Егістік көлемінің азаюына не себеп?
Көктемгі егіс науқанына дайындық күн санап қарқын алуда. Табиғаттың тосын мінезі маңдай термен атқарылған еңбекті бір сәтте-ақ зая кетіруі мүмкін. Сондықтан дала жұмыстарына бейжай қарауға болмайды. Тиісті жұмыстар алдын ала жан-жақты пысықталып, тәуекелдің алдын алатын нақты шаралар қарастырылуы тиіс. Ұқыпты жоспар мен тынымсыз еңбек қана мол өнімнің кепілі болмақ.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, 2025 жылғы күзгі дала жұмыстары жоспарлы түрде аяқталып, нәтижесінде 200,3 мың гектар алқапта сүдігер көтеріліп, 145,1 мың гектар жерге күздік дақылдар себілген. Ал биыл егіс алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға қысқартылып, 623,3 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Жалпы биылғы көктемгі дала жұмыстары барысында 325 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастыру көзделген.
– Биыл егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылып, суды көп қажет ететін дақылдарды суды аз қажет ететін дақылдармен алмастыру көзделуде. Басты себептердің бірі – 2026 жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыстағы 76 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Негізі 76 каналдың суару алаңы 51,4 мың гектарды құрайды, жалпы ұзындығы – 430,3 шақырым.
Алқаптарға ағын су жеткізу мүмкіндігінің болмауына байланысты суарылатын егістік алқаптарының көлемі азайтылады. Сондықтан да суды қажет ететін көкөніс дақылдарының егістік көлемі 7,5 мың гектарға қысқарып, 23,6 мың гектарға, сол секілді бақша дақылдарының алаңы 8 мың гектарға қысқарып, 4,7 мың гектарға және қант қызылшасының алаңы 1,6 мың гектарға қысқарып, 5 мың гектарға егіледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2026 жылға арналған жоспар суқоймаларында жиналатын су көлеміне қарай ақпан айында қосымша қайта қаралатын болады.
Көктемгі дала жұмыстарына 8 мыңнан аса ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Сонымен қатар 2026 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны дайындалды. Өңірде көктемгі дала жұмыстары ауа райының қалыптасу жағдайына байланысты ерте басталатындықтан, Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта босату бағасы нақтылану үстінде. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін өңірлік таратушы операторлар айқындалып, шаруалар үшін босату бағасы бекітіледі және жұмыстар өз жалғасын табады, – деген Әбдірәсіл Желеубаев биыл ауылшаруашылығы техникаларының жаңару жоспарын 8 пайызға жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді.
Басқарма басшысының дерегінше, биыл 478,2 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспарланыпты. Сонымен қатар көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер 2025 жылдың қараша айынан бастап қабылданып, бүгінде 80 шаруадан 2,9 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 62 шаруаға 1,9 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық мөлшерлемемен берілген.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жүйелі әрі қарқынды жүргізіліп жатқанымен, назардан тыс қалдыруға болмайтын түйткілдер де бар. Әсіресе ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларына көшу мәселелері өзекті болып отыр. Осыған байланысты өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ өңірдегі шаруа қожалықтардың өкілдері қатысты.
Кездесуде облыстың шаруаларына трансшекаралық судың келуі азаюына байланысты туындаған қауіптер және суару маусымында су ресурстарын ұтымды пайдалану шаралары түсіндірілді.
– Су ресурстарының қолжетімді көлемінің азаюы жалғасып отырғандықтан, алдағы вегетация кезеңінде су тапшылығы қаупі бар. Бұл – Орталық Азияның барлық елі тап болып отырған табиғи процесс. Су келу көлемінің азаю салдарын барынша азайту үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету қажет. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Бұл тек су ресурстарын үнемдеу мәселесі ғана емес, сонымен бірге елдің су және азық-түлік қауіпсіздігі осыған тікелей байланысты. Дайындалуға уақыт бар, жауапты органдар мен жергілікті атқарушы билік және диқандар оны тиімді пайдалануға тиіс, – деді сонда Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетейік, суды үнемдеу және заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін көтерілді. Суару суына сараланған тариф енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруа қожалықтары үшін су құнын субсидиялау 60 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғайды.
2026-2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізуді және егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.
Қабылданған шаралар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолданылатын егістік алқабы көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай республикадағы 1,3 миллион гектар суармалы жерді заманауи суару жүйелерімен қамту жоспарланып отыр.
Ал облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтырғы жылы шаруалар тарапынан 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жалпы көрсеткіш 66,5 мың гектар алқапқа жеткізіліпті. Ал биыл су үнемдеу технологияларын 10 мың гектарға енгізіп, жалпы көрсеткішті 76,6 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар ағын су тапшылығын азайту мақсатында 11 мың гектар алқап ұңғыма арқылы суарылуда.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ