Жамбыл жаңалықтары

Құқықтық мәдениеттің жаңа деңгейі

Жақында еліміздің жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны баршаға белгілі. Осы арқылы қоғамда конституциялық реформаға қатысты маңызды кезеңнің басталғанын аңғаруға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жаңғырту үшін қолға алған бастамасының мәні айрықша. Конституциялық жобадағы өзгерістер Ата Заңның мазмұнын заман талабына сай жаңартып, әділдік, заң үстемдігі және адам құқықтарын қорғау қағидаттарын күшейтуді көздейтіні анық.

Десе де Конституция жобасын жер-жерде талқылаудың, оның мәні мен маңызын жете түсінудің жөні бөлек. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Конституциялық реформалар жөніндегі облыстық актив отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды. Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Сондай-ақ облыс әкімі аталған комиссия құрамына облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев мүше ретінде еніп, комиссия отырыстарына тұрақты түрде қатысқанын, жалпы өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілгенін, осылайша түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызын құрағанын тілге тиек етті. Бұдан кейін облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Тоқбергенұлы жаңа Ата Заң жобасының мәні мен маңызы, оның негізгі ерекшеліктері, сонымен бірге комиссия қызметі туралы кеңінен баяндады.

Келесі кезекте сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев: «Бүгінде еліміз ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Олай деуімізге Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысынан бастау алған Конституциялық реформа еліміздің жаңғыруының басты тақырыбына айналып, қоғамда кең ауқымда талқылануы себеп болып отыр. Жаңа Конституциямыздың жобасы Конституциялық кеңесте мұқият талқылаудан өтті. Өздеріңіз көріп отырғандай, қоспалаталы Парламентті таратып, бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай құру мәселесі ұсынылды. Бұл көптен бері өзіміздің ойымызда жүрген маңызды бастама. Қазақстан Республикасы –унитарлық мемлекет. Сондықтан бізге Құрылтай құру, ұйымдастыру жұмыстары өте ыңғайлы болатынына сенімдімін. Бұрынғы Конституцияда өзгерістер болған. «Күшті Президент ықпалды Парламент –есеп беретін Үкімет» секілді бастамалар өз деңгейінде жүзеге асуда. Сондықтан да ел Президентінің қабылдаған стратегиялық межелері толық орандалып келеді деп ашып айта аламыз», – деді.

Басқосу барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жаңа Конституция жобасы елдің ертеңіне берік негіз болатынын айта келе өз ұсынысын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Алдағы жалпыұлттық референдум халықтың тікелей еркін білдіретін, егемен елдің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи кезең екенін сөз етіп, әрбір азаматты референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ