Қауіпсіздік әр үйден басталады
Өңірімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Күн сайын Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тұрғын үйлер аумағында және су айдындары маңында профилактикалық рейдтер жүргізуде. Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын, сондай-ақ көмірқышқыл газы датчиктерін орнату және оларды уақытылы тексерудің маңыздылығын түсіндіруде. Сонымен қатар, ауа райының тұрақсыз кезеңінде суда және мұз үстінде қауіпсіз жүріп-тұру ережелеріне ерекше назар аударылуда.
Облыс аудандарында да профилактикалық және түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, Талас аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің №21 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері Майтөбе ауылының тұрғындарымен кездесулер өткізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін, балаларды қараусыз қалдырмау, қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік сақтау, автокөліктегі қауіпсіздік шаралары, сондай-ақ жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әрбір азаматтың өз отбасы мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Ал Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, ашық диалог форматында өрт қауіпсіздігіне арналған «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Бұл формат қатысушыларға пайдалы ақпарат алып қана қоймай, мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік берді. Жастарға өрттің негізгі себептері, электр және газ құралдарын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәртібі түсіндірілді. Мұндай шаралар ақпаратты тиімді меңгеруге және қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
Байзақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де ауқымды профилактикалық және түсіндіру іс-шараларын өткізді. Халықпен кездесулер барысында өрт қауіпсіздігі, көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу, балалардың терезеден құлауын болдырмау мәселелері көтерілді. Мамандар қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар ережелерді сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ