Қаржы мақсатты жұмсалуы керек
Ішкі аудит тексерістері мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін басты құрал екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен бесінші отырысында сөйлеген сөзінде жүргізілген аудит нәтижесінде жеке мектептер мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында заңсыз және негізсіз шығыстар, сондай-ақ коррупциялық тәуекелдер анықталғанына баса тоқталған еді. Демек, кез келген салада қаржының тиімді әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігін нығайту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Бір айта кетер жайт, өз облысымызда да ішкі мемлекеттік аудит саласында былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижелері белгілі болды. Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиевтің айтуынша, департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес есепті кезеңде тиісті жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, департамент тарапынан барлығы 45 аудиторлық іс-шара ұйымдастырылған. Оның 13-і жоспарға сәйкес болса, 32-сі жоспардан тыс өткізілген. Жоспардан тыс жүргізілген тексерулердің алтауы комитет тапсырмасымен, ал 26-сы заңды және жеке тұлғалардың өтініштері негізінде жүзеге асырылыпты.
Аталған департаменттің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералық бақылауды жүзеге асыратыны белгілі. Мұндағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және болдырмау. Сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту және камералдық аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше дербес жою мақсатында құқықтар беру де осы мақсаттың бірі. Бұл ретте 2025 жылы 21378 мемлекеттік сатып алуға (лот) камералдық бақылау жүргізілсе, бұл камералдық бақылау жүргзізу жоспарланған 21527 мемлекеттік сатып алудың 99,3 пайызын құрайды екен. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге 1650 хабарлама жіберіліпті. Оның ішінде 1627-сі орындалып, нәтиже 98,6 пайызды көрсеткен.
Аталған департаменттің атқарған жұмыстарына зер салсақ, мемлекеттік қаржының тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуде ішкі мемлекеттік аудиттің рөлі маңызды екені байқалады. Алдағы уақытта да заңбұзушылықтарды болдырмау және қаржыны ашық әрі есепті пайдалану үшін бақылау шаралары жүйелі түрде жалғаса береді деген ойдамыз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ