Жаңалықтар

1,1 млн-нан астам ауыл оқушылары үшін оқу жағдайлары жақсарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2023–2025 жылдары елімізде шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде орналасқан 3 008 мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Жаңғырту шаралары қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Осы кезеңде білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталды, мектеп жиһаздары жаңартылды. Сонымен қатар кітапханалар мен асханалар жөнделіп, қауіпсіздік жүйелері күшейтілді.

2023–2025 жылдар аралығында:

369 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді;

1 817 мектепте ағымдағы жөндеу жасалды;

2 917 пәндік кабинет сатып алынды;

1 697 мектептің жиһазы жаңартылды;

2 413 мектептің кітапханасы жаңғыртылды;

1 401 мектептің асханасы жаңартылды;

1 705 мектепте қауіпсіздік жүйелері күшейтілді.

Сонымен бірге үш жыл ішінде 2 752 мектепке арналған 4 320 пәндік кабинет сатып алынған. Оның ішінде 2023 жылы – 1 072 мектепке (1 507 кабинет), 2024 жылы – 920 мектепке (1 621 кабинет), ал 2025 жылы – 760 мектепке (1 192 кабинет) жабдық жеткізілген.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еліміз бойынша 1,1 миллионнан астам оқушының оқу жағдайы жақсарды.

Айта кетейік, мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру мақсатында 2029 жылға дейін 1300-ге жуық мектепті реновациялауды көздейтін жаңа бағдарлама іске қосылды.