Білгім келген бір сұрақ?

Жастар неге кітаптан алыстап кетті?

Жұмысқа жаяу барып, жаяу қайту – көп жылдан бері бойыма сіңген әдет. Сонда қала тіршілігіне көз салып, айналамызда, табиғатта болып жатқан өзгерістерге көңіл аударып, ой қуып, сергіп қаламын. Кейде тұрғындардың тыныс-тірішіліктеріне, іс-қимылдарына, өзара сөз саптауларына құлақ асатын кездерім де болады.

Байқасаңыз, қазіргі адамдардың басты ермегі, сенімді серігі ұялы телефон болған. Бәрінің қолында бір-бір телефон. Аялдамада автобус күтіп тұрса да, саябақта қыдырып жүрсе де, көлікке отырса да, ауқымды жиындарға қатысып отырса да, тіпті, қазақтың бір күн тыйылмайтын тойына барса да, үйінде демалып отырса да телефоннан көз алмайды-ау шіркіндер, көз алмайды. Бесіктен белі жаңа шыққан бөбектер де телофонға құмар. Ойыншықтарға қарамай әкесі мен шешесінің телефонына жармасып-таласады. Ештеңеге көнбей, мазасы қашып жатқан баланың қолына телефон ұстата қойсаң, ой, Алла-ай, жылағаны пышақ кескендей сап тыйылады

Ауруханаға тәжірибеден өтуге келген студенттердің қолдарынан да бірде-бір кітап немесе конспект жазған дәптер, қаламсап көрмейсің. Олар да бір-бірінен қалыспай қымбат смартфондармен «қаруланып» алған.

Бір журналист көрнекті жазушы Әбіш Келкілбаевқа: «XXI ғасыр ғылым мен технологияның, электрониканың ғасыры болып тұр. Компьютерге «байланған» балаларымыз да, үлкендеріміз де көркем әдебиетті онша көп оқымайтын болды. Неге деп ойлайсыз?» – деп сұрақ қойыпты.

– Компьютер – өмір талабы. Оған жетік болып өскенге не жетсін. Алайда компьютерге сеніп, кітап оқымау өте зиян. Әуелі адам болу керек. Сосын, маман болу керек. Адамға адам болуды үйрететін – кітап. Дегдарлыққа әдебиеттен басқа еш нәрсе де үйретпейді. Ең алдымен, арманшылдыққа баурайтын кітаптар керек, – деп жауап беріпті әйгілі жазушы журналистің әлгі қойған сауалына.

…Бірде әңгімеден әңгіме шығып, Мойынқұм өңіріндегі балалық шағы өткен қарашаңырағына (кезінде әкесі, қазір інісі тұратын үйіне) жақында ғана барып келген дәрігер-әріптесім Талғат:

– Соңғы кезде көпшіліктің әдебиетке, кітапқа көзқарасы тым өзгеріп кеткен сияқты. Қазіргі жастар газет-журналға, кітапқа қызықпайды, тіпті көбі оқымайды дегеніміз жөн болар. Әрине, «Заман өзгерді, уақыт солай, қазір интернет бар, компьютер бар…», – деп айта салу оңай оларға. Шынына келгенде сол заманды жасап жатқан адамдар емес пе? Алысқа бармай-ақ өз көзіммен көрген мына бір мысалды айтайын. Ауылға барғанда әкем салған үлкен үйдің таяуда қайта жөнделгенін байқадым. Іші-сырты жаңартылып, есік-терезелері ауыстырылыпты. Барлығы бір қарағанда мұндаздай таза болып, көз тартады. Үй ішіндегі жиһаздардың біразы өзгеріпті. Барлығымыз бұрын «кабинет» деп атайтын бөлме де бұрынғыдан басқаша. Бұрын арнайы шкафтарда жиналып тұратын жүздеген кітаптың саны тым сиреп қалыпты. Соны байқаған мен ініме: «Кітаптар азайып қалыпты ғой. Оларды қайда жібердіңдер?» деп сұрақ қойдым. Сонда інім желкесін қасып тұрып: «Олардың біразын жөндеу жұмыстары кезінде сыртқа шығарып тастадық. Кітап оқитын адам жоқ қой қазір. Шаң жиғаннан басқа олардан пайда жоқ. Керек адам сол кітаптарды интернет (ғаламтор) арқылы кез келген уақытта іздеп, тауып алады…», – деп күмілжіді.

Сыртқа шығып, ауладан әлгі кітаптарды іздедім. Қораның бір бұрышында шаң басып тезек қаланғандай болып, топ-топ кітаптар жатыр. Кітаптар болғанда қандай, шіркін! Қазақтың, орыстың, әлемдік классик жазушылардың қолға түспес шығармалары. Жүрегім сыздап қоя берді…

Қалаға қайтарда көп кітаптардың ішінен «мынау керек-ау» дегендерін таңдап, теріп, көлігіме салып алдым да ініме бұрылып:

– Мына кітаптар сендерге керек болмаса, басқаларға әлі керек болар. Уақыт тауып кітаптарды жергілікті кітапханаға тапсыр. Обалына қалма… Біле-білсең, бұлар әкеміздің көзі ғой…» деп кеттім. Бірақ ол менің сол ұсынысымды дұрыс түсініп, кітаптарды кітапханаға тапсырды ма, тапсырмады ма білмеймін, – деп әңгімесін аяқтады.

«Кітапты отқа жаққаннан да ауыр қылмыс бар, ол – кітап оқымау» («Есть преступления хуже, чем сжигать книги. Например – не читать их») деген екен жазушы Рэй Брэдбери.

Жасырып қайтейік, жастар, студенттер қазіргі қыспаққа толы кезеңде күн көрудің амалын іздеп кітап бетін ашудан қалды. Әупірімдеп күнін әрең көріп жатқан көпшіліктің кітап сатып алатын қаржысы жоқ та болар. Бұрын қандай еді?! Ертеректе әр отбасында, зиялы қауым үйінде өздерінің жекеменшік кітапханасы болатын. Кітап көп жинаған жазушылардың бірі Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, ақын Қадыр Мырза-Әлi болыпты.

Қадыр ақын 2011 жылы қаңтарда қайтыс болды. 2015 жылы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылды. Ақынның өсиеті бойынша өзі өмір бойы сұрыптап жинаған 7 мыңнан астам кітаптың басым бөлігі осы орталыққа табысталды.

Белгілі жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек те көзі тірісінде үйіндегі кітапханасын реттеп, көптеген кітаптарын өзі еңбек еткен Астанадағы Л.Гумилев атындағы университет кітапханасына тапсырған болатын.

Түркістандық жазушы-ғалым Құлбек Ергөбек еліміздің зиялы қауымына республикалық баспа арқылы сөз арнап, кітапханаларындағы артық деп санаған кітаптар болса университет кітапханасына өткізулерін сұраған болатын. Бұл ұсынысынан бірнәрсе шықты ма, әлде жоқ па, бізге беймәлім. Бірақ өтініші орынды болатын. Осындай мысалдарды өмірімізден ондап келтіруге болады.

Мойындауымыз керек, шынында біздің жастар кітаптан, кітап оқудан алыстады. Оқуға енжар қоғамға айналдық. Тілі құнарлы әдебиетті екшеп оқудан қалдық. Келешегін ойлаған саналы жастарды барынша көп оқуға, кітаппен достасуға шақырар едім.

«Кітап оқырманы өлгенге дейін мыңдаған адамның өмірін сүреді, ал кітап оқымаған адам – тек оның біреуін ғана» («Читатель проживает тысячу жизней до того, как умрет. Тот, кто никогда не читает, – только одну») – деген екен Джордж Мартин.

Ал, белгілі драматург Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат», депті.

Ал қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы:

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге», – деп салмақты ой тастайды.

«Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» – дейді заңғар жазушы Мұхтар Әуезов.

Біле білсек, кітап – адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан ғасырға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Әу баста сол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-білігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады. Сонымен бірге кітап тіл байлығын қалыптастырушы құрал. Кітаптың тәлім-тәрбиелік, имани құндылықтарды адам бойына сіңіре алатындай қасиеті теледидар мен интернеттен жоғары тұрмаса, кем тұрмақ емес.

Кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние. Ендеше, қоғамның сан-салалы мақсаттарының ішіндегі ажырамас бір мақсаты – үнемі жас оқырман тәрбиелеп отыру. Бұл оқу орындары үшін де, басқа да қоғамдық ұйымдар үшін де абыройлы әрі үздіксіз жүре беретін міндет болмақ. Адамның қиялын шексіз сапарға аттандырып, жүрегін парағындағы сөздермен елжіретіп, бақыттан қайғыға дейінгі түрлі эмоцияларды сыйлай алатын зат – кітап. Ақылына ақы сұрамайтын бұл қазынаның маңыздылығын бірі түсінсе, екіншісі түсінбес.

Адам ойының азығы, жан тыныштығы бола алатын кітаптың моральді әрі физикалық түрде әкелетін пайдасы көп. Мамандардың айтуынша, кітап оқу эмпатия, мейірімділік секілді сезімдерді дамытып қана қоймай, адамды депрессия және ұйқысыздық секілді психологиялық аурулардан арылтады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі жастар бірте-бірте кітап түгілі, күнделікті шығып жатқан газет-журнал оқудан да қалып барады. Жастар кітап, газет-журнал оқуға немқұрайды, енжар, селқос қарайды? Оның себебін неден іздеуіміз керек? Көпшілік болып, уақыт тауып осы жөнінде ой бөлісіп көрелікші, құрметті оқырман!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,

профессор, Жамбыл облысының құрметті азаматы.