Қазақстандық дизайнер шетелде табысты еңбек етіп жүр
Таразда дүниеге келіп, кәсіби мансабын мегаполистерде және шетелдерде сәтті қалыптастырып жүрген жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі – сәулетші, интерьер-дизайнер Данель Жарменова. Жерлесіміз өткен жылы АҚШ-тың Техас штатындағы «OMG! Burger» бургерлік мейрамханалар желісінің жаңа филиалына дизайн әзірлеп, жұмысы халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Бүгінде аталған компанияның 5 рестораны болса, олардың ішіндегі ең үлкені 2025 жылдың қыркүйек айында Хьюстон қаласының орталығында ашылды. Ауқымы мен маңызы жағынан өзгешеленетін мейрамхананың интерьерін қазақстандық дизайнер, «Studio Danel» сәулет компаниясының негізін қалаушы Данель Жарменова әзірлеген. Дизайнердің авторлық шешімі брендтің түпкі болмысын сақтай отырып, оны жаңа деңгейге шығарды. Мейрамхана бүгінде гастрономиялық нысан ғана емес, адамдар бас қосып, еркін тілдесетін, жайлы атмосферасы бар қоғамдық орын ретінде танылып үлгерді.
Данель Жарменова Тараз қаласында туып-өскен. Кейінірек отбасымен бірге Алматы қаласына қоныс аударған. Ерте жастан-ақ кейіпкеріміздің өмірі өнермен тығыз байланыста болған. Оқушы күнінде Жәния Әубәкірова атындағы музыка мектебінде фортепиано мамандығы бойынша білім алған. Сондай-ақ кәсіби деңгейде бал билерімен айналысқан.

Компаниядан кеткен соң Данель туыстарын көрмек болып Америка Құрама Штаттарына жол тартады. Айтуынша, ол кезде шетелге біржолата қоныс аудару ойында да болмаған. Алайда жаңа орта, өзге өмір салты мен мүмкіндіктерге толы кеңістік оған ерекше әсер қалдырады. Осылайша Данель Америкада біраз уақыт тұрып көруге шешім қабылдайды.
Дәл осы кезеңде талапты жас интерьер дизайнына бет бұру туралы ой түйеді. Сөйтіп арнайы курстарға қатысуды жөн көріп, «Houston City College»-ге қабылданады. Алғашқы семестрдің өзінде-ақ интерьер дизайны жандүниесіне жақын екенін анық сезінеді. Кейін білімін «Art Institute of Houston»-да жалғастырып, бакалавр дәрежесін алып, интерьер дизайнері атанады.
Данель Америкадағы еңбек жолын коммерциялық интерьерлерді жобалаумен айналысатын «Gin Design Group» компаниясында бастайды. Осы компанияда бас дизайнер ретінде «Sunday Press» және «Ginger Kale» кофеханаларының интерьерін әзірлеуге қатысады. Бұл жобалар көп ұзамай кәсіби ортада назарға ілігіп, салалық беделді басылымдарда жарияланды. Мәселен «Sunday Press» жобасы «Hospitality Design» журналында жарық көрсе, «Ginger Kale» атты еңбегі «Interior Design» журналының беттерінен орын алып, коммерциялық жылжымайтын мүлік пен сәулет саласындағы жобаларды бағалайтын «Houston Business Journal» сыйлығының финалына өтті.
Жерлесіміздің «Gin Design Group» компаниясындағы соңғы жұмысы «Lymbar» мейрамханасының жобасы болды. Бұл жоба да бірнеше басылымда жарияланып, дизайнердің есімін халықаралық ортада таныта түсті. Сондай-ақ дәл осы жұмысы «PaperCity» басылымы тағайындайтын «Best Hospitality Design» сыйлығын иеленіп, дизайнер қыз «Houston Business Journal» байқауының финалистері қатарынан көрінді.
Дипломын алғаннан кейін Данель «Tracy Design Studio» сәулет студиясында еңбек жолын жалғастырды. Мұнда «Patti Lynn Lane» тұрғын үй кешенінің интерьерін жасауға атсалысты.
Данель Жарменоваға өз студиясын ашу туралы ой «Tracy Design Studio»-ның басшылары зейнетке шығу жөнінде шешім қабылдаған тұста келеді. Бұған дейін сәулетші коммерциялық жобалармен де, тұрғын үйлердің интерьерлерімен де жұмыс істеп, едәуір тәжірибе жинақтаған еді. Бұл жолда Қазақстандағы компанияларда жинаған тәжірибесі де көп көмектесті. Ауқымды жобаларды жүргізу, бюджетті басқару және жарнама саласындағы жұмыс оған жоспарлау мен ресурстарды тиімді пайдалануды үйретті. Соған қарамастан, жеке кәсібін бастау оңайға соқпаған.
Бұл жұмыс «OMG! Burger» бургерлік мейрамханалар желісі басшылығының көңілінен шыққан. Бүгінде тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастырып, басқа да жобалар бойынша бірге жұмыс істеп келеді.
Екі жобаны да («OMG! Burger» мейрамханасы мен «Annkello Kahawa Coffee» кофеханасы) сәтті аяқтаған Данель Жарменова шамамен 25 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан.
Маманның айтуынша, интерьер дизайнында ортақ, бірдей баға болмайды. Әр жұмыс ғимараттың көлемі мен сипатына қарай жеке есептеледі. Шағын кофехана мен көптеген детальдары бар, арнайы жиһаздар қолданылатын үлкен мейрамхананың жұмыс көлемі де, оған кететін уақыт та бірдей емес. Сондықтан бағаны шаршы метрге қарап белгілеу мүмкін емес.
Данель жобалардың көп бөлігін өзі жүргізеді. Ал сызбалар дайындау, визуализация жасау немесе декор мәселелерінде мердігер мамандармен жұмыс істейді. Оның кәсіби ерекшеліктерінің бірі ретінде виртуалды шындық технологияларын белсенді қолдануын атауға болады. Бұл бағытқа ол колледжде оқып жүрген кезінде ден қоя бастаған. Сол уақытта профессор оған виртуалды шындық департаментімен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған. Ол жылдары виртуалды шындық енді ғана дамып келе жатқан еді. Түрлі техникалар мен бағдарламалар болғанымен, оларды интерьер дизайнында қалай пайдалану керектігін ешкім анық білмейтін. Данельге осы бағытты өз бетінше зерттеп көру ұсынылған. Нәтижесінде жобаларды нақты уақыт режимінде жасап, виртуалды шындық көзілдірігі арқылы интерьер кеңістігінің ішінде еркін қозғалып көруді меңгерді. Бұл тәсіл дәстүрлі үш өлшемді модельдеумен салыстырғанда жұмысты едәуір жылдамдатты. Кейін ол жинаған тәжірибесін курстастарымен бөлісіп, сәулет және инженер мамандығында оқитын студенттерге арнап шеберлік сабақтарын өткізді. Осы тәжірибе Данельді Хьюстон университетінде өткен панельдік талқылауға шақыруға себеп болды. Онда түрлі саланың мамандары виртуалды шындықты қолдану жолдарын талқылады. Уақыт өте келе дизайнер бұл технологияларды коммерциялық кеңістіктерді жобалау барысында да кеңінен қолдана бастады.
Бүгінде «Studio Danel» коммерциялық та, тұрғын үй бағытындағы жобалармен де айналысып келеді. Қазіргі уақытта Данель Хьюстонның беделді аудандарының бірінде орналасқан екі тұрғын үйдің жобасымен айналысып жүр. Әр үйдің аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды. Жұмыстар люкс санатындағы «Iraj Taghi Custom Homes» құрылыс компаниясымен бірлесіп жүзеге асуда. Сонымен қатар Данель жаңа коммерциялық бағыттар бойынша келіссөздер жүргізуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ