Спорт

Елена Рыбакина әлемнің үшінші ракеткасы атанды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Australian Open турниріндегі тарихи жеңісінен кейін WTA жаңартылған әлемдік рейтингінде үшінші орынға көтерілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұған дейін бесінші сатыда тұрған Рыбакина бірден екі орынға жоғарылап, мансабындағы ең үздік көрсеткіштердің бірін қайталады. Айта кетейік, ол 2023 жылы да әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілген болатын.

Рейтинг көшін әдеттегідей беларусьтік Арина Соболенко бастап тұр. Ол Australian Open финалында Рыбакинаға жол берді. Ал польшалық теннисші Ига Швентек екінші орындағы орнын сақтап қалды.

Мельбурнде өткен Үлкен дулыға турнирінде әйелдер арасындағы жекелей сында жеңіске жеткен Елена Рыбакина Australian Open чемпионы атанған алғашқы қазақ спортшысы ретінде тарихқа енді.

Финалдан кейін спортшы Қазақстан халқына алғысын білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та чемпионды айтулы жеңісімен құттықтады.