Мәдениет

Қойылым өзегі – отбасы құндылығы

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында көрнекті жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» атты жаңа спектаклінің премьерасы өтті.

Бүгінгі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың әлсіреуі, адалдық пен жауапкершіліктің таразыға түсуі секілді өзекті мәселелерді көтеруімен көрермен назарын аударған спектакль өмір шындығын жасырмай көрсетуге ұмтылған батыл ізденіс ретінде қабылданды.

Қойылым 2026 жылдың қаңтар айында жоспардан тыс дайындалып, театр репертуарын заманауи тақырыптағы жаңа туындымен толықтыруды көздеген. Театр ұжымы шығармашылық үдерісті тоқтатпай, актерлердің бос уақытын тиімді пайдалану арқылы жаңа спектакль ұсынған. Бұл қадам театрдың ізденіс үстінде екенін аңғартады.

Спектакльді сахнаға дайындаған – театрдың белді актері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков. Қоюшы суретші Аружан Адырбек спектакльді шағын сахналық кеңістікте, камерлі форматта ұсынған.

Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» пьесасы бүгінгі қоғамда жиі кездесетін моральдық қайшылықтарды қозғайды. Материалдық жағдайы жақсарып, мансабы өскен ер адамдардың жас қыздарға елітіп, отбасының берекесін кетіруі немесе есеппен тұрмыс құруға ұмтылған жастардың тағдыры – қойылымның негізгі өзегі.

Оқиға 47 жастағы профессор Қайырбай мен жары Фариданың отасқандарына 25 жыл толуына арналған күміс тойдан басталады. Сырттай тату-тәтті көрінген, төрт қыз тәрбиелеп отырған отбасының ішкі әлемі бір сәтте-ақ шайқалады. Қайырбайдың жас көңілдесі Нәзікештің пайда болуы отбасындағы сенімді жойып, үлкен жанжалға ұласады.

Нәзікештің өзін Қайырбайдың көңілдесі екенін, әрі аяғы ауыр екенін айтуы – қойылымдағы ең өткір түйіндердің бірі. Ол профессордың өзіне үй мен көлік уәде еткенін жеткізеді. Бұл тұста автор жас қыздың да, ересек ер адамның да жауапкершілігін көрермен таразысына салады.

Қайырбай бастапқыда бәрін жоққа шығарып, мойындаудан бас тартады. Алайда кейін шындық ашылып, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мүлде ушығады. Қайырбайдың «сен маған ұл туып бермедің, ол маған ұл туып береді» деуі спектакльдегі ең ауыр, әрі даулы сәттердің бірі болды. Бұл жерде кейіпкердің қатыгездігі ашылғанымен, оның «сен тасжүрексің, баладан қалай бас тартам» деген уәжінің ішкі логикасы толық ашылмай қалғаны байқалды.

Ал Фарида тасжүрек емес. Керісінше, ол отбасын, балаларын сақтап қалу үшін өз жанын құрбан етуге дайын ана. Алайда қойылымда Фариданың осы ұстанымды нақты дәлелдеп, өзін ақтап алатын ішкі монологы немесе шешуші әрекеті жеткілікті деңгейде ашылмай қалғандай әсер қалдырады. Бұл тұс көрерменді ойландырып қана қоймай, белгілі бір дәрежеде жауапсыз сұрақ қалдырды.

Қайырбайдың екіұшты әрекеті, жауапкершіліктен қашуы отбасының толық күйреуіне әкеледі. Фариданың күйзеліске ұшырап, ауруханаға түсуі – осының салдары. Дегенмен бұл кейіпкердің әлсіздігін емес, қайта ішкі беріктігін көрсетеді. Ол өмірін қайта қолға алып, мансабын жалғастырып, шетелге барып докторлығын қорғауды жоспарлайды.

Нәзікештің тағдыры да біржақты көрсетілмейді. Ол да өз таңдауының құрбаны. Ұл күткен Қайырбайдың қыз баланы қабылдай алмауы – қоғамдағы әлі де жойылмаған ескі түсініктің көрінісі. Қойылым соңында Нәзікеш сәбиін Фаридаға тастап, өзі белгісіз бағытқа кетеді. Бұл финал көрерменге ауыр ой тастап, аналық жауапкершілік мәселесін алдыңғы қатарға шығарады.

Қойылымнан кейін көрермен пікірі екіге бөлінді. Бірі отбасындағы берекенің бұзылуына Нәзікешті кінәласа, енді бірі өз отбасын сақтай алмай, жас қызды арбап, жауапкершіліктен қашқан Қайырбайды басты кінәлі деп санады. Бұл – спектакльдің басты жетістіктерінің бірі. Өйткені қойылым дайын қорытынды ұсынбай, көрерменді өз бағасын беруге жетелейді.

Актерлік құрам спектакльдің салмағын арттыра түсті. Қайырбай рөліндегі Жандар Қырықбаев кейіпкердің ішкі қайшылығын сенімді жеткізсе, Фарида бейнесін сомдаған Гаухар Сұлтанбекова әйел тағдырының трагедиясын терең аша білді. Нәзікеш рөліндегі Ақнұр Елемесова образдың ішкі драмасын нанымды көрсетті. Ал кенже қыз Жұлдыз рөліндегі Аяна Өмірбектің ойыны көрерменге ерекше жылылық сыйлады.

Жалпы, «Ғашықсыз ғасыр» – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін дөп басқан, ой тастай алған маңызды қойылым. Декорациялық шешім мен кейбір драматургиялық түйіндер тереңірек ашылғанда, спектакльдің әсері одан әрі күшейе түсері анық. Соған қарамастан, театр ұжымының бұл еңбегі көрерменді бейжай қалдырмай, рухани толғанысқа жетелейтін тағылымды туынды ретінде бағалануға лайық.

Қойылымда көтерілген мәселе тек бір отбасының трагедиясымен шектелмейді. Автор сол арқылы тұтас қоғамның рухани ахуалын, адамгершілік өлшемдерінің өзгеруін көрсетеді. Әсіресе табыс пен мансаптың адамдық жауапкершіліктен жоғары қойылуы спектакльдің басты ескертулерінің бірі ретінде сезіледі.

Қойылымның эмоционалдық әсерін арттырған тағы бір тұс – паузалар мен ішкі үнсіздіктің сәтті қолданылуы. Кей сәттерде айтылмаған сөздер айтылған репликадан да салмақтырақ әсер қалдырады. Бұл көркемдік тәсіл кейіпкерлер арасындағы алшақтықты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.

Пьесаның «Ғашықсыз ғасыр» деп аталуын да басынан бастап түсінуге тырыстық. «Қайырбай мен Фарида екеуінің арасында махаббат пен ғашықтық сезім о баста болмады ма?» деген де ойға келдік. Алайда, мұндағы «ғашықсыздық» тек махаббаттың жоқтығын емес, жан жылуының, түсіністіктің, жауапкершіліктің азаюын меңзейді екен. Кейіпкерлердің жалғыздығы – дәл осы рухани жұтаңдықтың салдары.

Қойылым әйел бейнесін әлсіздікпен емес, төзім мен сабырдың символы ретінде ұсынады. Фарида образы арқылы аналық жауапкершілік пен ішкі беріктік алдыңғы қатарға шығады. Бұл көрерменге әйел тағдырына өзгеше қырынан қарауға жол ашады.

Айжан ӨЗБЕКОВА