Волонтерлік – қоғам үшін қажетті күш
Волонтерлік қызмет қазіргі заманда әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық дамудың маңызды бағытына айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде еріктілер қозғалысы азаматтық қоғам институттарының негізгі құрамдас бөлігі саналып, әлеуметтік саланың бірқатар мәселелерін шешуде ерекше рөл атқарады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Мемлекет тарапынан еріктілердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі жалғасуда.
Еріктілер адамның рухани және адамгершілік қасиеттерін дамытып, бірлік пен ынтымақтастық мәдениетін нығайтады. Сондықтан волонтерлік қызметтің қоғам үшін маңызы орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қозғалысын дамыту қажеттігін бірнеше рет атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Президенттің бастамасымен 2020 жылы елімізде «Волонтер жылы» жарияланып, осы саладағы қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктерін қолдауға кең көлемде жағдай жасалды.
Еріктілердің атқарып жүрген жұмыстары көп саланы қамтиды. Олар табиғи апаттар кезінде шұғыл көмек көрсетеді, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қолдау көрсетеді, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдемдеседі, білім беру бағытындағы жобаларға қатысады, экология мәселелерін шешуге үлес қосады. Сонымен қатар, волонтерлік жастардың жеке тұлғалық дамуына да зор әсерін тигізеді. Волонтерлікпен айналысқан жас адам өзіне жаңа дағдылар қалыптастырады, басқару, коммуникация, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытады, командада жұмыс істеуді үйренеді. Мұндай тәжірибе оның болашақта кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етеді. Осылайша волонтерлік қызмет тек қоғам үшін емес, әр жас азаматтың жеке дамуы үшін де тиімді құрал болып саналады.
Жергілікті атқарушы органдар жастар ұйымдарымен бірлесе отырып, еріктілер қозғалысын кеңейту, жаңа жобалар әзірлеу, оқыту бағдарламаларын енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік деңгейде волонтерлердің мәртебесін арттыруға арналған бірқатар шаралар қабылданды. Қазіргі таңда еріктілердің еңбегін ресми түрде мойындау, олардың қызметін ынталандыру, арнайы гранттар мен сертификаттар беру жүйесі енгізілді.
Еріктілердің белсенділігі қоғамды біріктіріп қана қоймай, ел ішіндегі өзара сенімді нығайтады. Волонтерлік қызметтің кеңеюі – еліміздің гуманистік құндылықтарды дәріптейтін, жауапкершілігі жоғары қоғамға айналуына жол ашады.
Азамат ЛЕСБЕК,
Тараз қалалық жастар ресурстық
орталығының директоры