Руханият

Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық мұрасы ұлықталды

Қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы, тарихи роман жанрын биікке көтерген Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Тарих пен тағдыр тұлғасы» әдеби кеш өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Ерекше форматтағы іс-шараға Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 мектеп оқушылары қатысты.

Шараның мақсаты – қаламгер мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыру және ұлттық тарихи сананы жаңғырту.

Бағдарламада ерекше дәстүрлі емес кітап көрмесі, жазушы нақыл сөздері, мазмұнды бейнеролик ұсынылды. Әсіресе Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романы кеңінен таныстырылып, Қабанбай батырдың асқақ бейнесі арқылы елдік рух дәріптелді. Оқушылар әдеби талдау жасап, сұрақ-жауап бөлімінде белсенділік танытты.

Кеш соңында жазушы мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы екені ерекше аталып, бұл шара жас ұрпақтың рухани әлемін байытқан әсерлі кездесу ретінде есте қалды.