Брифинг

Сот қызметкерлерінің жалақысы өсті

Осы жылдан бастап сот қызметкерлерінің жалақысы 16-32 пайыз аралығында өсті. Бұл өзгеріс алдағы уақытта кадр мәселесінің оң шешілуіне ықпал етеді деп күтілуде. Жалақының базалық өсімі 16 пайызды құрайды. Бұл өсім бөлім басшыларынан бастап төменгі деңгейдегі барлық мемлекеттік қызметкерлерге қатысты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Азиз Әлиев мәлімдеді.

Спикер Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің 2025 жылғы қызметі туралы баяндады. Азиз Құрманғалиұлының айтуынша, департаментте мамандардың бос орындарын барынша азайтуға күш салынуда. Өткен жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 2024-2025 жылдарда кадр жетіспеушілігіне талдау жасалып, жалақының төмендігі тәжірибелі мамандардың жұмыстан кетуінің негізгі себебі болып отырғанын анықталыпты.

Спикердің айтуынша департамент теңгерімінде 26 автокөлік болса, оның басым бөлігі қызметтік мақсатта пайдаланылуда. Былтыр әртүрлі мемлекеттік органдардан 7 автокөлік қабылданып, тозығы жеткен көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр екен. Қызметтік автокөліктерді пайдалану тәртібі қатаң бақылауда.

Сол секілді судьялардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Облыс бойынша жергілікті соттардың судьяларына барлығы 30 қызметтік үй-жай берілсе, оның 17-сі аудандық жерлерде, 13 үй-жай облыс орталығында. Есепті кезеңде Тараз қаласында екі бөлмелі бір тұрғын үй сатып алынып, кезек тәртібіне сәйкес ювеналды соттың судьясына берілген. Сол секілді департаменттің теңгеріміне Талас ауданы әкімдігінен бір қызметтік тұрғын үй қабылданған. Ал биыл Талас ауданы бойынша тағы екі қызметтік пәтерді теңгерімге алу жоспарда екен. Қазіргі таңда 23 судья қызметтік тұрғын үй алу кезегінде тұр. Оның ішінде 6 судья аудандық соттарда, 17 судья облыс орталығында қызмет атқарады. Былтыр қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру бойынша судьялардан үш өтініш түскен. Оның екеуі қанағаттандырылып, пәтерлер судьялардың меншігіне беріліпті. Бір өтініш құжаттарының дұрыс рәсімделмеуіне байланысты кері қайтарылған.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ