Еңбек адамы

Жіппен өрілген сұлулық

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты облыстық әлеуметтік оңалту орталығы бірнеше жылдан бері халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Орталықта өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білікті де тәжірибелі мамандар еңбек етуде. Солардың қатарында еңбекке баулу терапиясының нұсқаушысы Асылкүл Берден де бар. Ол кәсіби шеберлігімен, адамға деген жанашыр көзқарасымен және тынымсыз еңбегімен ұжымның абыройын арттырып жүрген мамандардың бірі.

Асылкүл Берден аталған орталықта екі жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Ол макраме тоқу шеберханасына келген қызмет алушылармен жеке және топтық форматта диагностика жүргізіп, ең алдымен олардың қол икемділігі мен шығармашылық қабілеттеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар олардың есте сақтау қабілеті мен ұқыптылығын ескере отырып, әр қызмет алушының мүмкіндігіне сай бағыт-бағдар беріп, кәсіби нұсқау жүргізеді.

Жалпы қолөнер – адамның ішкі әлемі мен шексіз қиялын сыртқа шығаратын ерекше өнердің бір тармағы. Ал жіппен жұмыс істеу – сабыр мен сезімді, төзім мен талғамды қатар талап ететін нәзік те терең шығармашылық. Жіптен өрілген әрбір бұйым – жай ғана зат емес, ол адамның жандүниесінен тараған жылу мен маңдай тердің айқын көрінісі. Осындай мәні терең қолөнер түрлерінің ішінде кейіпкеріміз макраме тоқу өнеріне айрықша ден қойып, жіптен сұлулық тудыруды өзіне серік еткен.

Жіптен туған сұлулық – болашақ кәсіптің бастауы бола алады. Қызмет алушы уақыт өте келе жеке қолөнер шебері ретінде қалыптасып, авторлық бұйымдар жасап, көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, тапсырыс қабылдай алатын деңгейге жете алады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтуға, қосымша табыс табуға және шығармашылық арқылы қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қолөнер адамның еңбекке деген жауапкершілігін арттырып, кәсіби тәртіп пен жоспарлауға үйретеді.

Жіптен туған сұлулық – бұл жіп пен түйіннің ғана байланысы емес, бұл – адамның ішкі әлемі мен болашағына апарар жол. Әрбір тоқылған бұйым – үміттің, сенімнің және дамудың белгісі. Қолөнер арқылы адам өзін табады, қабілетін ашады және өміріне жаңа мән береді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ