Даму жолындағы нақты қадам
Егемен еліміз тәуелсіздік жылдарында мемлекеттілікті нығайтып қана қоймай, дамудың даңғыл жолына түсті. Бағамдап қарасақ, барлық салада ілгерілеу бар. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені жаңа дәуірдің сын-қатерлері біздің алдымызға өз талабын қойып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында тығырықтан шығудың тура жолын нұсқап, таяу жылдарда атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап берді.
Маңызды құжатта Президент: «Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан.
Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек»,-деп атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында да елімізді елеулі өзгерістер күтіп тұрғанын, алда ауқымды реформалар жүзеге асатынын айтты. Бұл тұрғыда Үкіметке үлкен сенім артылып отырғаны белгілі.
НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ҚОЛДАУҒА 8 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ БАҒЫТТАЛАДЫ
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет те аянып жатқан жоқ. Бұл тұрғыда жаңа бағдарламалардың әзірленіп жатқаны қуантады. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин негізгі басымдық – халықтың табысын арттыруға бағытталып отырғанын айтады.
Оның айтуынша, шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылмақ. Проактивті инвестициялық саясат жүргізіліп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңейтіледі. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады. Мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқаратын болады. Мәселен, экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтілді. Биыл холдингті 1 триллион теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қаржыландыруды ескере отырып экономиканың нақты секторы шамамен 8 триллион теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады.
Жаңа Салық кодексін енгізу бойынша да жұмыстар Үкіметтің тұрақты бақылауында. Кодекс қабылданған сәттен бастап жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық 20 өңірде 130 мыңға жуық бизнес өкілдерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылған. 1 500-ге жуық сұрақ келіп түскен, олар бойынша түсініктемелер берілді.
Сондай-ақ тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілуде. Кодекске қол қойылған сәттен бастап 1 400-ге жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде осы жылдың басынан бастап – 205 өтініш. Олардың көпшілігі қолданбалы сипатта болды және салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау, сондай-ақ жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелеріне арналды.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осы және алдағы жылдарға арналған жұмыстың негізгі бағдарлары – Мемлекет басшысы қойған басымдықтар мен міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыру, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы нарығында қазақстандық тауарларды ілгерілету жолындағы кедергілерді анықтау және жою. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары ұлттық деңгейде әрбір ел қолданатын мемлекеттік қолдау шараларының көлемі келісілген мәндерден аспауға тиіс екендігі туралы келісімге қол жеткізілді. Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және ілгерілету, сондай-ақ теңгерімді сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғаспақ.
ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ОСЫ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамытуға да баса назар аударып келеді. Биыл елімізде жаңа теміржол желілерінің құрылысы аяқталады. Ал Қызылорда – Жезқазған автожолындағы қозғалыс 2026 жылдың соңына дейін ашылады.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, теміржол инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол құрылысы жалғасуда. Алтынкөл – Жетіген, Жезқазған – Сексеуіл учаскелері жаңартылуда. Нсандардың құрылысы биыл бітеді.
Сонымен қатар вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары жалғасатын болады. Автожолдар бойынша барлық ірі жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Қызылорда – Жезқазған жобасы аясында қалған 208 шақырым учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда да құрылыс биыл аяқталады.
Ведомство басшысының айтуынша, биыл жаңа халықаралық авиамаршруттарды қайта бастау және ашу жоспарда бар. Сондай-ақ Вена, Рим, Шанхай және тағы басқа бағыттар бойынша рейстер ашылады.
Авиатранзитті ұлғайту үшін авиаотынның бағасын азайту шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз-Аэро» барлық әуежайларда қолжетімді.
КӨМІР ГЕНЕРАЦИЯСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖОБА ӘЗІРЛЕНУДЕ
Жуырда ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және бекіту қажеттігі туралы айтқан тапсырмасын ведомство орындауға кіріскенін хабарлады.
Министрдің сөзінше бұл жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациялау жобалары енгізілетін болады. Экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, «таза көмір» технологиясы негізіндегі жаңа көмір генерациясының жобаларына ерекше назар аударылады.
Жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы 3 жылу электр орталықтары жобаларының аяқталу мерзімдері өзгермейді және олардың жүзеге асырылуы министрліктің толық бақылауында. Әрбір жоба көмір және газ генерациясын дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жобада егжей-тегжейлі сипатталатын және тіркелетін болады. Бұдан бөлек, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында да осы салада бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру күтілуде.
Орта мерзімді перспективада геологиялық барлау портфелін газдың жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 триллион текше метр болатын 30 учаскеге дейін кеңейту көзделеді. Бұл өндірісті ұлғайту және болжамды ішкі сұранысты жабу үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50-ге жуық учаскесін электрондық аукциондарға шығару жоспарлануда. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру «QazaqGaz», «Самұрық-Қазына» және инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін болады. Еліміздің су-энергетикалық ресурстары картасын әзірлеу мәселесі бойынша жұмыстар Қауіпсіздік кеңесінің қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау аясында басталды. Министрлік елдің гидроэнергетикалық әлеуетінің бірыңғай цифрлық картасын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұлттық деңгейдегі цифрлық платформаға интеграциялау арқылы бастады.
Платформа гидрологиялық, жер бедері, инфрақұрылымдық және құқықтық деректерді біріктіріп, оңтайлы жобалық шешімдерді қалыптастыруға, болашақ стансалардың параметрлерін есептеуге және жобалауға дейінгі дайындық мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық құрылтайда авиаотын бағасы көрші елдердегі әуежайлармен салыстырғанда тым қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз екені айтылғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша авиахабтарды дамыту контексінде «әр ұшаққа» авиаотын тоннасының құны 1200-ден 940 АҚШ долларына дейін төмендетілді, одан әрі нысаналы төмендеуі тоннасына – 890 АҚШ доллары. Бұл отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға және «Air Atlanta», «Hungary Airlines», «One Air» сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын арттыруға мүмкіндік берді.
СУ РЕСУРСТАРЫ – МАҢЫЗДЫ РЕЗЕРВ
Солтүстік Арал теңізінің ауданын 34 текше километрге дейін, ал оның аумағын 4-5 жыл ішінде 3 913 шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда. Президенттің Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде теңізді сақтау жөніндегі шаралар туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтып берді.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал теңізін сақтау және гидроэнергетика әлеуетін пайдалану мәселесін көтеріп, су ресурстары – энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз етудің маңызды резерві екенін атап өтті. Министрдің сөзінше Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Өткен жылы Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім он жылдық келіссөздердің нәтижесі. Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық сулар мәселесі бойынша құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Осы құқықтық негізде екіжақты комиссиялар құрылып, тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз етуде. Дәл осы су дипломатиясы мен Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимдерінің нәтижесінде соңғы су аз жылдарында да Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су түсуі қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, министрлік Арал – Сырдария бассейнінде Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Сонымен қатар өңірде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар жерге енгізілді, бұл шамамен 500 миллион текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Көкарал бөгетінің, сондай-ақ Арал бассейнінің бүкіл су шаруашылығы секторының жобаларын жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін іс-шараларды жүзеге асыруға қаржыландыруды тарту жоспарланған.
Сонымен қатар министрлік Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы Кіші Оба, Қалжыр, Көксу, Тентек, Лепсі өзендеріндегі жалпы қуаты 1000 МВт-тан асатын 5 ГЭС-ті стратегиялық су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстар тізіміне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұдан бөлек, «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнымен республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда шағын ГЭС санын арттыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта шағын гидроэнергетика орналастыру әлеуеті 20 МВт болатын 29 гидротехникалық құрылыс іріктелді. Қазір Қарағанды облысындағы Самарқанд, Ақтөбе облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Қаракөл су қоймаларында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Президент белгілеген стратегиялық міндеттер еліміздің тұрақты дамуына бағытталған маңызды бағдар болып табылады. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда Үкімет тарапынан нақты қадамдар жасалып, түрлі салада жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атқарылған істердің нәтижесі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан көрініс табуда. Алдағы кезеңде қойылған мақсаттарды толық әрі сапалы орындау үшін мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы мен жауапкершілігі айрықша мәнге ие. Осы арқылы Қазақстанның орнықты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қаланады.
Асан ТІЛЕМІСОВ