Балықшаруашылығы факультеті ашылады
Облысымызда соңғы жылдары балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында нақты жобалар жүзеге асырылып, өндіріс пен ғылымның өзара байланысы нығая түсуде. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов облысымызға жұмыс сапарымен келді.
Іссапар барысында комитет төрағасы облысымызда жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйін көріп, балық шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Кездесулер барысында саланың қазіргі ахуалы, өндірістік әлеуеті және алдағы даму мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар комитет төрағасы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, балық шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған өңірлік кеңеске қатысты. Жиынға «Шу-Талас» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының да мамандары қатысты.
Басқосуда өңірдегі балық шаруашылығының қазіргі жағдайы талданып, аквакультураны дамыту, табиғи және жасанды су айдындарын тиімді пайдалану, балық қорын молайту және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.
Жиында сөз алған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бұл саланың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін жеткізді. Оның айтуынша, балық шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлік экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ғылыми әлеуеттің артуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда оқу орнында аквакультура, су биоресурстары мен экология бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта салалық мекемелермен бірлескен ғылыми жобаларды іске асырып, студенттердің тәжірибелік дайындығын күшейту көзделуде.
Іс-шараға қатысушылар балық шаруашылығы бүгінде биология, экология, технология және экономиканы тоғыстыратын көпсалалы бағытқа айналып отырғанын тілге тиек етті. Осыған байланысты заманауи технологияларды меңгерген, ғылыми ойлау қабілеті қалыптасқан жас мамандарға сұраныс жыл сайын артуда. Мамандар кадр даярлау жүйесін жетілдіру, ғылым мен өндірісті бір арнаға біріктіру және тәжірибеге негізделген жобаларды кеңінен енгізу саланың тұрақты дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті. Осы тұста оқу орнында балық шаруашылығы факультетін ашу мәселесі талқыланды. Университет басшылығы бұл бастама өңір үшін аса маңызды екенін айтып, факультет ашу ақпан айына жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында салада жоғары нәтижеге қол жеткізген шаруашылық иелері мен өз қызметіне адалдық танытып жүрген инспекция мамандарына алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ