Жамбыл облысында болашақ прокурорлар тәрбиеленуде
Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Салтанатты іс-шараға облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күренкей, Бас Прокурордың аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, университет өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Жаңа алаң студенттерге құқық қорғау саласының қыр-сырын меңгеруге, тәжірибе жинауға және кәсіби бағдар алуға мүмкіндік береді. Іс-шара барысында облыс прокуратурасы мен жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ прокуратура қызметкерлері заң факультетінің студенттерімен кездесіп, құқық қорғау органдарының азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі туралы әңгімеледі. Кездесу барысында жастарды «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ұстануға шақыруға ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы №66 жайлы мектепте «Болашақ прокурорлар клубы» салтанатты түрде ашылды. Клуб жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрмет қалыптастыруға және болашақ мамандыққа бағыт беруге бағытталған.
Ашылу аясында оқушыларға арналған театрландырылған көрініс көрсетіліп, клуб мүшелері ант қабылдап, арнайы галстуктармен марапатталды. Бастама жастар арасында заң үстемдігі мен патриоттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.