Ел дамуының кепілі
Жаңа конституциялық жоба елімізде қолға алынған саяси реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігінен туындағаны белгілі. Сондықтан да бұл үдеріс нақты айқындалған мақсаттарға негізделуі тиіс. Бұл ретте қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, қабылданып жатқан өзгерістердің мәні мен мазмұнын азаматтарға лайықты деңгейде түсіндіру айрықша маңызға ие. Осы мақсатта кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Жамбыл ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Өз сөзінде аймақ басшысы конституциялық реформаларды әзірлеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобының қызметіне тоқталып, жаңа Ата Заң жобасы азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелі түрде талдау және ашық қоғамдық талқылаулар нәтижесінде дайындалғанын атап өтті. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылғанын тілге тиек етті.
Басқосу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев сөз алып, зиялы қауым өкілдері ұсынылып отырған конституциялық реформаларды қолдайтынын айтып, бастамалардың елдің саяси жаңғыруына оң ықпал ететінін сөз етті.
Қарасу ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманалы Құрбанов та елдегі саяси реформа жайлы білгенін ауылдастарымен бөлісіп жүргенін айтты.
Конституциялық реформалардың мәні мен маңызын сөз болған жиынды қорытындылаған аймақ басшысы сөз соңында жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Облыс әкімі әрбір азаматтың ой-пікірі мен таңдауы еліміздің саяси дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ