінен таныту мәселесіне де айрықша тоқталды. Абайдың «Қара сөздері» қанша заман өтсе де құндылығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын ондағы ойлар өмірдің өзегіне айналып отыр. Күллі қазақтың рухани бағдаршамы болған бұл мәдени мұра енді адамзаттың ортақ игілігіне айналуы қажет.

Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданбақ. Сонымен қатар осындай мәдени қазыналарымызды цифрландыру арқылы оларды әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікке шығару көзделіп отыр.

Қазіргі таңда елімізде архивтерді, мұрағат материалдарын және мәдени мұраларды цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ұлттық архив қорының 2 миллион 600 мыңнан астам құжаты цифрландырылған. Сондай-ақ «Qazaq Culture» платформасы 8 тілде жұмыс істеп тұр. Ал «Ұлттық цифрлық мұра» қоры «e-Архив», «e-Кітапхана», «e-Culture», «e-Museum» секілді қолданыстағы жүйелермен, сондай-ақ мемлекеттік, ғылыми және білім беру ұйымдарының дерекқорларымен біріктіріледі. Бұл тарихи деректерді бір орталыққа жинақтап, оларды ғылыми айналымға кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Архивтер мен тарихи жазбаларды цифрландырудың маңызы зор. Қағазға қолмен жазылған құнды дүниелер жасанды интеллект көмегімен өңделіп, ұзақ мерзімге сақталады. Бұл тарихи деректердің жоғалу қаупін азайтып қана қоймай, оларды мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында кеңінен пайдалануға жол ашады. Мұндай материалдар жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Осы орайда «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің  директоры, таритх ғылымдарының  магистрі Сауран Қалиұлы Ұлттық цифрлық мұра қорының археологиялық ескерткіштер үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

«Ұлттық цифрлық мұра» қоры – ұлттық жадыны сақтау мен жаңғыртудың, ғылым мен білімді дамытудың және тарихи-мәдени құндылықтарды жаһандық деңгейде танытудың стратегиялық маңызы бар бастамасы. Бұл жоба Қазақстанның рухани мұрасын жаңа дәуір талаптарына сай сақтап, болашақ ұрпаққа аман жеткізуге қызмет етеді.

 

 

                                                 Айжан ӨЗБЕКОВА