Қоғам

Әке болу – атақ емес, аманат

Тараз қаласындағы №63 орта мектепте «Ұлылықтың үлгісі – әке тәрбиесі» тақырыбында Әкелер құрылтайының кезекті отырысы өтті. Тағылымды басқосудың мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі орны мен жауапкершілігін тереңінен түсіндіру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және ұлттық тәрбиенің негізі ретінде әкелік институттың маңызын арттыру болды.

Әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі әке өнегесінің шешуші рөлін насихаттау жиынның негізгі идеясына айналды. Іс-шараға қоғам белсенділері, ардақты әкелер, білім саласының мамандары, жастар, ұстаздар және арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты.

Жиын барысында «Ұлылықтың үлгісі – әке тәрбиесі» тақырыбында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Фарида Метерқұлова баяндама жасап, әкенің отбасының тірегі ғана емес, баланың өмірлік бағдаршамы, мінез-құлқының айнасы екенін атап өтті. Ол «Әке көрген оқ жонар» деген халық даналығының бүгінгі қоғамда да өзектілігін жоғалтпағанын айтып, әкенің әрбір іс-әрекеті мен өмірлік ұстанымы баланың болашақ тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететінін жеткізді.

Сонымен қатар, «Асабалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық ата-аналар комитетінің төрағасы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері Ринат Нұрақбаев «Әке – отбасының тірегі ғана емес, баланың болашақ бейнесі» деген ойды алға тартып, әкенің әрбір сөзі мен қадамы бала санасында өшпес із қалдыратынын айтты. Ұл баланың әкесінен қайсарлық пен жауапкершілікті, ал қыз баланың мейірім мен қорғанды сезінетініне тоқталып, әке тәрбиесі арқылы ұрпақ бойына ұлтқа тән асыл қасиеттер дарытылатынын атап өтті.

Жиында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов та сөз алып, қазіргі қоғамдағы әкелер институтын нығайту, әкелер мен балалар арасындағы байланысты арттыру, отбасындағы жауапкершілікті тең ұстау мәселелеріне тоқталды. Ол ұл мен қыз тәрбиесіндегі әкенің орнына нақты мысалдар келтіріп, бүгінгі әлеуметтік жағдайлармен бөлісті.

Құрылтай қорытындысында әкелердің қоғамдық өмірге белсенді араласуын арттыру, тәрбиелік мәні бар іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл бастамалар жас ұрпақтың саналы, отаншыл әрі жауапты азамат болып қалыптасуына зор ықпал ететіні атап өтілді.

Әке болу – атақ емес, аманат. Сол аманатқа адал болу – әрбір азаматтың борышы.

Ләззат СҮТТІБАЕВ,

№63 орта мектеп

директорының құқықтық тәрбие-ісі

жөніндегі орынбасары,

Тараз қаласы