Жаңалықтар

Заң мен тәртіпті сақтаған елдер әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттер қатарында – Жеңіс Қасымбек

Конституцияға енетін жаңа өзгерістерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сынды негізгі идеялық қағидаттарды нормативтік тұрғыда бекіту көзделген. Бұл туралы Конституциялық комиссия мүшесі, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

«Ата Заңымыздағы «Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстан идеясын нығайтудың негізгі шешімі деп санаймын. Бүгінде әлем жұрты Қазақстанды азаматтардың құқығы мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауға айрықша басымдық беретін ел деп таниды. Бұл бастама болашақ ұрпақ үшін бірлік пен ынтымақты, этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі сақтаудың берік іргетасына айналады», – деді Жеңіс Қасымбек Конституциялық реформалар комиссиясының V отырысында. 

Елорда әкімі көптеген елде дамудың негізгі факторы заң үстемдігі мен тәртіптің сақталуымен байланысты екенін атап өтті.Азаматтары өзінің заң алдындағы қатаңжауапкершілігін түсінеді және заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қатаң ұстанады. Мұндай елдер әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарында, ал адамдары мемлекеттік институттарға толықтай сенеді.

2023 жылы Мемлекет басшысы көтерген «Таза Қазақстан» идеясы да ел азаматтарының өмір салтына айналды.

Сонымен бірге, Жеңіс Қасымбек әр адамды құндылық ретінде бағалайтын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына да ерекше тоқталды.