Жастар

Шетелдік өнімдерден кем түспейтін коллаген Жамбылда жасалмақ

Қазіргі сән индустриясында табиғи өнімдерге қызығушылық айқын байқалады. Тұтынушылар құрамы күмәнді қоспалардан гөрі адам ағзасына қауіпсіз әрі экологиялық таза косметиканы пайдаланғанды жөн көреді. Бұл бағытта Оңтүстік Корея мен Жапония секілді дамыған елдер әлем халқының сұранысын қанағаттандырып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Алайда бұл салада отандық жастардың да қарымы жаман емес.

Мәселен жамбылдық ізденімпаз жас Тоқжан Шынбатыр косметика өндірісінде кең қолданылатын коллагенді табиғи жолмен алу жобасын қолға алып, ғылым мен кәсіпті ұштастырған тың идеяны жүзеге асыруға талпынып жүр. Кейіпкеріміз – отандық ғылым мен білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар маман, техникалық ғылымдар магистрі

Тоқжан Байдалықызы жоғары білімді екі түрлі бағытта тереңдеткен. Атап айтсақ, 2014 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Химия» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шыққан. Сондай-ақ 2016 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша магистратураны аяқтап, техникалық ғылымдар магистрі ғылыми дәрежесін иеленген.

Бүгінде жас маман «Келешек-Тараз» ғылыми интеллектуалдық мектеп-лицейінде химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ол жас ұрпаққа химия ғылымының қыр-сырын үйрете отырып, болашақ ғалымдарды тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.

Зерттеулерін ұстаздық қызметпен ұштастырып жүрген Тоқжан Байдалықызы ғылымның қолданбалы саласына белсене араласып, «Косметикалық коллаген алу» атты инновациялық гранттық жобасымен айналысуда. Бұл жоба химия мен нанотехнологияның жетістіктерін пайдалана отырып, отандық косметология өндірісіне жаңа серпін беруді көздейді.

Жобаның идеясы Тоғжанға жетінші сынып оқушысымен бірлесіп жүргізген зерттеу жұмысы барысында қалыптасқан екен. Оқушысымен бірге сүт өнімдерінің құрамын зерделеу үшін бірнеше сүт зауытына барып, өндіріс барысымен танысқанда күтпеген жағдайға тап болады. Зауыт мамандары сүттен бөлініп шығатын сарысудың басым бөлігі кәдеге жарамай, сол күйі төгілетінін айтқан.

Сол сәттен бастап Тоғжан сарысуды кәдеге жаратудың амалын ойлап, әдеби деректерді, ғылыми еңбектерді зерделеді, түрлі тәжірибелер жасады. Нәтижесінде сарысудан косметика өндірісінде кең қолданылатын коллаген алуға болатыны белгілі болды.

Алғашында жай қызығушылықтан басталған ізденіс уақыт өте жүйелі жұмысқа ұласты. Лабораториялық тәжірибелер жүргізіліп, шикізатты өңдеу жолдары қарастырылды, сақтау шарттары мен температуралық талаптар зерттелді.

Қайта өңдеуге негізделген бұл жұмыс қоршаған ортаға тигізер пайдасымен де ерекшеленеді. Сүт зауыттарынан шығатын сарысудың канализация жүйесіне төгілуі уақыт өте келе топырақ құрылымын бұзып, оның майлануына әкеледі. Мұндай жағдай жердің құнарлылығын төмендетіп қана қоймай, жерасты суларының ластану қаупін арттырады. Ал өндірістік қалдықтың осы түрін қайта өңдеу арқылы табиғатқа түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік бар. Бір қарағанда қарапайым сұйық қалдық болып көрінетін сарысу шын мәнінде экологияға зиян емес, керісінше дұрыс пайдаланылған жағдайда пайдалы шикізат көзіне айналады.

Ғалым айтап өткендай, қазіргі косметикалық нарықта ұсынылып отырған коллагендердің басым бөлігі шет мемлекеттерден импортталады. Мұндай өнімдердің ұзақ жолмен тасымалдануы және қоймаларда айлар бойы сақталуы олардың құрамына түрлі химиялық қоспалардың қосылуына себеп болады. Қоспалар өнімнің сыртқы тұрақтылығын сақтағанымен, оның табиғи қасиетін әлсіретеді. Көп жағдайда мұндай коллагендер уақытша ғана нәтиже беріп, теріге қысқа мерзімді әсер етеді. Ал табиғи сарысудан алынған коллагеннің басты ерекшелігі оның құрамының барынша таза болуында. Сақтау мерзімінің қысқалығы оның сапасыздығын емес, керісінше химиялық тұрақтандырғыштардың қолданылмағанын білдіреді. Мұндай өнім теріге баяу сіңіп, табиғи қалпын сақтай отырып әсер етеді. Сол себепті ол ағзаға қосымша салмақ түсірмей, күтім процесін табиғи арнада жүргізуге мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда жас ғалымның жобасы экология мен адам денсаулығын бірдей ескеретін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланады. Өндіріс қалдығын пайдалы өнімге айналдыру арқылы табиғаттың ластануын азайтып қана қоймай, халыққа қауіпсіз әрі сапалы косметикалық құрал ұсынуға жол ашылады. Мұндай тәжірибелер экологиялық сана қалыптастырумен қатар, отандық өндірістің дамуына да оң ықпал етеді.

Стартап тек ғылыми ізденіс аясында ғана емес, нарыққа бейімделген өнім ретінде де іске асырылады. Коллаген негізінен жиырма жастан асқан қыз-келіншектерге арналған. Қажет болған жағдайда оны он бес жастан бастап сыртқы күтім үшін қолдануға мүмкіндік бар. Сонымен қатар тері саулығына мән беретін жиырма бес пен алпыс жас аралығындағы ер-азаматтар да тұтынушылар қатарынан табыла алады.

Қазіргі таңда Тоқжан өз күшіне сеніп, шағын көлемде жұмыс жүргізуге ниеттеніп отыр. Егер өнімге қызығушылық артып, басқа қалаларға шығару қажеттілігі туындаса, сол кезде инвестор тарту мәселесі қарастырылады. Жас ғалымның алдағы ең негізгі мақсаты – осы істі дамыту.

Қазіргі қоғамда адамдардың психологиялық шаршауы, күйзеліс, тұрақсыз өмір салты күннен күнге артып келеді. Мұндай жағдайда әр адам өз денсаулығына, сырт келбетіне көбірек мән бере бастайды. Сол себепті коллагенге деген сұраныс та артып отыр. Адамдар терісінің саулығын сақтағысы келеді, өзіне күтім жасаудың жолдарын іздейді. Осы қажеттілікті ескере отырып, кейіпкеріміз табиғи коллагенді қолжетімді етіп, дүкен сөрелеріне шығаруды жоспарлап отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ