Қоғам

Су тасқынына қарсы дайындық күшейтілуде

Көктем жақындаған сайын су тасқынының алдын алу шаралары қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналатыны белгілі.

Жақында Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көктемгі су тасқынының алдын алу және су нысандарының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді тексеру және зерделеу жұмыстарын жүргізді. Аталған шаралар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты аудан аумағында орналасқан «Ынталы және «Бүркітті» суқоймаларында ұйымдастырылды.

Зерделеу барысында суқоймаларының техникалық жай-күйі жан-жақты сараланып, бөгеттердің беріктігі, су деңгейінің жағдайы мен өткізу мүмкіндіктері мұқият тексерілді. Мамандар сушаруашылығы нысандарындағы тозу белгілеріне, ықтимал ақауларға және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударды.

Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Алмаз Мелдеевтің айтуынша, көктемгі су тасқыны – жыл сайын ерекше бақылауды талап ететін маңызды мәселенің бірі.

Осылайша ауданда көктемгі қардың жаппай еруі кезінде суқоймаларындағы судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, елді мекендерге, жол қатынасына, инженерлік инфрақұрылым нысандарына төнуі мүмкін қауіптің алдын алу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Тиісті шараларды уақытылы қабылдау арқылы адам өмірі мен мүлкін қорғау, табиғи апат салдарынан болатын шығындарды азайту көзделіп отыр.

Алдағы уақытта да суқоймаларындағы жағдай тұрақты бақылауда болып, Сарысу аудандық төтенше жағдай бөлімі мен «Қазсушар» кәсіпорны мамандары арасында өзара іс-қимыл күшейтіледі. Бірлескен профилактикалық шаралар жүйелі түрде жалғасын тауып, көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ