«Парламентке «Құрылтай» атауының берілуі тарихи мәнге ие»
Елімізде бір палаталы Парламент құру қолға алынған шақта оның мәні мен әсерін саралап білудің сөкеттігі жоқ. Негізінде парламенттік реформа мемлекеттік басқару жүйесін әділдікке негіздеп, заң шығару үдерісін ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Бұл өзгерістер Парламенттің рөлін күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретіні белгілі. Осы тақырыпты тереңірек түсіну және шалғай өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды пайымдау мақсатында біз Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы Нұртас Саурықовпен сұхбаттасқан едік.
– Нұртас Ұзақұлы, Президенттің бұрынғы Жолдауында және Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен бесінші отырысында көтерген бір палаталы Парламент құру бастамасы, оның атауының өзгеруі еліміздің дамуына, қоғамдық-саяси тұрақтылығына қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, бір палаталы Парламент құру өздігінен бәрін бірден өзгертіп жібереді деген түсініктен арылуымыз керек және бұған «жақсы» немесе «жаман» деп баға беруге болмайды. Бірақ егер ол шынайы саяси бәсеке, ашықтық және депутаттардың нақты жауапкершілігімен қатар жүрсе, онда елдің дамуына да, қоғамдық-саяси тұрақтылыққа да оң әсер етеді. Бір артықшылығы, мұндай жүйеде заң қабылдау үдерісі жеделдейді, артық бюрократия азаяды, ал халықтың талабы Парламентке тезірек жетеді.
Болашақ Парламентке «Құрылтай» атауының берілу тарихы терең мағынаға ие, халқымызға түсінікті. Құрылтай – қазақ тарихында ел тағдыры шешілген, халықтың сөзі тыңдалған маңызды институт. Сондықтан бұл атау қоғамға түсінікті және бұл мемлекеттік институттың символдық мәнін күшейтеді.
Еліміздегі кез-келген басшы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келу керектігін Президентіміз нақты айтты. Осы арқылы ел басқарушы саяси тұлғалардың билікке келуінің жалғыз жолы сайлау екенін ұғынуға болады. Бұл – мемлекет дамуы үшін өте маңызды ұстаным. Яғни, елді кім басқарса да ол билікке міндетті түрде халықтың таңдауымен, заңды түрде келуі керек деген қағида нығая түседі.
Сонымен қатар Құрылтайда көтерілген вице-президент институтын енгізу мәселесі де назар аударарлық. Бұл басқару жүйесіндегі жауапкершілікті бөлісуге, билік сабақтастығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мұндай өзгерістер Қазақстанның басқару жүйесін заман талабына сай, халықаралық тәжірибеге жақындатуға бағытталған деп ойлаймын. Осы арқылы біз еліміздің басқару жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес етуге зор мүмкіндік аламыз.
– Азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер маңызды екенін Президент өз сөзінде атап өтті. Мойынқұм ауданында тұрғындардың белсенділігі қалай байқалады? Маңызды мәселелерді талқылауда, ой-пікірін білдіруде тұрғындар қандай жолдарды пайдаланып жүр? Мойынқұмдықтардың қоғамдық белсенділігін арттыру үшін ауданда қандай іс-шаралар жүргізіп жатыр?
– Мойынқұм ауданының тұрғындары жергілікті деңгейдегі мәселелерге бейжай қарамайды. Ауыл-аймақтағы күнделікті өмірге тікелей әсер ететін әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық және экологиялық түйткілдерді ашық айтып, тиісті орындарға мәселені заң аясында жеткізіп жүр. Әсіресе жолдың сапасы, ауызсудың жетіспеушілігі, көшені жарықтандыру, жайылым мәселесі, бос жұмыс орындарының аздығы сияқты жұртты толғандыратын проблемалар жиі көтеріледі. Бұл – халықтың өз ауылына, өз өңіріне деген жанашырлығының белгісі.
Тұрғындардың белсенділігі әсіресе ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулерінде, аудандық мәслихат депутаттарының көшпелі отырыстарында, түрлі қоғамдық жиындарда анық байқалады. Ондай кездесулерде ауыл адамдары өз ойын бүкпесіз айтып, нақты ұсыныстарын ортаға салады. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тауып жатса, енді бірқатары бақылауға алынып, кезең-кезеңімен орындалып келеді. Аудан деңгейіндегі мәселелерді талқылау және пікір білдіру үшін тұрғындар бірнеше жолды қатар пайдаланып отыр. Соның ішінде әкімдер мен аудан басшылығының есептік және көшпелі кездесулері – ең көп қолданылатын әрі тиімді тәсілдердің бірі. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер мен түрлі консультативтік-кеңесші органдар арқылы да ұсыныс айту мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары цифрлық мүмкіндіктер кеңейіп, «eGov», «Ашық диалог», «e-Otinish» платформалары арқылы онлайн өтініш жолдау да қалыпты тәжірибеге айналды.
Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жергілікті қауымдастық топтары да маңызды рөл атқарып отыр. Онда тұрғындар ауылдағы мәселелерді жедел көтеріп, бір-бірімен пікір алмасады, кейде жауапты мекемелердің назарына тікелей жеткізеді. Ал сайлау, референдум сияқты саяси науқандарға қатысу арқылы мойынқұмдықтар тек жергілікті емес, облыстық және республикалық маңызы бар мәселелерге де өз көзқарасын білдіріп келеді.
Ауданда азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ауылдық округтерде тұрақты қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың мәселесін тыңдауға жағдай жасалған. Жастарды қоғамдық өмірге тарту үшін жастар ресурстық орталығы жүйелі жұмыс істеуде, еріктілер қозғалысы да қарқынды дамып келеді. Сонымен бірге «дөңгелек үстел» отырыстары, қоғамдық тыңдаулар, пікірталас алаңдары өткізіліп, әртүрлі көзқарастарды ашық талқылауға мүмкіндік берілуде. Әлеуметтік жобалар мен жергілікті бастамаларды қолдау да азаматтық белсенділікті күшейтудің бір жолы болып отыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы тұрғындардың құқықтық сауаттылығы артып, өз құқығы мен мүмкіндігін жақсырақ түсіне бастады. Бұл да қоғамның біртіндеп белсенді әрі жауапты болуына ықпал етуде. Қорыта айтқанда, Мойынқұм ауданында тұрғындардың қоғамдық белсенділігі жоғары және ол түрлі форматта көрініс табуда. Ең бастысы халықтың талап-тілегі тыңдалып, кері байланыс жүйесі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта осы тетіктер одан әрі жетілдіріліп, билік пен халық арасындағы байланыс нығая түссе, жергілікті әрі елдік мәселелерді бірлесе шешу әлдеқайда тиімді болары анық.
– Президент жаңа Парламент депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланатынын айтты, бұдан не түйдіңіз? Бұл партиялардың аудандық деңгейдегі рөлін күшейтеді деп ойлайсыз ба?
Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси жүйеге қатысты маңызды бастамаларды ортаға салды. Соның ішінде бір палаталы Парламент құруға байланысты ұсыныстар мен нақты бекітілген өзгерістерге кеңінен тоқталды. Президент бұл бастаманың негізгі мақсаты – мемлекеттік басқаруды тиімді ету және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, жұмыс тобының талқылауы барысында Парламенттегі депутаттар санын 500-ге дейін көбейту туралы ұсыныстар болған. Алайда бұл мәселе жан-жақты сараланып, соңғы шешім ретінде бір палаталы Парламент құрамында 145 депутаттың болуы ұйғарылған. Енді депутаттар 5 жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар Парламенттің құрылымы да ықшамдалып, оның құрамында 8 комитет жұмыс істейтін болады. Заң қабылдау үдерісі де реттеліп, үш кезеңнен тұратын нақты тәртіп енгізіледі. Бұл өзгерістер заң шығару жұмысын жүйелі әрі ашық етуге бағытталған. Яғни заң жобалары асығыс қабылданбай, бірнеше сүзгіден өтіп, жан-жақты талқыланатын болады. Мұның өзі қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Президент сөзінде тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Енді Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау бірыңғай Парламент депутаттарының келісімімен жүзеге асырылмақ. Осы арқылы Парламенттің елдегі маңызды мемлекеттік институттар жұмысына ықпалы күшейеді деген ойдамын. Аталған бастама билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейді. Сондай-ақ судьялар мен мемлекеттік органдар басшыларын тағайындау кезінде Парламенттің рөлін арттыруға бағытталған. Яғни бұрын бұл өкілеттіктер Мәжіліс, Сенат және Президент арасында бөлініп келген болса, енді ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес тағайындау рәсімдері бірыңғай Парламент арқылы келісілетін ортақ тәртіпке көшіріледі. Ұсынылған реформа аясында Парламент депутаттарына Президенттің ұсынуымен Жоғарғы соттың барлық судьяларын бекіту құқығын беру де қарастырылып отыр. Қазіргі таңда бұл өкілеттіктің бір бөлігі Сенаттың құзыретінде. Ал жаңа бастама сот жүйесіне Парламенттік бақылауды күшейтіп, оның ашықтығы мен тәуелсіздігін арттыруды мақсат етеді.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістер елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы жауапкершілікті нақтылауға және қоғам алдындағы ашықтықты күшейтуге бағытталған деуге болады. Қабылданатын реформалар уақыт талабына сай болып, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға қызмет етпек.
Келесі сұрағыңызға келсек, жұмыс тобы шеңберінде партиялардың аудандық деңгейдегі жұмысы қарқынды әрі нақты жүргізілуде. Қысқа уақыттың ішінде бірнеше толық форматтағы отырыс өтті. Алайда «пікірталаста шындық туады» дегендей, дәл осы ашық диалог ұсынылған шешімдерді тереңірек талдауға, әрбір мәселені – жаңа Парламент моделінен бастап заң шығару және парламенттік бақылау тетігіне дейін – сапалы пысықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда аудандық деңгейдегі партиялардың рөлі– жұмыс тобының құрамында барлық саяси партиялар, конституциялық құқық саласындағы сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері бар. Сонымен қатар азаматтардың өзі де белсенді қатысуда: ұсыныстар e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түсуде. Талқылау тар шеңберде емес, кең қоғамдық алаңда жүріп жатыр. Бұл – қағидатты мәселе. Өйткені Президент атап өткендей, тағдырлы өзгерістер бойынша түпкілікті шешім жабық кабинетте емес, жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы тиіс. Соңғы бағаны біздің жұмысымызға халық өзі береді.
– Депутаттардың кәсіби деңгейі мен жауапкершілігі басты назарда. Аудандық деңгейде депутаттардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілгенін қалайсыз?
– Халықпен тиімді байланыс орнату және депутаттардың өз білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіріп отыру мәслихат жұмысының нәтижелі болуының басты кепілі деп санаймын. Негізінде депутат халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім қабылдауға қатысатын тұлға болуы керек. Ал ол үшін заман талабына сай білім мен кәсіби дайындық қажет. Осы мақсатта VІІІ шақырылған Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаттары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облыстық филиалында арнайы семинар мен біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқыту «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбында ұйымдастырылып, депутаттардың жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Семинар мен оқу курстарына облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары қатысып, бюджеттік саясат, құқықтық реттеу, сондай-ақ халықпен қарым-қатынас жасау мәдениеті мен этикасы сияқты маңызды мәселелерді тереңірек зерделеді. Бұл тақырыптар депутаттардың күнделікті жұмысында жиі кездесетін, әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін бағыттар болып есептеледі. Әсіресе бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мен заң аясында шешім қабылдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Аталған семинар мәслихаттардың жалпы жұмыс тиімділігін арттыруды және олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын күшейтуді мақсат етті. Оқу барысында алынған білім мен тәжірибе депутаттарға өз округтеріндегі мәселелерді жүйелі түрде көтеруге, тұрғындармен ашық әрі түсінікті тілде сөйлесуге мүмкіндік береді.
Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасындағы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 21-3-бабында нақты көрсетілген. Аталған нормаға сәйкес, мәслихат депутаттары тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыру курстарынан өтуге толық құқылы. Мұны депутаттардың кәсіби дамуына заңмен берілген мүмкіндік десек болады. Оқу барысында жергілікті басқарудағы өзекті мәселелер, заңнамадағы соңғы өзгерістер, қоғаммен байланыс орнату, тиімді коммуникация және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру тақырыптары кеңінен қарастырылды. Мұның барлығы депутаттардың өз өкілеттіктерін сапалы орындауына, халық алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне және сайлаушылар сенімін ақтауға бағытталған.
Жалпы айтқанда, мұндай оқыту мен біліктілікті арттыру курстары мәслихат депутаттарының кәсіби деңгейін көтерумен қатар, жергілікті басқару жүйесінің сапасын жақсартуға, халықпен байланысты нығайтуға және нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
– Президент жастар, әйелдер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған квотаны сақтап қалуды ұсынды. Аудан тұрғысында осы топтардың өкілдігін қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылуда? Ауданның түрлі әлеуметтік топтары – жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз мәселелерін жеткізу үшін қандай мүмкіндіктерге ие?
– Президент Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын», – деді.
Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаттары арасында жастар, әйелдер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған квотаны сақтау мәселесі аудан деңгейінде де ескерусіз қалған жоқ. Қазіргі таңда аудандық мәслихат құрамында әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Атап айтқанда, әйелдер мен жастар санаты бойынша өкілдік қамтамасыз етілген. Ал ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қатысты кезінде депутаттарды сайлау барысында кандидаттар ұсынылмаған. Жалпы мәслихат құрамын қалыптастыру кезінде әлеуметтік теңгерімге мән беріліп, заңнамада көзделген талаптар сақталып келеді. Бұдан бөлек, аудан көлемінде жастардың, әйелдердің және мүгедектігі бар азаматтардың өз мәселесін көтеруіне мүмкіндік жасалған. Олар қоғамдық қабылдаулар, әкімдердің есептік кездесулері, мәслихат депутаттарының жеке қабылдаулары, сондай-ақ онлайн өтініш беру платформалары арқылы өз ұсыныс-пікірлерін жеткізе алады. Алдағы уақытта осы әлеуметтік топтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын арттыру, оның ішінде мәслихат жұмысына тарту бағытындағы істер өз жалғасын табатын болады.
Бір айта кетер жайт, Мойынқұм аудандық мәслихатының шешіміне сәйкес, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өз жұмысын тиімді жүргізу үшін бірқатар нақты шаралар қабылдады. Бұл бөлім ең алдымен халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмектің сапасын арттыруға мән береді. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сай, аталған бөлім мүгедектігі бар азаматтарға қажетті оңалту құралдарын ұсынуда. Яғни арбалар, арнайы құрал-жабдықтар, тұрмыста қажет болатын басқа да көмек түрлері белгіленген тәртіппен көрсетіледі. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған нақты қолдау. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды тек әлеуметтік көмекпен ғана шектемей, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту да қолға алынған. Осы бағытта «Ауыл аманаты» жобасы аясында бірқатар азаматтар жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастап, жеке ісін жүргізіп отыр. Бұл олардың өз табысын табуына, қоғамға белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында да аудан көлемінде нақты қадамдар жасалуда. Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығының жұмысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Аудандық мәслихаттың шешімімен аталған орталық қызметкерлерінің еңбекақыларына жергілікті бюджет есебінен ынталандыру үстемақысы белгіленді. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес қабылданған. Яғни жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандардың еңбегі ескеріліп, олардың жауапкершілігі мен жүктемесіне сай қолдау көрсетіліп отыр. Аталған шешім 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
– Президент реформаны ашық түрде талқылау қажеттігін атап өтті. Аудан тұрғындары парламенттік реформаның мәнін, кезеңдерін және өздерінің ықпалын қалай түсініп отыр?
– Президент конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін Құрылтайда еске салды. Осы кезең ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын, талқылау нәтижесін, сараптама қорытындыларын, ұсынылған түзетулердің жобаларын, сондай-ақ конституциялық реформаға қатысты азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеу керектігін жеткізді. Бір палаталы Парламентке көшу қазақстандық қоғамның қазіргі сұранысына толық жауап береді. Қоғам нақты, түсінікті әрі тиімді шешімдер күтеді, сондай-ақ сайлаушылар мүддесінің жоғарғы өкілді органда шынайы көрініс табуын қалайды.
– Аудандық деңгейде тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын қарастыру, оларды шешу механизмі қалай ұйымдастырылған? Әлеуметтік шиеленістер туындауы мүмкін жағдайлар бар ма? Егер бар болса, аудандық деңгейде олардың алдын алу үшін қандай нақты шаралар қолданылуда?
– Кез келген қоғамда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін жағдайлар болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Алайда Мойынқұм ауданында әлеуметтік ахуал тұрақты, жағдай үнемі бақылауда. Қазіргі таңда шиеленіске әкелетін жүйелі немесе ушығып тұрған мәселе тіркелген жоқ. Сонымен бірге, мүмкін тәуекелдердің алдын алу мақсатында аудандық деңгейде нақты шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Мысалы, халықпен кері байланыстың күшейтілуі, әкімдердің есептік кездесулері, қоғамдық қабылдаулар, көшпелі жиындар, тұрғындар көтерген мәселелердің жедел қаралып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілуі ауданда әлеуметтік ахуалды тұрақтандырып отыр. Тарқатып айтсақ, жергілікті халықпен тұрақты кеңестер мен жиналыстар өткізу – мәслихат депутаттарының халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз ететін басты тетіктердің бірі. Осы мақсатта әртүрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылады. Олардың қатарына консультативтік кеңестердің отырыстары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, коммерциялық емес ұйымдар мен басқа да мүдделі тараптар қатысатын қоғамдық тыңдаулар, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулар мен жұмыс кездесулері жатады. Аудан деңгейінде тұрғындар өз шағымдары мен ұсыныстарын бірнеше жолмен жеткізе алады. Соның ішінде ең тиімді тәсіл – «eOtinish.kz» порталы. Бұл жүйе арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, кез келген мемлекеттік органға үйден шықпай-ақ өтініш жолдауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар «Aitu» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшалары арқылы «e-Otinish» бөліміне кіріп, онлайн түрде өтініш беруге болады. Онлайн мүмкіндікті пайдалана алмайтын тұрғындар үшін дәстүрлі тәсіл де сақталған. Яғни аудандық мәслихаттың кеңсесіне барып, жазбаша түрде арыз-шағым немесе ұсыныс тапсыруға болады. Келіп түскен барлық өтініштер, шағымдар мен ұсыныстар мәслихатта қаралып, қажет болған жағдайда депутаттық сауал ретінде тиісті атқарушы органдарға, жергілікті атқарушы билікке және мекемелерге жолданады. Осылайша тұрғындардың көтерген мәселелері назардан тыс қалмай, заң аясында қаралуына мүмкіндік берілуде.
– Алдағы кезеңдегі басты басымдықтар қандай және тұрғындардың билікке сенімін арттыру үшін қандай нақты іс-шаралар жүргізу қарастырылуда?
– Депутаттар – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны атқарушы органдарға жеткізіп, мәселенің оңтайлы шешімін табу жолында депутаттардың еңбегі ерен. Халық аманатын арқалаған депутаттар бұл күнде ауданның өсіп-өркендеуі жолында өзіндік еңбегін сіңіріп, түрлі саладағы серпінді жұмыстардың жүзеге асуына ұйытқы болып келеді. Өңірдің өзекті мәселелері – елдің жүгін арқалаған азаматтарға ортақ іс. Бұл ретте депутаттар әріптестерімен бірге облыстық, аудандық мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссия отырыстарында тұрғындарды өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді шешу мақсатында ұсыныстар енгізіп, оның орындалуына атсалысып келеді. Аудандағы елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу секілді мәселелерге 2026 жылы басымдық берілді. Сондықтан халықпен етене жақын араласып, пікірлесіп, олардың ұсыныстарын қаперге алу – басты мақсат. Жалпы қазір атқарылып жатқан жұмыстың бәрі халықтың көз алдында.
2025 жылдың басынан бері 5 рет тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтіп, онда аудандық бюджетке өзгерістер енгізу, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы, ауызсу, елді мекендердегі көріктендіру, абаттандыру жұмыстары, егін егу жайы, аудан әкімдігінің ұсынған комиссия құрамдарына өзгерістер енгізу сияқты мәселелер қаралды.
Жалпы аудандық депутаттар өздері сайланған сайлау округтері немесе аудан орталығындағы кездесулерге белсенді қатысады, партиялық кестеге сәйкес қоғамдық қабылдаулар жүргізеді.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, депутаттық корпус көппартиялы болғанымен, біздің, яғни депутаттардың мақсаты бір. Ол – мықты экономика, құқықтық мемлекет, дамыған азаматтық қоғамды қолдау. Мәслихат дегеніміз тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Басқаша айтсақ, осы ауданда тұратын халықтың мұң-мұқтажын қорғап, олардың қалауы мен ықтиярын білдіреді, берген аманатын орындайды. Сонымен бірге, жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып ауданда қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілеп, оның орындалу барысын бақылайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым Сырғабаев