Нәтиже нақты іспен келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде табиғаты таңғажайып орындардың аз еместігін алға тартып, туризм саласын дамытуға мүмкіндіктің мол екендігін үнемі айтып келеді. Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселеге кеңінен тоқталды.
Мемлекет басшысы: «Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.
Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады», –деді Мемлекет басшысы.
Президенттің туризм саласын дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бұл тұрғыда алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Мысалы, өткен жарты жыл ішінде бірқатар өңірлерде, атап айтқанда Жетісу облысындағыдай, туризм саласында тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды. Алакөлге жақын маңдағы елді-мекендерде су бұру және жағалауды бекіту ісі қолға алынды. Шығыс Қазақстан облысында танымал туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылды. Бұл үлкен жұмыстардың бастамасы ғана. Яғни, алдағы міндеттердің ауқымы кең.
ЖЕДЕЛ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде туризмді дамыту мәселесі күні кеше Үкімет отырысында қаралды.
Жалпы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52-орынға көтерілді (бұрын 66-шы орында болатын). Мақсат – үздік 50 елдің қатарына кіру. Еліміздің туризм саласында негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны 12 пайызға өсіп, 10 миллион адамнан асты. Қонақ үйлер, мейманханалар және тағы да басқа нысандарда 4,5 мыңға жуық орын бар.
Сонымен қатар туристік аймақтарда жүргізілген кешенді тексерулер бұл салада әлі де жүйелі мәселелердің барын анықтады.
Атап айтқанда, көптеген нысандарда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтеріледі. Көптеген кәсіпкерлер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды. Мәселен, Қарағанды облысында қазіргі таңда 149 көпшілік демалыс орнының ішінде 80 нысан ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. Ал, 28 жағажайдың тек 3-еуіне тиісті ұйғарым берілген.
Бұдан басқа көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету мәселесі мен жол бойындағы сервиске қатысты үлкен сұрақтар бар.
Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді. Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді.
Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат.
Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп.
Осындай мәселелерді шешу үшін барлық әкімдіктің, «Атамекен» палатасының, әр өңірден туризм саласындағы ірі кәсіпкерлердің, сондай-ақ тиісті сарапшылардың қатысуымен Жедел үйлестіру кеңесі құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басшылық етеді.
Айта кету керек, үйлестіру кеңесі Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен ескертулерін ескере отырып, бір ай ішінде Туризмді дамыту тұжырымдамасына Іс-қимыл жоспарын жаңартуы тиіс.
Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары үшін тиісті индикаторларды қарастырылып, туристік бизнесті қолдаудың нақты әрі тиімді шараларын әзірленеді. Әрі қарай туристік маусымды жедел қамтамасыз ету барысы жергілікті жерлерде әр облыстағы Жедел штабтардың бақылауымен жүзеге асырылады.
ТУРИЗМГЕ САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 32 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Халықаралық туристерді тарту және заңнамалық қолдау – Президенттің саланың даму қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға басты негіз. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтып берді. Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, саладағы басты көрсеткіштердің өскені байқалады.
Инвестиция тарту бағыты бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 32 пайызға өсіпті. Бұл – 1 триллион 254 миллиард теңге. Министрліктің тізімінде жүзеге асырылу жоспарланған 328 инвестициялық жоба қамтылған.
Негізгі жобалардың қатарында «Ой-Қарағай» тау-шаңғы курорты, «Hilton» және «Mandarin Oriental» қонақ үй кешендері, «Жібек жолы» ойын-сауық кешені, «Keruen Inn» жол бойындағы сервистік объектілер желісі бар. Аталған жобаларды жүзеге асыру туризм саласында шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, бірыңғай стильді ұстану бойынша ұсынымдар да әзірленді. Мысалы, Қонаев, Павлодар қалаларында және Бурабай курорттық аймағында стандарттарға сәйкес осындай жағажай үлгілері бар. Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы жобасы дайындалды. Бұл құжат курорттық аймақтарды қажет инфрақұрылыммен жабдықтауға және туристердің демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қарастырады. Жоба мемлекеттік органдармен алдын ала келісілген. Әкімдіктерге Жол картасын белгіленген мерзімде жүзеге асыру тапсырылыпты. Министрлік маусым басталғанға дейін курорттық аймақтарды тексеру жұмысын жалғастыратын болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстандағы туризм саласын дамытудағы басымдыққа ие аймақтарды да белгілеп берген болатын. Олар: Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік аймағы. Жоғарыда аталған аумақтар үшін Кешенді даму жоспарлары жасалды, оған инфрақұрылым құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, саланы ілгерілету мен цифрландыру кіреді. Кешенді даму жоспары аясында Алматы тау кластерінде жұмыс істеп тұрған тау-шаңғы курорттарын кеңейту мен оларды бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланып отыр.
Қосымша түрде 30 арқанжол мен шаңғы тебетін 161 шақырым жол пайда болады. Осы арқылы қазіргі жүктемені азайтып, жыл сайын келетін туристер ағынын 5 миллион адамға дейін көбейтуге болады. Бұл жобаның аталған аймақ үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық әсері бар. Себебі, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, тауда шаңғы тебетін бір турист жағажайға баратын туристпен салыстырғанда жеті есе көп ақша жұмсайды.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары аясында инфрақұрылымды дамыту арқылы Щучье мен Бурабай көлдеріне түсіп тұрған жүктемені Қатаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдеріне бөлу көзделген. Кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде өткен жылы Бурабай кентінде «Променад» аймағы, 10 шақырымға созылған веложол салынды. Сондай-ақ 8 жаңа қарау алаңы, 4 автотұрақ пайдалануға берілді. Щучье көліндегі қоғамдық жағажай абаттандырылып, экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды.
Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру арқылы 2029 жылдың соңына дейін шетелден келетін туристерді 94 мың адамға дейін, туризм саласында жұмыс істейтіндерді 32,5 мың адамға дейін көбейтуге болады. Келесі басымдыққа ие дестинация – Маңғыстау туристік аймағы. Осы орайда «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын дамыту, Бозжыра, Тамшалы және тағы сол сияқты ерекше табиғи объектілердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар туристік бағыт ретінде елдің тартымдылығын арттыра отырып, халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. Бұл туралы «Kazakh Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді.
Басқарма төрағасының айтуынша, «Kazakh Tourism» компаниясы жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстары жүргізілуде. Оның негізгі бағыттарының қатарында – халықаралық медиа-жобалар бар. Маңызды жобалардың бірі – қазақстандық және қытайлық бірлескен музыкалық тревел-шоу «Voice Beyond Horizon». Бұл жобаға Қазақстанның халық әртісі, туристік амбассадор Димаш Құдайберген бастамашылық етті. Жоба «Kazakh Tourism» үйлестіруімен, мемлекеттік органдар мен өңірлердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Түсірілімдер өткен жылдың қыркүйек айында Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында өтті. Жобаның премьерасы биылғы жылдың ақпан айына жоспарланған, оны қытай телеарнасының миллиардтаған көрермені тамашалай алады.
Сонымен қатар Қазақстан туралы халықаралық тревел-жобалар «Euronews Travel», «Amazon Prime Video», «Бірінші арна» және Францияның «M6» телеарнасында көрсетіліп, негізгі мақсаты нарықтарды қамтуға мүмкіндік берді. Тағы бір маңызды бағыт – цифрлық жарнама. Мысалы, көпке белгілі Наурыз онлайн-фестивалі жыл сайын жоғары қызығушылық тудырып келеді. Өткен жылы екі аптаның ішінде «TikTok» пайдаланушылары 25 мыңнан астам бейнеролик жариялады. Сонымен бірге Қазақстанның Қытайдың әлеуметтік желілеріндегі – «Weibo», «WeChat», «Rednote» платформаларындағы және әлемдік жетекші цифрлық алаңдардағы қатысуы тұрақты түрде дамып келеді. Айта кету керек, слайдта көрсетілген барлық жобалар мемлекеттік бюджеттен қаражат алмай, серіктестікпмен демеушілердің қолдау есебімен жүзеге асырылуда. Халықаралық ілгерілету аясында өткен жылы еліміз 14 халықаралық туристік көрмеде таныстырылды.
Бұдан бөлек, Алматы қаласы Азия мен Таяу Шығыстағы мақсатты қалаларда, соның ішінде Мумбай, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапурда 10 роуд-шоу өткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар шетелдік туристік сала мамандарын қабылдау жұмысы жүргізілуде. Өткен жылы 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Нәтижесінде жалпы қамтуы шамамен 32 миллион қаралымды құрайтын 88 жарияланым жарық көрді. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі Қазақстанның халықаралық деңгейде тұрақты мойындалуынан көрініс табуда.
Еліміз үнемі жетекші әлемдік медиа мен туристік платформалардың рейтингтері мен ұсынымдарына еніп келеді. Соның айқын дәлелі – «Bloomberg» нұсқасы бойынша Алматының 2026 жылға арналған саяхат бағыттарының тізіміне енуі. Жалпы, Орталық Азия мен Ұлы Жібек жолы тұрақты туристік тренд ретінде қалыптасты. «The Telegraph» басылымы елімізді биылғы ТОП-20 туристік бағыттың қатарына енгізсе, «Vogue» журналы Қазақстанды 2025 жылғы ТОП-14 бағыттың бірі ретінде атады. Негізгі нарықтарда қызығушылықтың тұрақты өсімі байқалуда. Қазақстан «Lonely Planet Best in Travel» рейтингіне енді. Қытайда «Tongcheng» туристік платформасы елімізді болашағы зор бағыттардың қатарына қосты. Үндістанда «India Today» және «Economic Times» басылымдары Қазақстанды атап өтті. Араб елдері нарығында Құрбан айт кезеңінде Қазақстанға сапарларға қызығушылық 195 пайызға артты. Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар халықаралық деңгейде жоғары баға алып, елімізге туристік бағыт ретіндегі сенімді арттыруда.
Осының аясында туристік өнімдердің географиясы мен түрлері айтарлықтай кеңейді. Бүгінде ТМД, Еуропа және Азияның 18 ірі онлайн-платформасында Қазақстан бойынша 1100-ден астам тур ұсынылуда. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе өсім. Биыл өңірлерге басымдық бере отырып, турлар санын одан ары арттыру міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын өтетін іс-шаралардың бірыңғай оқиғалар күнтізбесі қалыптастырылды.
КУРОРТТЫҚ АЙМАҚТАРДА 3 ӘУЕЖАЙ САЛЫНЫП, АЛАКӨЛГЕ ҚОСЫМША ПОЙЫЗДАР ЖІБЕРІЛЕДІ
Туризм саласын дамыту үшін инфрақұрылымды заман талабына сай жетілдірудің маңызы зор. Әсіресе экономиканың күретамыры саналатын жолдарды жақсарту кезек күттірмейтін іс. Осы орайда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жүйелі жұмыстардың жүзеге асып жатқанын айтады.
Оның айтуынша, автожолдарды жөндеу аясында 5 мың шақырым Жаңаөзен – Кендірлі, Өскемен – Катонқарағай, Көкшетау – Зеренді, Кеген – Қырғызстан шекарасы және Қалқаман – Баянауыл бағыттарындағы учаскелер жаңартылуда.
Жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға апаратын 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда. Сондай-ақ «Қазавтожол» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдіктері жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар жол бойындағы сервис объектілерін ұстауға жұмсалатын шығындарды өтеу тетігін енгізді.
Аталған шаралар туристік нысандарға жету уақытын қысқартып, жол инфрақұрылымының сапасын арттырады.
Теміржол саласында жолаушылар вагондары паркін жүйелі жаңарту жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы 175 жаңа вагон сатып алынса, биыл 191 вагон алу жоспарлануда. Жалпы 2030 жылға дейін шамамен 800 вагон жаңартылады. Бұл вагон паркінің 90 пайызына дейін жаңартуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың жазғы маусымында халықтың сұранысына сәйкес 13 қосымша бағыт ұйымдастырылып, шамамен 400 мың қосымша орын ұсынылады. Алакөл бағытына ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта 8 қосымша пойыз болады. Сонымен қатар, туристік дестинацияларда орналасқан 19 теміржол вокзалдарына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды.
Сонымен қатар биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады.
Асан ТІЛЕМІСОВ