Мәдениет

Аққан жұлдыз

Ол күні қазақ елінің ашық аспанын қазбауыр қою қара бұлт басып, күн көзі тұтылғандай болды. Желтоқсанның ызғырық желі өңменнен өтті. Көк төрінде самсаған көп жұлдыздың бірі найзағайдың отындай жарқылдап, жер бетіне қарай құлдилай ақты. Бұл Сарысудың саңлағы, кино мен театрдың тарланы, алты Алаштың ардақты ұлы Асанәлі Әшімовтің құйрықты шоқ жұлдызы еді.

Қазақ өнері қара жамылды. Елін сүйген, елі сүйген, көзтірісінде аңыз адам атанған абыз ақсақал 88 жасында ата-бабаларымыз «Бес күндік жалған дүние» деген өмірден өтті. Суыт та қаралы хабар ет жүрегі мен қазақпын деп лүпіл қаққан ел-жұрттың есін алып, еңсесін езіп, қабырғасын қайыстырып жіберді. Аузын арандай ашқан аждаһа ажалға елінің еркесі мен серкесі болған асыл жанды ешкімнің де көңілі қимады. Бақилық болғанына көрген түстей сене алмай қиналды. Өмірдің жазылмаған заңы қатал екен. Жарық дүниеге келу бар да, кету хақ екенін дәлелдеді. Көптің бірі емес, бірегейі, анадан арда туған дара тұлға мәңгілік ұйқы құшағындағы мекеніне аттанып кете барды. «Өмір–мәңгі ұйқы алдындағы серуен» деген сөздің де осындайдан қалғанына шүбә келтіре алмайды екенсің.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады», – деп жазылған жеделхатта.

Салмағы қорғасындай зілбатпан  қаралы хабарды ауыр сезіммен қабылдаған халықтың көңіл айтқан сөздері ғаламтордағы әлеуметтік желіде бірінен кейін бірі жарияланып жатты. Қазақ өнерінің қара нарынан айырылған ел-жұрт бір-біріне көңіл айтып, өз-өздерін жұбатты. Телеарналар тікелей эфирден аңыз адамды ақтық сапарға шығарып салған қаралы жиыннан ақпараттар таратты.

Алты Алаштың бір туар азаматымен қоштасу рәсімі Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен екен. Аңыз адаммен қоштасуға келген жандардың қарасы қалың болғаны соншалықты көшедегі көлік қозғалысы да бір сәтке тоқтап қалыпты. Мұның өзі халықтың ақтаңгер актерға деген шексіз сүйіспеншілігі, қимастық сезімге бой алдырған мөлдір махаббатының куәсі еді.

Бұл күні театр сахнасында жасындай жарқылдаған ұлы актер сүйікті көрермендерін үнсіз, тілсіз мәңгі ұйқы құшағында, алып жүрегі дамылдаған күйі қарсы алды. Көк төрінде қалықтаған тырнадай тізбектеліп, дара тұлғаның өшпес рухына тағзым етіп, үнсіз қоштасқан халықтың көңілдері құлазыды, жүректері сыздады, жандары жараланды, жанарлары мөлдір жас тамшыларына шыланды. Беу, жалған, бір кем дүние-ай десеңізші... Халық әнінде айтылғандай «Бұл дүние көзді ашып, жұмғандай-ақ» екен-ау. Аңыз адамның талайғы тағдырының талқысы, пешенесінің ашық маңдайына жазуы осылай болса амал қанша.

Қазақ өнерінің жарық жұлдызының орны толмас қазасына өзегі өртене өкінбеген жан болмаған шығар. Қазақ халқын сайыпқыран өнерімен әлемге танытқан Асанәлі ағамыз жайлы танымал тұлғалардың қамыққан көңілмен тележурналистерге берген ауызекі сұхбаттарына, көпшіліктің әлеуметтік желі парақшаларындағы жазбаларана да көз жүгірткеніміз жөн болар.

Ерлан Карин, Мемлекеттік кеңесші: «Асанәлі ағамыз асқақ асқар еді. Өзі де ірі, сөзі де ірі, ісі де ірі болатын. Осындай нар тұлғалардан үлгі алайық. Бір болайық, биік болайық. Асыл ағамыздың өмірдегі жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады».

Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары- Мәдениет және ақпарат министрі: «Ардақты ағайын! Ұлт руханиятының абыз ақсақалы, қазақ мәдениетінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Барша алаш жұртына, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамын.

Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Асанәлі ағамызбен бірге тұтас бір дәуір өткендей. Ерек талантымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін бір биікке көтеріп, қалың қазақтың қадірлісіне айналды. Көпжылдық еселі еңбегі үшін Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

Мен де ағамызбен етене жақын араласып, сыйлас-сырлас болдым. Әкемнің көзін көріп, дәмдес болғанын жиі айтып отыратын. Айналасына қамқор, кісілігі мен кішілігін сақтаған, жүрегі кең жан еді.

Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды. Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз».

Илия Жақанов, сазгер, Қазақстанның Еңбек Ері: «Егіздің сыңарындай болған Асанәлі... Асеке, сен қайда кеттің?! Мен қайда қалдым?! Баяғыда Бекежанның рөлін ойнап жүргенде: «Ә, не десем екен мына дүниеге?» - деуші едің, бәтуәсіз, тұрақсыз, бейопа өмірдің опындырған мына ісіне мен де не дейін деп отырмын. Сенің жалындаған бар өмірің қас-қағым сәттік болғаны ма? Не десем екен? Әр нәрсеге икемді қызыл тілге не болған? Тілім күрмелді. Төңірегім қарауытып кетті. Жан-жағыма қарасам бір құйрықты жұлдыз ағып бара жатты. Сол жұлдыз сенсің бе, Асеке, құдай-ау?! Жә, сені іздеп соңғы деміміз біткенше осылай дей беретін шығармыз, амал жоқ...

Екеуіміз Байқадамның мектебінде 8 класта бірге оқыған түлек едік. Көп хикаяны айтып керегі не?! Бүкіл өміріміз бірге өтті ғой. Бәрі көз алдымда. Бәрі есімде. Сен қазақтың театр және кино өнерінде бір халықтың ғана ұлттық мақтанышы болған жоқсың, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бір ғана емес бірегейі болдың. Көп айт, аз айт, сенің мына кетісің ұлы даланы тітіреткен ұлттық қайғыға айналды, қабырғамызды сөгіп. Халқыңа сүйікті болғанға не жетсін, жалғыз мен ғана емес, елің жоқтап отыр. Тағы да не дейін, өкінішпен бітетін жазмыш ісіне дауа жоқ екен. Сені сағынышты көңілмен жоқтай жүрерміз, Асеке...

Хош бол, бауырым! Алдыңнан пейіш нұры шалқысын».

Меруерт Өтекешова, Қазақстанның халық әртісі: «Маған, Асанәлі ағамыз аға, актер, ұстаз, дос ретінде көп көмек көрсетті. Мен өнер жолын алғаш бастағанда өте жас болдым. Төлегенім алыс жолға кетті, енді Бекежаным – Асанәлі аға да бүгіннен бастап алыс жолға кетті. Енді жоғарыда бір-бірімен кездесіп, бізге жұлдыз сияқты қарап, қамқорлығын көрсетеді. Әттең, 1 жыл жетпей қалды. Келесі жылы театрымыздың 100 жылдығы тойланады. Қалай болса да, Асанәлі ағаның орнын ешкім баса алмайды».

Қымбат Әбілдина, ҚР Мәдениет қайраткері: «Қазақ қандай, қазақтың ер азаматы қандай, тұлғасы қандай дегенге Асанәлі ағаның бүкіл болмысы сөйлемей-ақ, қасы, қабағы, басынан аяғына дейін жауап беріп тұратын. Міне қазақ дегізіп. Бүгін біз сол тау тұлғадан айырылып тұрмыз. Ардақты ағаның қазасына бүкіл қазақ халқының жүрегі ауырды. «Қазақ деген кім?» деп сұрағанда, Асанәлі ағаны ұялмай, мақтанышпен көрсете алатын едік. Ол - кешегі ғасырдың да, бүгінгі ғасырдың да бет-бейнесі, беделі, бүкіл қазақтың төлқұжаты болды».

Бақыт Беделхан, ақын: «Бүгін тау құлап, бәйтерек сынып түскендей әсерде тұрмыз. Аспан аласарып, бүкіл қалың қазақ қайғырып, қабырғасы сөгіліп, көз жастары төгілді. Жоқтан бар жасайтын - Құдай, өлгенді тірілтетін - өнер. Сол өлген өнерді тірілтіп, өрге сүйреп, бүкіл Алаштың батасын алып, ақыры өзі абызға айналған жасқа келді. Қазақтың бүкіл өнерін, рухын, қасиетін, бар болмысын әлемге танытты. Асанәлі ағам өзі: «Ұлылардың бәрі түсіме кіреді, сағынамын. Менің бұл дүниедегі қатарым азайды, о дүниедегі достарым көп» деп жиі айтатын. Тағы бірде: «Ешкімді әуреге салмай, өзім де қиналмай, ұйықтап кетсем арманым жоқ» дейтін. Сол арманына жетті. Мұны қазақ «ақ өлім» дейді. Бүкіл қазақтың алақанында тұрып, ақ өліммен кету – кез келгенге бұйыра бермейді. Асекеңнің өмірі - өнеге, тағдыры - тағылым, ғұмыры ғибрат»,

***

Иә, мұндай сезімге селкеу түсіріп, көңілді босатқан, жігеріңді жасытқан  ой-пікірлер желдей ескен желі парақшаларында аз болған жоқ. Оның бәрін жаза беру тағы да мүмкін емес.

Асанәлі Әшімов абырой-атақтан кенде болған жоқ. Ерлікке пара-пар ерен еңбектері орынды бағаланды. 1976 жылы Қазақ  КСР халық әртісі, 1980 жылы КСРО халық әртісі атақтары берілді. 1973 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының, 1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2017 жылы елдегі ең жоғары марапаттардың бірі-Қазақстанның Еңбек Ері атағы табысталды.

Асанәлі ағамыздың жүрген жері той-думан, қуаныш, бақыт еді. Кең байтақ жеріміздің қай өңіріне барса да әуежайдан халқы қоңыр домбыраны күмбірлетіп, сыбызғыны сызылтып, сырнайды сарнатып, әуелете ән салып, құшақ жая қарсы алды. Ел-жұрты мәртебесін аспандатып еркелетті. Ағамыз да еркелеп өмірден өтті. Елеулі оқиға санада жатталып қалады екен. Ұмытқаным жоқ. Әлі есімде жаңғырып тұр.

Өткен ғасырда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде «Қыз-Жібек пен Төлеген үйленді» деген тақырыпта мақала шықты. Жұлдыздары жарасып, тағдырлары тоғысқан Меруерт пен Құманның отау үй тіккен тойларын Асанәлі (Бекежан) ағамыз басқарып,  тамада болып, дүркіретіп өткізгенін біреу білсе, біреу білмес. Сол тойда «Қыз-Жібек» фильмінен үзінділер көрсетіліп, тойға жиналған көпшілік ерекше көңіл күйге бөленіпті.

Асанәлі аға теледидар­ журналистеріне берген сұхбаттарының бірінде «Өмірге өкпем жоқ» деген еді. Өнердегі жолы жарқын болса да, талай сынақты тосқан тағдырына өкпесін айтқан емес. Дүниеге ірі болып келіп, тау тұлға болып қайтты. О дүниелік болған ұстаздары Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Каукен Кенжетаевты жиі еске алатын. Енді өзі де қалың ел қазағын аһ ұрғыза өкіндіріп, жағалауға қайта келместің кемесіне мініп кете барды. Табиғи талантына бас иген ел-жұрты саналы өмірі сахна төрінде өткен аяулы ұлына көрсеткен соңғы құрметіндей қимастық сезіммен қол шапалақтап шығарып салды...

Даңқты тұлғаның туған жерге, өскен елге деген махаббаты тым өзгеше еді. Әрбір сұхбатында туған жері жайлы бір үзік сыр айтпай қалған емес.

 

АСҚАРӘЛІНІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ

Өткен күнде белгі бар. Енді Асанәлі ағамызға қатысты боямасыз өмірдің шындығын, болған қызықты оқиғаның бірін сөз етудің орайы келіп-ақ отыр. Саудакент ауылында еліне елеулі, халқына қалаулы болған, соғыс және еңбек ардагері Тоғай Мәмбетов есімді азамат болды. Осы ағамыздың сүйікті ұлдарының бірі Мендияр асқар тау әкесі жайлы кітап жаздырды. Авторы мен едім. Тақырыбын «Жапырағын жайған бәйтерек» деп қойған кітапқа көзкөрген замандастары, ағайын-туыс, жекжаттары, ұрпақтары әсерлі эпизодтарға толы естеліктер жазды. Естелік жазып бергеннің бірі атқа мініп, мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған Тұрсынбек Ысқақов есімді ағамыз еді. Бұл ағамыз жазған естелігінің тақырыбын «Асқарәліні жекпе-жекке шақырды» деп қойған болатын. Баспа бетін көрген кітаптағы естелікті қаз қалпында жазуды жөн көрдім.

– Тоғай ағамыздың өмірінен есте қалған, ешқашан ұмытылмайтын, өзім куә болған бір қызықты оқиғаны айтайын, – деп бастаған еді Тұрсынбек аға әңгімесін, – «Қыз Жібек» фильмінің жаңадан шыққан, көрермен қауымның ыстық ықыласты назарына іліккен кезі еді. Ол тұста бүгінгідей сан тілде сайраған теледидар, іздеген жоғыңды табанасты тауып беретін ғаламтор жоқ. Киноны тек мәдениет үйінен көреміз. «Қыз Жібек» фильмін республикалық газет-журналдар мақтап, шулатып жазып ел-жұрттың құмарлығын одан сайын арттырып жіберді.

Содан, көп күндердің бірінде «Ауданымызға «Қыз Жібек» фильмінің ленталары келеді екен» деген көпшілікке жағымды жаңалықты да естідік. Одан бері көп жылдар өтті ғой. «Қыз Жібек» фильмінің ленталары қай ай, қай күні келгені есімде жоқ. Ол кезде аудан орталығы Байқадам. Билеттер үш күн бұрын сатылып кеткен. Билет іздеп шағаладай шарқ ұрып жүрген адамдарда есеп жоқ. Шынымды айтсам, сол тұста халықтың өнерге деген сүйіспеншілігі де тым ерекше еді.

Менің де мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған кезім болатын.  Аудандық оқу бөлімінің басшысы едім. Сонымен аудан басшылары, үлкенді-кішілі жақсы мен жайсаңдар, ауыл тұрғындары «Қыз Жібекті» көруге күн кештете мәдениет үйіне жиналдық. Мен атақты актер Асанәлі Әшімовтың немере ағасы Асқарәлі Мәдікеновпен орындыққа қатар жайғасыппын. Тоғай аға секілді үлкендер алдымыздағы орындықтарға қоныс тепті.

Көптен асыға күткен «Қыз Жібек» фильмі де басталып кетті. Шытырман оқиғалы кино «ә» дегеннен-ақ көрермен қауымды баурап алды. Шындықты айту керек. Әсіресе, «Қыз Жібектің» басты кейіпкерлерінің бірі  Төлегеннің туысқаны болып келетін, көрермен болып отырған ауылдағы Жағалбайлы руының жігіттері мәз. Киноның ішінде өздері де жүргендей болып отыр. Байқаймын, руы Жағалбайлы Тоғай ағам да жақсы кинодан рухани ләззат алып, рахаттанып отырған сыңайлы.

Көрермен қауымды сілтідей тындырған «Қыз Жібек» фильмі Төлегеннің қайғылы өлімімен, өзекті өртеген өкінішпен аяқталды. Кино бітісімен қаракөлеңкелеу болып тұрған мәдениет үйінің іші электр шамдары жанған соң самаладай жарық болып кетті. Орнынан асығыс атып тұрған Тоғай ағам  Асқарәліге түсін суыта қарап, жағасынан ала түсіп:

Көпшілік қыран-топан тегін күлкіге қарық болып, рахаттанып қалды. Арашаға да түсіп жатыр.

– Сабыр сақтаңыз, Тоғай аға.

– Төлеген ініңіз тірі.

– Аман-есен Алматыда жүріп жатыр.

– Бекежанның рөлін ойнаған Асанәлі ініңіз емес пе?

 – Бұл кино ғой, – деген басу айтқан сөздер де айтылмай қалған жоқ.

Райынан тез қайтқан Тоғай аға:

– Ә, солай ма еді?-деп Асқарәлінің жағасынан қолын босатты.

Меніңше атақты актер Асанәлі Әшімовтің фильмдегі шебер ойындары Тоғай ағамыздың сезіміне ерекше әсер етіп, актердың қылаудай кінәсі жоқ немере ағасы Асқарәліні жекпе-жекке шақыруға мәжбүр  етсе  керек. Иә, аудан орталығы Байқадамда осындай қызықты оқиға да болған.

Асанәлі ағамыз от ауызды орақ тілді, айтар сөзін тауып та, қауып та айтқан жаны жайсаң жан еді ғой. Әдемі әзіл, қылықты қалжыңды да өз орны, жөнімен айта білген. Енді ағамыздың ауыл айтқыштарының ел ішінде аңыздай етіп, бұлбұлша сайрап айтып жүрген әзілі мен тапқыр сөздеріне кезек берелік.

 

Кезек дүние

Асанәлі аға асқаралы 60 жасқа толады. Марапат, құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылады. Жас әртістер:

– Қария, сары тісті шал болғаныңыз құтты болсын, – деп бұлттан шыққан күндей, айсыз түнгі жұлдыздай жымыңдасады. Сонда Асанәлі аға:

 – Күліңдер, әбден күліп қалыңдар. Мен де Серке Қожамқұлов секілді арыстан ағамды 60-қа толғанда мазақ етіп күлгем. Кезек дүние. Енді өз басыма келіп тұр, –  деген екен.

 

Ешкімге бермей, өзің же

Жастай жесір қалып, өмір тауқыметін тартқан Тәжіхан апамыз жалғыз ұлы Асанәлісін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, жеткізді. Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлдың тілеуін тілеумен 90 жасында дүниеден өтті, жарықтық.

Асанәлі ағамыздың ердің жасы елуден асқан тұсы екен. Қызмет орны М.Әуезов атындағы драма театрында әртіс. Қазақ театрының қара шаңырағындағы жұмыс тым қауырт. Күндіз спектакльге дайындық, кешке қойылым. Көрермен қауымның талғамы жоғары. Театр әкімшілігінің талабы одан да күшті. Әртістер түскі асты театр асханасынан ішуге мәжбүр.

Асанәлі ағаның асығы түгел. Түсте ішер асын анасының өзі дайындап, жол дорбасына салып береді де:

Содан талтүс болады. Әртістер «репетициядан» қара терге шомылып шығады. Асанәлі аға асханаға ертерек келіп, жол дорбасындағы ас-ауқатын үстел үстіне жайып салып ішуге кіріседі. Бәрі бар. Қазы-қарта, жал-жая, айран-сүт, құрт, ірімшікті көрген өзінен жасы кіші әртістер:

 – Асеке, ас болсын. Ауыз тиейік.

–Қазы қалың екен. Жүрекке тиер. Көмектесейік.

Асанәлі аға күлім қағып жауап қайтарады:

– Анамның «Ешкімге бермей, өзің же. Кешке дейін тауыс» деген қатаң бұйрықты тапсырмасы бар.

Шіркін, есейіп кетсе де ұлын сәбиіндей көрген ана жүрегі-ай. «Ананың көңілі-балада» деген қанатты сөз де осындайдан қалған-ау, шамасы.

 

Ағамыз тарқатқан отырыс

Марксизм-ленинизм ілімі насихатталып, Кеңес одағын коммунизм елесі кезген кезең екен. Қонаққа жиналған көпшілік тұз-дәмі жоқ, қысыр әңгімені гөйітіп, сағыздай созып отырып алады. Мезі болған Асанәлі ағамыз әңгімеге тосыннан килігіп:

Елең еткен коммунист шенеуніктің бірі:

Асанәлі аға іркілмей жауап қайтарады.

– Маркс бабаңыз «Отырған отырыстың да тарқайтын уақыты болады» депті.

Сөз төркінін түсінген қонақтар жылы орындарын суытып, өре түрегеліпті.

 

Менің әкем бай болмаған

Алатаудың баурайында Шоқан Уәлиханов туралы кино түсіріліп жатады. Режиссер Асанәлі аға, басты кейіпкер Шоқан рөлінде ұлы Сағи. Бір күні әкелі-балалы екеуі кештетіп үйге қайтады. Таксидің техникалық есептегіш құралы кеңес ақшасымен 2 сом 70 тиын жолақыны көрсетеді. Артқы орындықта отырған Сағи лып етіп түсіп кетеді де, жүргізушіге 3 сом ұсынған әкесі асыға қоймайды. Таксистен 30 тиын қалдықты алған соң барып көліктен түседі.

Сонда Сағи тұрып:

–  Жоқ, балам, мен аламын, – дейді. Асанәлі аға сабырлы үнмен, – Менің әкем сенің әкеңдей бай болмаған. Жетім өскенмін. Менің алғаным дұрыс.

 

Тал түсте үйленемін бе?

Өнер жұлдыздарының отбасылық өмірі жұртшылықтың көз алдында. Тағдыр тәлкегі, жазмыштың жазуы Асанәлі ағамыздың да шаттыққа толы шаңырағын айналып өткен жоқ. Жан жары Майра, сүйікті ұлдары Мәди мен Сағи, асыл анасы Тәжіхан өмірден озғанда даңқты актермен бірге ел-жұртының да қайғыдан қабырғасы қайысқанын жақсы білеміз.

Бәріне уақыт емші. Өнер тарланының жаны жабырқап, салы суға кетіп жүргенде Бағдат жеңгемізді құдай қосты. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бойынша құдалар қонаққа келеді. Жетпістің жотасына шыққан Асанәлі аға дастархан үстінде:

Бұл сөзді ұнатпаған досы Шота Уәлиханов ым қағып Асанәлі ағаны сыртқа шығарып алады да:

Сонда Асанәлі аға:

 

Атқан оқтай, шапқан аттай зымыран уақытта тоқтау болған ба? Көзден кетсе де көңілден кетпейтін Асанәлі ағамыздың жарық дүниеден озғанына да қырық күннің жүзі толып қалыпты. Жақсының аты өлмейді. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші қазақ өнерінің шоқ жұлдызы, кино және театр тарланының өшпес рухы сәт санап аспандап, асқақтай бермек. Бүгінде ғаламтордың қоржынды сандығы аңыз адамға деген сағыныштан болар, Асанәлі Әшімов жайлы үзік сырлы пікірлерге толып кетті. Олай дейтінім, Асанәлі ағамыз басты рөлдерде ойнаған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» фильмдерінің соңында әлеуметтік желіде пікір жазғандардың қарасы қалың.

Қазақ өнерінің шежірелі тарихына соны із, өшпестей мәңгілік таңба салған тума талант перзентін халқы ешқашан ұмыта алмайды. Сахна төріндегі спектакльдерде  жай отындай жарқылдап ойнаған сәттерін аңсағанда көркем фильмдердегі жарқын бейнесін қайталап көріп, сарғайтқан сағыныш сезімдерін басатын болады. Қош, анадан арда, дара туған, алты Алаштың аяулы ұлы болған, асыл аға!

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист