Мал қыстатудың машақаты мол
Қылышын сүйретіп қыс келсе, күйбең тіршіліктің қарбаласа түсетіні анық. Аязды күн адам тұрмақ барлық тіршілік иелері үшін де сын сағаты саналады. Сақылдаған сары аязда төрт түліктің өріске шыға алмай, қолға қарайтыны бар. Ақ түтек боран мен қалың қардада шопандар малға шөп шашып, төрт түліктің амандығы үшін қолынан келгенін жасап бағады. Сондықтан да ауыл халқы үшін мал қыстату науқанының маңызы айрықша.
Биылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірлер 25 миллион тонна шөп, 1,9 миллион тонна пішендеме, 5,4 миллион тонна құрамажем, 2,1 миллион тонна сүрлем, 4,9 миллион тонна сабан жинаған. Жалпы республика бойынша барлық түрлерін қоса есептегенде 39,8 миллион тонна мал азығы әзірленген.
Облысымызда мал азығын дайындауға ерекше мән беріліп, тиісті жұмыстар атқарылған. Себебі былтыр жауын-шашынның аз болуына байланысты жемшөп жеткіліксіздігі орын алған. Биыл бұл мәселе толық шешіліп, қажетті қор керекті дақылдармен толыққан.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, 2025-2026 жылғы қысқы маусымға жемшөп теңгеріміне сәйкес қыстатуға түсетін мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 2,1 миллион тонна пішен, 116 мың тонна пішендеме, 91 мың тонна сүрлем, 469 мың тонна сабан және 353 мың тонна қоспажем дайындау жоспарланған. Шабуға белгіленген жер 309,6 мың гектар болса, оның ішінде 177 мыңы көпжылдық және бір жылдық егістік алқаптары мен 129,5 мың гектар табиғи шабындықтар шалғыға іліккен. Соның есебінен 2,2 миллион тонна пішен, 480,2 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме, 92 мың тонна сүрлем дайындалған. Бұдан бөлек қыстау орындарында өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қоры бар.
Былтырғы жылы жауын-шашынның аз болуына нәтижесінде Сарысу, Талас аудандарының кейбір аймақтарында жайылым мен шабындық алқаптарындағы табиғи шөптің шығымы салыстырмалы түрде төмен болуы ескеріліп, шаруаларға мал азығын дайындау үшін Мойынқұм ауданының Қарабөгет, Ұланбел ауылдарынан 3 мың гектар шабындық жер бөлінген екен.
Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, мал қыстату науқанына 180 000 тонна ірі сабақты мал азығы және 6 500 тонна жем дайындалған. Сонымен қатар Қаратау қаласында 5 кәсіпорын, Ақкөл ауылында 2 кәсіпорын аудан шаруашылықтарын жеммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ шаруалар жексенбі күндері Тараз қаласындағы мал базарға мал сатып, қайтарында қажеттілігіне байланысты жемшөбін ала қайтады екен.
Малды қыс айында күтіп-баптау, оның күйін сақтап, қыстан аман алып шығу – жеңіл шаруа емес. Мал қыстатудың машақаты мен жауапкершілігі мол. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен жақынырақ танысу мақсатында аудан аумағындағы шаруа қожалықтарымен тілдесіп көрдік.
Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Қарашеңгел» мал жайылымының жері шаруа баққан адам үшін өте қолайлы. Алайда осы жайылымда жылда мал өргізіп, төскейде төл өргізетін «Еламан» шаруа қожалығының басшысы Ербол Әділов биыл төрт түлігін Мойынқұм өңірінде қыстатып жатқанын айтады. Мақсат – мал басын аман сақтап қалу. Қырық жылға жуық уақытын малшаруашылығына арнаған майталман маман сөз арасында мал қыстату әрбір шаруашылықтың тікелей міндеті екенін тілге тиек етті. Яғни, қыстауға қажетті барлық керек-жарақ, қора-жайдан бастап, су, жарық, жемшөпке дейін қожалық иелерінің өз есебінен дайындалады. Әсіресе жемшөп дайындау мәселесі жылдан-жылға күрделене түсіп отыр. Табиғаттың тосын мінезі мен қуаңшылық жағдайлары бұл бағыттағы еңбекті еселеп, шаруаларға қосымша салмақ салуда. Соған қарамастан, малды қыстан шығынсыз алып шығу – әрбір мал иесінің басты мақсаты болып қала бермек.
Мал ауруларының алдын алу – шаруашылықтағы ең маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет тарапынан жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары жүргізіледі. Ал өзге дерттерден сақтану үшін мал дәрігерімен үнемі байланыстамыз. Дегенмен қыстаудағы шаруаға мал дәрігерінің көрсететін қызметі оңай емес, оның үстіне бұл саладағы мамандардың қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқандай.
Қазіргі таңда қыстауда мың басқа жуық мал бар. Өзімді қоса есептегенде алты малшы еңбек етеміз. Қуаңшылықтың салдарын ескере отырып, мал санын біртіндеп азайтуға мәжбүрміз. Дегенмен бар малды аман сақтап, қыстан шығынсыз шығаруды көздеп отырмыз,– деді Ербол Әділов.
Қыс – малшаруашылығы үшін ең жауапты әрі сындарлы кезең. Осы уақытта атқарылған әрбір жүйелі жұмыс, әрбір сақтық шарасы көктемгі өнімнің мол болуына тікелей әсер етеді. Малдың амандығы мен қыстан күйлі шығуы – шопан еңбегінің, шаруаның ұқыптылығы мен тәжірибесінің айқын көрінісі. Сондықтан мал қыстатуды дұрыс ұйымдастыру – тек бір маусымның ғана емес, тұтас ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашары сөзсіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ