Періштелер мекенінің перизаты
Медицина саласы – адам өмірімен тікелей байланысты, үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Осы саланың жүрегі деуге болатын мамандықтардың бірі – медбике. Олар науқастарға күтім жасап қана қоймай, олардың сауығып кетуіне барынша қолдау көрсетеді. Мейірімділік, сабырлылық пен кәсіби біліктілікті талап ететін бұл мамандық иелері қашанда қоғамның ерекше құрметіне лайық.
Өңіріміздегі осындай алғыс арқалаған ақ халатты абзал жандардың бірі – жас медбике Шұғыла Орынбай. Ол бүгінде облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінде, нақтырақ айтқанда, реанимация бөлімінде қызмет атқарады. Әрдайым адам жанының арашашысы болуды мақсат тұтқан жас маман өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды.
Әрине, медбике мамандығы бір қарағанға қатардағы кәсіптердің бірі болып көрінуі мүмкін. Тіпті, кейбірі бұл саланың ауыртпашылығы мен жауапкершілігінен қашатыны да жасырын емес. Алайда, Шұғыла Жандосқызы бұл жолды жүрек қалауымен таңдаған жан. Ол үшін медицина – жай ғана жұмыс емес, өмірлік ұстаным.
Шұғыла Жандосқызы 2004 жылдың 19 қыркүйегінде Байзақ ауданына қарасты Мәдімар ауылында дүниеге келген. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте білім ала жүріп-ақ, болашақ мамандығын анықтап, медицина саласын таңдаған.
Жас маман өз тәрбиесі мен таңдаған жолында ата-анасының қолдауы ерекше рөл атқарғанын атап өтеді. Адал еңбек пен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген ата-анасының сенімі – оның басты мотивациясы.

Арманы мен мақсатын ұштастыра білген ол 2023 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжін «Медбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, небәрі 18 жасында еңбек жолын бастайды. Жас болса да, үлкен жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін сол алғашқы күннен-ақ дәлелдей білді.
Оқу орнын аяқтаған соң Шұғыла Жандосқызы облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінде еңбек жолын бастады. Көпшілік үшін үрейлі көрінетін бұл бөлім жас маман үшін сабыр мен төзімділіктің, кәсіби шыңдалудың нағыз мектебі болды. Себебі, мұнда әр секунд, әрбір қабылданған шешім жаңа туған нәрестенің өміріне тікелей әсер етеді.
Бұл бөлімде салмағы небәрі 500 грамм болатын шала туған сәбилер де ем қабылдайды. Кей жағдайларда олардың өмірі үшін күрес апталап, тіпті айлап жалғасады. Осындай сын сәттерде нәрестенің аман-есен реанимациядан шығып, ата-анасының қолына табысталуы – медицина қызметкерлері үшін ең үлкен жеңіс. Осындай өмір мен өлім арпалысқан ортада қаршадай қазақ қызының еңбек етуі – нағыз ерлік деуге болады.
Жас медбикенің кәсіби қалыптасу жолында тәжірибелі әріптестерінің қолдауы ерекше. Шұғыла Жандосқызы облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Талғат Толықбаевқа, бөлім меңгерушісі Лора Асановаға, сондай-ақ реанимация бөлімінің дәрігерлері Мұрат Рүстемовке, Шавкат Худайбергеновке және Гүлдана Пошакаеваға көрсеткен қамқорлығы мен үйреткен тәжірибесі үшін алғысын білдіреді.
Қазіргі таңда періштелер мекенінде еңбек етіп жүрген жас медбикенің арманы асқақ, жоспары айқын. Ол болашақта медицина саласында кәсіби деңгейін арттыруды мақсат етеді. Оның айтуынша, медицина – тағдыр мен жүректің таңдауы.
Сөз соңында Шұғыла Жандосқызы медбике мамандығын таңдауға ниетті жастарға өз кеңесін де жеткізді.
Шынында да, медбике болу – тек ем-шара жасау емес, алдымен адам жанының арашашысы болу. Осындай жауапкершілігі мол жолды таңдаған жас маман Шұғыла Орынбайдың алдағы уақытта білікті дәрігер атанып, ел игілігіне қызмет ететініне сенім мол.
Өркенің өсе берсін, жас маман!
Толқын ӨМІРБАЕВА,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі