Экономика

Салықтың да сан түрі бар

Өткен жылдың 18 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойғаны белгілі. Осы құжатқа салық жүйесін жаңартуға арналған бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтің айтуынша, негізгі жаңашылдықтардың бірі – сараланған салық мөлшерлемелері.

Бұл ретте табыс пен қызмет түріне қарай салынатын салық әртүрлі болады. Қосылған құн салығына (ҚҚС) келсек, ол да қайта қаралып, жүйесі жеңілдетіліпті. Сонымен қатар қымбат мүлік пен тауарларға да «Сән-салтанат салығы» салынады. Кәсіпкерлерге арналған арнайы салық режимдері де өзгерген, кейбірі оңтайландырылған. Салық жеңілдіктерін алу үшін ашық әрі нақты ережелер бекітілді, яғни ол кімге, қандай жағдайда берілетіні анық көрсетілген. Салық төлеу мен есеп жүргізу ісі де цифрландыру арқылы жеңілдеген, осының арқасында қағазбастылық азая түспек. Мемлекеттік органдардың жұмысында сервистік модельге көшу көзделген, бұл ретте салық органы жазалаушы емес, қызмет көрсетуші рөлін атқарады. Сонымен қатар салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды, осы арқылы кәсіпкерлердің уақыты үнемделеді.

Аталған департамент маманы мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына қатысты салық салу жөнінде жеке бап пайда болғанын айтады. Бұл ретте тиісті шарттарға сәйкес келетін заңды тұлғалар мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына жатады екен. Мәселен, заң бойынша мүгедектігі бар адамдардың ұйымы деп, егер жұмысшылардың жалпы санының 51 пайызын мүгедектігі бар адамдар құрайтын болса, бұл осындай ұйым болып есептеледі. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 51 пайызын құрауы керек. Мұндай ұйымдар корпоративтік табыс салығының сомасы бойынша жеңілдікті қолдана алады екен. Егер ұйымның кірісінің 90 пайызы мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен тауар сатудан, қызмет көрсетуден немесе жұмыстар орындаудан келсе және бұл кірістерді ұйым өз қызметіне жұмсаса аталған жеңілдікті пайдалануға құқығы бар. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар ұйымының жұмысшысы болып саналатын азаматтар басқа ұйымдарда жұмыс істемеуі керек. Осы талаптар сақталса КТС біршама мөлшерде азаяды. Атап айтқанда, мүгедектігі бар жұмыскерлер саны 3-тен 10-ға дейін болған кезде есептелген корпоративтік табыс салығы 50 пайызға төмендейді. Егер мүгедектігі бар адам болып есептелетін жұмыскерлер саны 10 және одан көп болған кезде есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуға болады.

КТС әртүрлі ставкаларын қолдану және бөлек есепке алуды жүргізу кезінде жеке салық салынатын кірістерді анықтау бойынша міндеттеме енгізілді. Аванстық төлемдер бойынша шек ұлғайды. Яғни, алдыңғы салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңде түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірісі алдыңғы қаржы жылының алдындағы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайтын салық төлеушілер аванстық төлемдерді төлемейді. Декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдер бойынша есеп алынып тасталды. 1 тоқсандағы аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады.

– Қазақстан Республикасында салық төлеушілер базасында қосылған құн салығы бойынша бірқатар тұлғаларды тіркеу есебіне қою жүргізілді. Атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын тұлғаларға 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымдар мен импортқа қосылған құн салығы 16 пайыздық мөлшерлеме бойынша салынады. ҚҚС бойынша есепке қою шегі 10 000 АЕК-ті құрайды. Медицина саласында дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, оларды жинақтаушылар, сондай-ақ техникалық қосалқы немесе компенсациялық құралдарды өткізу және медициналық қызметтерге қатысты айналым мен импортқа осы жылы 5 пайыздық, ал келер жылдан бастап 10 пайыздық төмендетілген ҚҚС ставкасы қолданылады. Сонымен қатар отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізуге де жеңілдік бар. Оған айналым мөлшері бойынша 10 пайыздық төмендетілген ҚҚС ставкасы белгіленген.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде, сонымен қатар Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттауға ҚҚС қолданылмайды. Бұған қоса дәл осындай талапта емдеу үшін медициналық қызметтер көрсету ісі де қосылған құн салығынан босаттырады. Осы жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-дан босату жойылды. Бұл дегеніміз, енді тұрғын үйді сатқанда немесе жалға бергенде ҚҚС төлеу қажет болады. Бұған дейін ҚҚС-тан босату тұрғын үй салу үшін пайдаланылатын тауарлар мен қызметтерді есептеуді күрделі еткен, бірақ ғимараттың тұрғын емес бөліктеріне ҚҚС салынып келген еді. ҚҚС-дан босатуды алып тастау салық есебін жеңілдетеді және тұрғын үй салу саласындағы әкімшілік ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы тұрғын үй үшін жеңілдіктер негізсіз және тиімді емес деп есептелген.

Дегенмен, ҚҚС-дан босату кейбір жағдайда қолданылады. Егер тұрғын үй-жайдың құрылысы басталған немесе пайдалануға қабылданған мерзімі 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін болса, тұрғын үйді сатқанда ҚҚС-дан босату қолданылады. Бұл құрылысшыға арналған жеңілдік. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша тұрғын ғимаратты (немесе оның бір бөлігін) жалға бергенде де ҚҚС-дан босату сақталады. Нақты айтқанда, медициналық тауарлар мен қызметтер үшін ҚҚС-тан босату сақталады, ал тұрғын үйді сату мен жалға беру бойынша бұрынғы жеңілдік көп жағдайда жойылған. Бірақ ескі құрылыстар мен бұрын жасалған шарттар үшін ол әлі де қолданылады.

Өткізу және импорттау бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. Өткізу жағынан ҚҚС-дан босату келесі айналымдарға қолданылады. Мысалы, ішкі туризм бойынша туроператор қызметтеріне (бұрын тек кіру туризмі ҚҚС-дан босатылатын), отандық басылымдардың кітаптары мен баспа түрінде кітап шығару қызметтеріне, сондай-ақ археологиялық жұмыстарға осындай мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Импорттау кезінде ҚҚС-дан босату келесі тауарларға қатысты. Атап айтқанда, олар – «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының заңы шеңберінде дамуға ресми көмек саласындағы оператор әкелетін тауарлар, Салық кодексінде белгіленген шарттарға сәйкес қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде технологиялық жабдықтар мен олардың жинақтаушы және қосалқы бөлшектері, әуе тасымалы кезінде әуе кемесі пайдаланатын жанар-жағармай материалдары.

Сонымен қатар арнаулы салық режимі қолданылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар ҚҚС-ға жатпайды.

Жеке тұлғалар салық төлеу кезінде әртүрлі жеке салықтық шегерімдерді қолдануға құқылы. Бұл шегерімдер азаматтың табысынан белгілі бір соманы азайтып, салық салынатын кірісті төмендетуге мүмкіндік береді. Бірінші әлеуметтік төлемдердің салықтық шегеріміне бірқатар санат жатады. Олар – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғалардың кірістерінен ұсталатын әлеуметтік аударымдар. Екіншісі – базалық салықтық шегерім. Ол айына 30 АЕК мөлшерінде белгіленген, бірақ күнтізбелік жыл үшін бұл шек 360 еселенген АЕК-тен аспауы тиіс. Бұл шегерім стандартты, барлық жеке тұлғалар үшін қолданылады және салықты есептегенде ең алдымен осы шегерімді есепке алады. Үшіншісі – әлеуметтік салықтық шегерімдер. Мүгедектігі бар адамдар үшін шегерім көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салық шегерімі 882 еселенген АЕК-тен 5 000 еселенген АЕК-ке дейін көтерілген. Сонымен қатар бірқатар тұлғаларға жылына 882 АЕК көлемінде шегерім қарастырылған. Олар – үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, оларға теңестірілген адамдар және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбек немесе мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай қызмет еткен және соғыстағы еңбегі немесе әскери қызметі үшін марапатталмаған азаматтар, он сегіз жасқа толғанға дейінгі мүгедектігі бар балалар, олардың ата-аналары, қорғаншылары немесе қамқоршыларының бірі осы санатқа жатады. Бұған қоса, өмір бойына «бала кезінен мүгедектігі бар адам» деп танылған адамдар, олардың ата-аналары, қорғаншылары немесе қамқоршыларының бірі, асырап алынған балалар үшін он сегіз жасқа дейін әрбір асырап алушы ата-ана, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдайтын отбасындағы әрбір ата-ана да аталмыш тізімге қосылған.

Сондай-ақ жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау процесін жеңілдету үшін және ЖТС бойынша асып кеткен салықты қайтару жағдайларын болдырмау мақсатында, оқу, медицина, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларға, көпбалалыларға арналған салық шегерімдерінің орнына стандартты шегерім қолданылады. Бұл шегерімді айына 30 АЕК-ке дейін ұлғайтып, стандартты шегерім ретінде есепке алуға болады. Сонымен қатар зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдері ЖТС салудан босатылған. Бұл дегеніміз, осы төлемдерге жеке табыс салығы алынбайды.

Мүліктің әртүрлі түрлері бойынша жеке-жеке баптар қарастырылған екен. Яғни, әрбір мүлік түрі үшін табысты есептеу және салық салу тәртібі бөлек белгіленген. Бағалы қағаздарды сату кезінде теріс немесе оң өсімді сальдо есептеледі. Бұл дегеніміз, егер бағалы қағаздардың бағасы өскен болса, пайда салыққа жатқызылады, ал құны төмендесе, керісінше, шығын ретінде есепке алынады.

Тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, тұрақ орындарын, қоймаларды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін сату кезінде мүліктің құнының өсуінен түскен табысты есептеу кезеңі 2 жылға дейін ұзартылды. Бұл салық төлеушілерге сату кезінде пайдасын нақты есептеуге көбірек уақыт беретін көрінеді. Талап ету құқығын басқа адамға беру жағдайында табысты есептеу кезеңі шарт жасалған күннен бастап, талап ету құқығын басқаға берген күнге дейінгі аралық 3 жылдан кем болмауы керек деп белгіленіпті.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша табысты есептегенде, талап ету құқығын алған күннен бастап, осы құқығын басқаға берген күнге дейінгі кезең үш жыл немесе одан аз уақыт болуы мүмкін.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ