3D-принтинг – құрылыс индустриясының жаңа белесі
Кейінгі жылдары елімізде құрылыс саласын жаңаша бағытта дамытатын ғылыми ізденістер қолға алынып жатыр. Соның бірі – 3D-принтинг технологиясы арқылы тұрғын үй тұрғызу. Бұл әдіс әлемде біртіндеп қолданысқа еніп жатқанымен, елімізде оны ғылыми тұрғыда жүйелі зерттеу енді басталды.
Жас ғалым Жандос Ескермесов осы бағытта кешенді ғылыми жобамен айналысып жүр. Оның зерттеуі өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, 3D-бетонқоспасының құрамына енгізуге негізделген. Ұғыныңқы етіп айтсақ, металлургиялық шлак, резеңке үгінділері, пластик сияқты қалдықтардың көпшілігі қайта өңделсе, құндылығы жоғары материал бола алады. Сондықтан қалдықтар «жойылуы тиіс зат» ретінде емес, құрылысқа қайта енгізуге болатын ресурс ретінде қарастырылып, 3D бетонқоспасы ретінде пайналанылады.
Өндірістік қалдықтардың көлемі жыл сайын артып келеді. Шамадан тыс қоқыстар полигондарды толтырып жатыр. Ал қалдықтарды құрылыс материалы ретінде қолдану экология мен экономика арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында қалдықтардың физикалық және химиялық қасиеттері зерттеліп, оларды 3D-принтингке бейімдеу жолдары қарастырылып жатыр. Сол арқылы дәстүрлі бетонмен салыстырғанда беріктігі мен төзімділігі жоғары, бірақ шикізат шығыны аз материал алу көзделіп отыр.
Оның айтуынша, 3D-принтинг технологиясы құрылыс уақытын қысқартып, еңбек шығынын азайтады, сонымен бірге қалдықтарды қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері оң болса, бұл әдіс еліміздің құрылыс саласына енгізілуі мүмкін екен.
Дегенмен кейіпкеріміз көпшілікті 3D-принтермен салынған үйлердің беріктігі алаңдататынын жасырмады. Алайда шетелдік тәжірибе көрсеткендей, бұлай күмәндануға еш негіз жоқ екен.Мәселен,АҚШ-та, Қытайда3D принтерде дайындалған бетоннан салынған үйлер арнайы сынақтардан өткен. Бірқатар елде мұндай үйлерде тұруға ресми рұқсат берілген.
Жас ғалымның жобасын өндірістік ортада сынақтан өткізу үшін отандық серіктестер де тартылған. «BM Partners 3D PRINT» компаниясы металлургиялық қалдықтар мен резеңке қоспасын принтер дайындаған бетонға енгізу идеясын жоғары бағалап, бірлескен зерттеулерге кірісіп кетіпті. Сарапшылар бұл бағыттың экологиялық және технологиялық әлеуетіне жоғары баға бере бастады.
Алдағы уақытта ерекше жоба жайында халықаралық «Q1-Q2» деңгейіндегі ғылыми журналдарда бірнеше мақала жариялау жоспарланған.
Жаңа технологияны енгізу жолында сенімсіздік пен инфрақұрылымға қатысты қиындықтар кездескенімен, олар ғылыми дәлелдер мен тәжірибелік сынақтар арқылы біртіндеп еңсеріліп келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ